Ақтөбе облысында Қорғаныс министрлігінің ұшқыштары су басқан ғимарат төбесіндегі адамдарды құтқарды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Әуе қорғанысы күштері әскери институтының Ми-8 тікұшақ экипажының шебер қимылының арқасында Ойыл ауданы Берсиев ауылының 15 тұрғыны құтқарылды.
Эвакуациялық іс-шаралар кезінде Ми-8 тікұшағының экипажы Берсиев ауылының шетіндегі қиын жағдай туралы рация бойынша хабарлама алды. Тасқынның кесірінен елді мекеннен кету мүмкіндігінен айырылған адамдар бұл кезде үлкен жылдамдықпен келген суға батып кеткен шаруашылық құрылыстың төбесінде болатын.
Экипаж жедел түрде әуеге көтеріліп, зардап шеккендер тұрған жерге жетті. Тікұшақ құрылыстың төбесінен бір метр қашықтықта көмек күткен адамдарды қабылдап, Ақтөбе қаласының әуежайына эвакуациялады, - деп жазылған хабарламада.