Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақтөбеде қаржы пирамидасын құрған топқа қатысты сот үкімі шықты. Халық арасында «Голд» деп аталып кеткен ұйымға жетекшілік еткен Ресей азаматы Павел Литвиненко енді 12 жыл түрмеде отыратын болады. Оның екі сыбайласы тоғыз және алты жылға бас бостандығынан айырылды.
Бұл қаржылық ұйымға қатысты тергеу екі жыл бұрын басталған еді. «Голд» деп аталатын пирамидаға 10 мыңнан астам адам ақша салған. Әсіресе Ақтөбе, Шымкент, Атырау мен Жаңаөзен қалаларының тұрғындары көптеп тартылған. Айналдырған екі айдың ішінде жұрттың 10 миллиард теңгесін жинап алған. Басында канадалық компанияға инвестиция саласыздар деп алдап, кейін бар ақшаны қалталарына басқан. Қаржы пирамидасын құрған Ресей азаматтары Павел Литвиненко мен Юрий Москвин қылмыс әшкере болғанда қашып, кейін ұсталды, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Біреуі 12 жыл, екіншісі кәмелетке толмаған баласы бары ескеріліп 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал осы топтың үшінші белсенді мүшесі Равиль Қазыбаев салымшылар шу шығарғанда Жаңаөзендегі кеңседен кетпей, біраз адамның ақшасын қайтарып бергені үшін жазасы жеңілдетілген. Ол алты жыл арқалап отыр. Бұл үшеуі «Голдқа» ақша салған жәбірленушілерге әлі 2 жарым миллиард теңге қайтарып берулері керек.
Сот үкімімен сотталушылар қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, Литвиненко 12 жыл, Москвинге 9 жыл, Қазыбаевқа 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар барлық сотталушылар 7 жыл мерзімге коммерциялық және қаржы ұйымдарында басшы лауазымдарды атқару құқығынан айырылды, – деді Ақтөбе облыстық сотының баспасөз хатшысы Гүлжанар Отарбаева.