Ақтөбеде қарапайым еңбек адамдары марапатқа ие болды

Бүгiн, 16:53
158
Бөлісу:
Ақтөбеде қарапайым еңбек адамдары марапатқа ие болды
Фото: Ақтөбе облысының әкімдігі

Ақтөбе облысында ауыл шаруашылығы еңбеккерлері мерекесінде әр ауданда тынымсыз еңбек етіп жүрген қарапайым жұмысшылар марапатталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Биылғы мерекедегі марапаттау шарасы облыс әкімдігінің ғимаратында өтті. Облыс әкімі Асхат Шахаров бір топ ауыл шаруашылығы еңбеккеріне мемлекеттік және Ауыл шаруашылығы министрлігінің ведомстволық наградаларын табыстады. Марапатталғандар қатарында аудандардағы шаруашылықтардың басшылары мен малшылары, механизаторлары мен сауыншылары бар. Мәселен, мерекелік марапатқа ие болғандардың бірі — Қарғалы ауданындағы «Степное» ЖШС малшысы Батырхан Төлеуов. Ол ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденін алды.

«Степное» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде жұмыс істегеніме он жыл болды. Осы қожалықтың малын бағамын. Бүгінде серіктестікте 40 шақты жұмысшы бар. Жалақымызды уақытылы аламыз, жалпы шаруашылықта ешқандай проблема жоқ. Барлық жұмысшыға қолайлы жағдай жасалған. Қазір осы жерден тапқан табысыммен отбасымды асырап отырмын. Еңбек еткен адам ғана жетістікке жететіні анық. Міне, бүгін облыс әкімінің қолынан марапат алып отырмын. Өте қуаныштымын, — дейді Батырхан Төлеуов.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембайдың айтуынша, өңірде ет, сүт өнімдері жеткілікті. Жыл сайын мал саны артуда.

Биыл облыста 2,5 пайызбен сүт-тауарлы ферма салуға несие берілді. Ферманың құрылысы жыл соңына дейін аяқталады. Сондай-ақ 800 ірі қараға арналған голландиялық технологиямен сүт өндіру ісі қолға алынуда. Егін де биыл жақсы шықты, 600 мың тонна өнім алынды. Облыста жылқы шаруашылығы институты да ашылып отыр. Бүгінде облыста 330 мың жылқы болса, оның 50 мыңы — асыл тұқымды, — дейді ол.

Өзгелердің жаңалығы