Ақтөбеде оңтүстік айналма автокөлік жолының екі жолағы ашылды

9 Қазан 2022, 19:03
1209
Бөлісу:
Ақтөбеде оңтүстік айналма автокөлік жолының екі жолағы ашылды

Ақтөбе қаласындағы оңтүстік айналма автокөлік жолының екі жолағы ашылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ақтөбеде салынып жатқан Оңтүстік айналма автокөлік жолының 2,9 шақырымы жоспарланған мерзімінен бұрын ашылды. 

Осыған дейін облыс әкімі Ералы Тоғжанов жауапты басшылар мен мердігер ұйымға жолдың екі жолағын автокөлік кедергісіз өтетіндей етіп қазанның 15-не аяқтап тапсыруды міндеттеген болатын.  Әсіресе бұл шешімді 3 жылдан астам уақыт бойы жол азабын көріп келе жатқан 41-разъезд, Ясный елді мекені тұрғындары зор қуанышпен қабылдап, тағатсыздана күткен еді. Ералы Тоғжанов бірден мәселенің мән-жайын анықтап, ақтөбеліктер үшін кезек күттірмейтін проблеманы шешуге тапсырма берген болатын. Себебі жолсызға айналған бұл жолдың жөнделуінің жылдарға созылғаны қызметіне кіріскен алғашқы күннен бастап облыс әкімін алаңдатты. 

Ал бүгін жолдың екі жолағының ашылғанын өзі барып көріп, жауапты басқарма басшылығына және мердігерге 4 жолақты жолдың қалған бөлігіндегі жұмыстар қарқынын жеделдетуді тапсырды. 

Көлік қозғалысы үшін төрт жолақтың екеуі ашылып отыр. Бұл - халықтың бізге қойған ең негізгі талаптарының бірі. Әсіресе осы жолға жақын елді мекендерде тұратын халық күн сайын сұрап отырғанын білемін. Сондықтан біз жұмыс кестесін барынша мерзімінен бұрын орындауға тырыстық. Жолдың екінші бөлігінде жұмыс тоқтамайды. Салқын түскенше мердігер жолдың негізін салып аяқтауға уәдесін берді. Барлық жұмысты бақылауда ұстайтын боламыз, - деп түйіндеді өңір басшысы Ералы Тоғжанов.

Өзгелердің жаңалығы