Ақтөбеде найзағай түсіп құлаған жігіт ауруханада жатыр
21 Мамыр, 17:05 841

Ақтөбеде найзағай түсіп құлаған жігіт ауруханада жатыр

Ақтөбе облысы. BAQ.KZ тілшісі. Ақтөбе қаласынан 30 шақырымдай қашықтықта орналасқан Белогорка ауылында 2007 жылы туған жасөспірім мен 27 жастағы жігітке найзағай түсті. Оқиға орнында жасөспірім көз жұмды. Ал ер адам ауруханада жатыр. 

Оқиға туралы кеше кешкісін сағат 19.15-те облыстық төтенше жағдайлар департаментінің кезекшілік-диспетчерлік қызметіне ақпарат келіп түскен. Департамент мамандары оқиға орнына барып, жағдайдың мән-жайын анықтады. 

Белгілі болғандай, жасөспірім мен жігіт жауын кезінде көшеде жүрген. Екеуіне бірдей жай түскен. Жасөспірім бірден көз жұмған. Ал 27 жастағы жігіт Ақтөбе қаласындағы медициналық жедел жәрдем ауруханасына жеткізілген. Қазір науқас ауруханада жатыр, жағдайы қалыпты.

Найзағай түскеннен кейін науқастың жағдайы хал үстінде болды. Денесінде ашық жаралар болмағанымен, екі қолында және жіліншігінде дақтар бар. Найзағай соққанда, ең алдымен, жүрек ырғағы бұзылады, аритмия пайда болады. Сондықтан науқасқа ЭКГ берілді, электролиттер жасалды, жағдайы бақылауда. Алдағы уақытта асқынулар болмаса, ауруханадан шығады, – деді Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев.

Айта кету керек, бұл - биыл облыста найзағайдан болған алғашқы жағдай. Былтыр осы уақытта Ақтөбе облысының Шалқар ауданында Мәдениет үйіне найзағай түсіп, ғимарат толық өртеніп кеткен болатын.

Ақтөбеде жаңбыр толастамай тұр. Сондықтан біз қазір облыс тұрғындарына жауын жауып, найзағай ойнағанда, ағаштар мен электр желілерінің жанында тұрмауды, өзен-көлге шомылмауды, сондай-ақ металл бұйымдарын ұстап жүрмеу керектігін айтып, ескерту жасап жатырмыз, — дейді Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз хатшысы Гүлжанат Нағиметова. 

Еске сала кетейік, найзағай түсіп қайтыс болған жасөспірім туралы осыған дейін хабарлағанбыз.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...