Ақтөбеде медбике қателесіп, 42 балаға басқа вакцина салып жіберген

28 Қыркүйек 2022, 18:15
2735
Бөлісу:
Ақтөбеде медбике қателесіп, 42 балаға басқа вакцина салып жіберген

Осыдан бірнеше күн бұрын Ақтөбе қаласындағы №74 мектептің 42 оқушысы мантудың орнына Бцж екпесін алғаны туралы ақпарат тараған болатын. Бүгін осы оқиғаға байланысты облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы арнайы брифинг өткізді, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаевтың айтуынша, мұндай жағымсыз жағдайдың болуына мектеп медбикесі кінәлі. Ол балалардың ағзасында туберкулездің бар-жоқтығын анықтайтын мантудың орнына осы ауруға қарсы тірі вакцина салып жіберген. Ең қызығы, мұны балалар да, ата-аналар да кеш білген. Вакцина алған оқушылардың қолдары ісіп, іріңдеген соң ата-аналары мамандарға шағымданыпты. Ал мұны көріп-білген медбике өз ісін жасыруға тырысқан, балалардың қолына мазь жағып, оны дәкемен таңып беріпті. 

Осы оқиғаға байланысты прокуратура тарапынан қылмыстық іс ашылды. Осы жағдайдың мән-жайын анықтау үшін біз арнайы комиссия құрдық. Қазір тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алдын ала мәліметтерге сүйенсек,  мектеп медбикесі -16 жыл еңбек өтілі бар медицина қызметкері. Аталған мектепте үш жылдан бері жұмыс істейді. Оның қандай себеппен немесе қалай қателесіп балаларға вакцина салғандығы анықталып жатыр. Айта кету керек, манту сұйық инъекция болса, вакцина -ұнтақ, оны егу үшін алдымен дайындау керек. Медбикенің үстінен қарайтын дәрігер-педиатрдың айтуынша, ол манту салардың алдында жалпы саны 50 баланы қабылдап қараған. Оның сегізіне манту салуға қарсы анықтама да берген. Қалған 42 балаға манту салу туралы шешім қабылдаған. Алайда медбикенің қандай инъекция салып жатқанын бақыламаған, — дейді Рүстем Исаев.

Белгілі болғандай, №74 орта мектеп мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында «Medicus Center» медициналық мекемесіне берілген. Яғни, осы медициналық мекеменің мамандары мектеп оқушыларына екпе салатын болған. 

Өздеріңіз білесіздер, бүгінде әр өңірде кәсіпкерлер жеке емхана ашып, мемлекеттік тапсырыс алып жұмыс жасап жатыр. Бұл мекеме де осындай бағытта жұмыс істейді. Қазір бұл мекемеге осы бір ғана мектеп қарайды. Негізінен, бұл орталық медицина саласында 1999 жылдан бері жұмыс жасап келеді. Бұған дейін бұл мекемеде осындай олқылықтар болған жоқ. Қазір біз жағдайды жан-жақты қарап, тексеріп жатырмыз. Негізінен бұл — адами фактор. Медбике қателесіп, балалардың иығына салынатын вакцинаны манту ретінде қолына салып жіберген. Медициналық көрсетілімдер жағынан алып қарсақ, бұл вакцинаның адамның денсаулығына аса қаупі жоқ. Керісінше, бұл екпе туберкулезге қарсы адам ағзасында иммунитет түзейді, — дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы.    

Брифингте басқарма басшысы бүгіннен бастап басқарма өкілдері ата-аналармен және оқушылармен тікелей жұмыс жасайтындығын, бұл жағдай тікелей өзінің бақылауында екендігін жеткізді. Тіпті, басқарма тарапынан құрылған комиссияға зардап шеккен балалардың ата-аналары да енгізіліпті. Алда қате жіберген медбикеге қандай шара қолданылатыны белгісіз. Дегенмен ата-аналар мұндай жағдайдың қайталанбауы үшін дәрігерлердің өз істеріне жауап бергендерін қалайды. 

Айта кету керек, балаларға салынған вакцина «СК Фармация» ЖШС арқылы сатып алынған. Екпені өндіруші ел – Үндістан. 

Өзгелердің жаңалығы