Ақтөбеде көкөніс пен жеміс-жидек бағасы неге қымбат?

5 Маусым 2024, 16:12
623
Бөлісу:
Ақтөбеде көкөніс пен жеміс-жидек бағасы неге қымбат?
Фото: автордан

Бүгінде Ақтөбе қаласындағы коммуналдық базарлар мен сауда желілерінде көкөніс пен жеміс-жидектің бағасы шарықтап тұр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Біз осы орайда халық көп баратын және бағасы да басқа орындарға қарағанда қолжетімді Орталық базарға барып, бағаларды бағамдап қайттық.

Орталық базардағы «Апельсин» павильонының сатушысы Зоя Әлжанқызының бұл салада жұмыс істеп келе жатқанына 15 жылдан асқан. Оның айтуынша, қазір көкөністің де, жеміс-жидектің де сапасы төмендеп барады, ал бағасы сапасына сай емес. Дегенмен кәсіпкерлер табыс табу үшін шет елдерден әкелінген өнімдерді сатуға мәжбүр. Сатушылар болса сатқан өнімінің үстінен азын-аулық пайда көреді.

Менің бұл салада жүргеніме көп болды. Шыны керек, кейде шаршаймын. Халық біздің еңбегімізді түсінбеуі мүмкін. Себебі біз күн сайын таңертең ерте тұрып, 41-разъездегі көтерме базардан осында тауар тасып әкелеміз. Қаншама уақытымыз, ақшамыз, күшіміз соған кетеді. Сосын таңнан кешке дейін отырып оны сатамыз. Сонда үстінен көретін пайдамыз — әр өнімнің келісіне 15-20 теңге. Жеміс-жидектің бір жақсысы халық тез алып кетеді. Әсіресе, мереке күндері, демалыс кезінде мұнда келетіндердің қарасы көп, — дейді Зоя Әлжанқызы.

Оның айтуынша, қазіргі шақ жеміс-жидектің науқаны болғандықтан, тұрғындар аз да болса биылғы өнімдерді сатып алады. Әсіресе, қазір базарда шие мен құлпынай, шабдалы тез өтіп кетеді екен.

Ақтөбеде көкөніс пен жеміс-жидек бағасы неге қымбат?

Біздің павильонда көкөніс те, жеміс-жидек те бар. Әр сатушы әр түрлі баға қояды. Мен мейлінше қымбат баға қоймауға тырысамын. Себебі барлық адамның қалтасы көтермейді, қазір ақшасы толып жүрген адам жоқ. Қазіргі таңда алманың бір келісін — 550-650, өрікті — 800-1200, алмұртты — 1200-1300, жүзімді — 1500-2500, шабдалыны— 1500-1800, шиені —2500, алхорыны — 1000-1300, ал қызанақ пен қиярды 500-600 теңгеден сатып жатырмыз. Өзімнің жиі келетін тұтынушыларым бар. Олар өздері таңдап, қажетін пакеттеріне салып алады. Бірінші келген тұтынушыларға өзіміз салып береміз. Осы күнге дейін тұрғындардан өнімдердің сапасына қатысты ешқандай шағым болған жоқ. Дегенмен бағаға қатысты пікір білдіріп кететіндер бар. Біз оларға бағаны нарық қоятынын, өнімдерден көп пайда көрмейтінімізді айтып түсіндіреміз, — дейді сатушы Зоя.

«Апельсин» павильонының тағы бір сатушысы Сая Жолайбекованы сөзге тарттық. Ол бағаның жыл сайын көтерілуі инфляцияға байланысты екенін, екінші жағынан, Ақтөбеде ешқандай жеміс түрлері өсірілмейтінін, соның салдарынан шетелден келетін өнімдердің бағасы қымбат екенін жеткізді.

Біздің өңірімізде картоп, қияр мен қызанақтан басқа көкөніс өсірілмейді. Жеміс ағаштарын егетіндер өте аз. Олардың өнімі бізге түспейді. Бізге жеміс-жидектің дені Өзбекстан, Түркия, Тәжікстан, Эквадор елдерінен келеді. Сапасына келсек, жаз айларында кейбір жемістер босауы мүмкін. Дегенмен біз сапалы өнім сатуға тырысамыз. Жалпы, тұтынушылардан шағым жоқ, — дейді Сая Жолайбекова.

Біз Орталық базарға келіп, сауда жасап жүрген екі-үш тұрғынмен тілдескен едік. Олардың барлығы жеміс-жидек пен көкөністердің бағасына қатысты наразылығын жеткізді.

Ақтөбеде көкөніс пен жеміс-жидек бағасы неге қымбат?

Әр аптаның сенбісінде келіп, осы базардан азық-түлік сатып аламын. «Анвар» және «Дина» сауда желілеріндегі өнімдердің сапасына көңілім толмайды. Сондықтан «Апельсин» мен көкөніс павильонынан жеміс-жидек және көкөніс сатып аламын. Мұнда баға аталған сауда желілерінен арзандау әрі сапалы. Қазір бір қарасаң, барлық жер қымбат, арзан өнім сататын сауда орны жоқтың қасы, ал қымбат бағаға алған тамақты бір демде жеп, тауысып қоясың. Тіпті, не дерімді білмеймін. Бір жағынан сатушыларды кінәлағың келмейді, екінші жағынан базар бағасына көңілің толмайды. Жалақы аз, азық-түлік қымбат, бәрін үнемдеуге тура келеді, — дейді Ақтөбе қаласының тұрғыны Әсем Қуанқызы.

Ал зейнеткер Асыл Жеткергенова ай сайын зейнетақысының 70-80 пайызын азық-түлікке жұмсайтынын айтады. Оның қатарында көкөніс те, жеміс-жидек те бар.

Қазір нағыз жеміс-жидектің пісіп жатқан уақыты. Сондықтан балаларға да, өзімізге де алғымыз келеді. Шамамен есептеп қарсам, ай сайын зейнетақымның 3/2 бөлігін азық-түлікке жұмсайды екенмін. Үйде екі немерем бар. Бірі биыл 1-сыныпты бітірді, екіншісі балабақшаға барады. Күн сайын соларға банан, құлпынай, шие апарып беремін. Балалар «таңсық ас» болған соң жақсы жейді, — дейді кейуана.

Асыл әже ай сайын шамамен 150 мыңға жуық зейнетақы алатынын айтады. Кезінде білім саласында жұмыс істеген кейуана қазір 3 ұрпағынан 10 шақты немесе сүйіп отыр екен. Жолдасы бірнеше жыл бұрын өмірден өткен.

Қазір тамақтың құнарлылығы аз, сапасы төмен. Өнімдердің барлығы шет елдерден келеді. Сондықтан болар, баға жыл сайын шарықтап барады. Жеке кәсіпкерлерге «тәйт» деп жатқан ешкім жоқ. Нарық заманы ғой деп өзімізді алдаймыз. Біреуді кінәлаудан аулақпын, дегенмен тәртіп керек. Біз сонау кеңес үкіметі кезінде өмір сүрген адамдармыз. Ол кезде барлығы бақылауда болатын. Біреу біреудің ақысын жемейтін, өтірік айтпайтын, саудагерлер жанашырлықпен қарайтын. Қазір бәрі ақшаға қарап тұр ғой, — дейді Асыл әже.

Айта кету керек, биыл Ақтөбеде картоп пен пияздың, қырыққабат пен қызылшаның бағасы қымбаттады. Атап айтсақ, қазір Орталық базарда картоптың бір келісі — 200-300, пияз — 150-200, қызылша — 350-500, қырыққабат — 150-200, сәбіз 300-350 теңгеден сатылып жатыр. Ал қияр мен қызанақтың бағасы әлі 400-500 теңгеден түспей тұр.

Ақтөбе облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Алмас Салықбаевтың айтуынша, бүгінде жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуін тежеу және оған жол бермеу жөнінде тиісті шаралар қабылдап жатыр.

Басқарманың сауда бөлімі апта сайын статистика департаменті мамандарымен бірлесіп, облыс бойынша әлеуметтік маңызы бар тауарлардың 19 түріне мониторинг жүргізеді. Мониторинг барысында мамандар тауардың қолжетімді бағасы мен оның түрлерін тексереді. Мәселен, кез келген дүкенде белгілі бір тауардың арзан және қымбат түрлері болуы мүмкін. Осы орайда біз тұрғындардың қаржылық жағдайына қарай арзан тауарды алуына жағдай жасауымыз керек. Қазір мамандар сауда орындарында әлеуметтік маңызы бар тауарлардың әр түрлі позицияларын қарап, сараптауда. Мәселен, макарон өнімдерінің 8 түрі болуға тиіс. Ал көкөніс пен жеміс-жидекке келсек, қазір облысымызда көкөніс бағасы өсіп тұр. Бұған басты себеп — сақтау қоймаларындағы көкөністердің ұзақ мерзімге жетпеуі. Бүгінге бұл жерде сақталған көкөніс түрлері сауда желілерінде сатылып жатыр, дегенмен барлық тұрғынды қамтамасыз етпейді. Біздің өңірге оңтүстік өңірлерден биылғы өнімдер әкелініп жатыр. Ал олардың бағасы қымбаттау. Қазір «Анвар», «Дина» сауда желілерінде картоптың бір келісі 162 теңгеден сатылуда. Алайда тұрғындар қай өнімді таңдайды, өздері біледі. Жалпы, Үкіметтің басты мақсаты — өңірлерде арзандатылған өнімнің болу мәселесі. Сондықтан қазір тұрақтандыру қорында картоп та, пияз да, қант та бар, — дейді Алмас Салықбаев.

Оның айтуынша, бүгінде Ақтөбе облысында халықты қолжетімді бағада азық-түлікпен қамтуда екі тетік іске асырылуда: айналым схемасы және тұрақтандыру қоры. 

Биыл бюджеттен тұрақтандыру қорына 3,0 миллиард теңге (картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат, күнбағыс майы, түйіршіктелген қант, қарақұмық жармасын сатып алу үшін) және айналым схемасы бойынша қарыз беру үшін 3,9 миллиард теңге қаржы бөлінген. 

Атап айтсақ, «Айналым схемасы» шеңберінде бүгінде 252 миллион теңгеге 300,0 тонна күнбағыс майын («Болат ЛТД» ЖШС), 800,0 миллион теңгеге 1250,0 тонна сиыр етін («Айбек ӘКК» және «Арман-М» шаруа қожалығы), 35,0 миллион теңгеге 250,0 тонна 1-сортты ұн жеткізуге арналған шарт жасалған. 

Сондай-ақ мөлшері 38,3 миллион теңгеге 150 тонна макарон өнімдерін («Рамазан» ЖШС), «Ақсу-Қант» зауытымен 1185,0 миллион теңгеге 2,5 мың тонна қант, 450,0 миллион теңгеге 500,0 тонна тауық еті («N-Corp» ЖК), 544,0 миллион теңгеге сүт өнімдеріне (сүт — 143 тонна, айран — 103 тонна, сүзбе —105 тонна, сары май — 106 тонна), 460,0 миллион теңгеге тауық жұмыртқасын («Рамазан Құс» ЖШС) жеткізу шарттарына қол қойылған.

Сондай-ақ, биыл сауда үстемесінің 15 пайыздан асуына жол бермеу мақсатында аудандар мен Ақтөбе қаласының әкімдіктері өндірушілермен, сауда желілерімен және бизнес субъектілерімен өзара тиімді ынтымақтастық және әлеуметтік маңызы бар тауарларға 15 пайыз сауда үстемесін сақтау туралы 600-ден астам меморандум жасасты. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуі анықталған жағдайда сауда үстемесін асырғаны үшін кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты материалдар Ақтөбе облысы бойынша азық-түлік тауарларына баға белгілеудің бүкіл тізбегі бойынша делдалдық схемаларды тергеу жөніндегі өңірлік комиссияның отырысында қаралады. Биыл жыл басынан бастап Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 204-4.1-бабы бойынша сауда үстемесін асырған 42 адамға әкімшілік құқық бұзушылық хаттамасы толтырылды. Сондай-ақ ескерту түрінде және осы Кодекстің 204-4.2-бабы бойынша айыппұл түрінде 3 кәсіпкерге әкімшілік жаза қолданылды, — дейді басқарма басшысы.

Қалай десек те, баға ырыққа көнбей тұр. Ал жеміс-жидек пен көкөністің сапасы қандай? Бұл туралы біз облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мамандарынан сұрап білген едік.

Ақтөбе облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Мейрамгүл Елеуованың айтуынша, көшеде, саудаға бейімделмеген жерде сатылып жатқан тағам өнімдерін тексеру департаменттің құзырына жатпайды. Оларды тексеру облыстық полиция департаментінің құзырында.

Биыл өңірде сауда нысандарына жоспарлы тексерістер жүргізілген жоқ. Себебі тұтынушылардан өтініштер түспеді. Қазіргі таңда Ақтөбе облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті облыс халқы арасында тағамнан уланудың алдын алу мақсатында кәсіпкерлік субъектілеріне және тұрғындарға тұрақты негізінде тағамнан уланудың алдын алу бойынша және қолданыстағы санитариялық ережелерді түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Себебі көктем-жаз айларында тамақтан улану қаупі артады. Себебі көшелерде, саудаға бейімделмеген жерлерде тез бұзылатын тағамдар, көкөністер, жеміс-жидектер, бақша өнімдері сатылатын орындар, жазғы қоғамдық тамақтандыру орындары өз жұмыстарын бастайды.Тамақтан улану және жедел ішек инфекцияларының өршуі халықтың денсаулығына кері әсер етеді. Жыл мезгіліне сай нитрат қалдықтары көкөністерде, жеміс-жидектерде, бақша өнімдерінде мөлшерден тыс анықталуының орын алуы әбден мүмкін. Себебі өнімдердің пісуін жеделдету үшін құрамында нитраттары бар тыңайтқыштар қолданылады, — дейді Мейрамгүл Елеуова.

Бөлім басшысының айтуынша, топырақта нитраттар артық мөлшерде болғанда, олар толығымен өңделмейді, өсімдік өнімдерінде жиналып адам ағзасына түседі. Асқазан ішек жолында нитраттар азотты қышқыл тұздарына нитриттерге айналады да, организмді улайды. Нитриттер гемоглобинмен әрекеттесіп, метгемоглобин қалыптастырады. Бұл зат тыныс алу орталығына зардабын тигізеді. Өйткені ол оттекті тасымалдауға қабілетсіз.

Нитраттардың ең үлкен концентрациясы көкөністерде, әсіресе олардың жапырақтарында, тамыр жемістерінде, бақша өнімдерінде байқалады. Адам ағзасына нитраттар тамақ арқылы түседі.

Осы орайда біз тұрғындардан ерте піскен көкөністерді, жеміс-жидектерді, бақша өнімдерін көшеден, саудаға бейімделмеген жерлерден сатып алмауға кеңес береміз. Сатып алған өнімдердің сапасын және қауіпсіздігін растайтын құжаттары болуы қажет (токсикологиялық зертхана сараптамаларынан өткендігі жөнінде анықтамасы, Кеден одағының сәйкестігі жөнінде декларациясы). Өнімдердегі нитраттың мөлшері термиялық өңдеу процесінде азаяды. Көкөністер мен шөптерді суға батыру да улану қаупін азайтады, — дейді бөлім басшысы.

Өзгелердің жаңалығы