Ақтөбеде кәріс ұлтының мәдениетіне арналған көрме ашылды

26 Тамыз 2022, 18:46
1388
Бөлісу:
Ақтөбеде кәріс ұлтының мәдениетіне арналған көрме ашылды
PHOTO
Фото: автордан

Бүгін Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Ақтөбе облысының корейлері: тарих және мәдениет» атты көшпелі көрме ашылды, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы  BAQ.KZ тілшісі. 

Аталған көрме Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасы арасындағы мәдени алмасу жылының аясында ашылып отыр. 

Көрмеге тарихи маңызы бар құнды жәдігерлер мен фотосуреттер қойылған. Атап айтсақ, көрме кәрістердің тұрмыстық және музыкалық саз аспаптары, ұлттық киімдері, діни сенім-нанымдарына заттары, түрлі кітаптар мен суреттермен жабдықталған. 

Ақтөбеде кәріс ұлтының мәдениетіне арналған көрме ашылды

Көрмеге келушілер кәріс халқының ХХ ғасырдың 30-жылдарындағы Қазақстан жеріне, оның ішінде Ақтөбе облысына депортациялану тарихымен танысып, олардың ұлттық мәдениеті туралы көп мағлұмат алды. Сондай-ақ Ақтөбе облысы кәрістер ассоциациясы жанындағы шығармашылық ұжым өнерпаздарының өнерін тамашалады. 

Биыл Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасы арасындағы мәдени алмасу жылы болып жарияланғаны белгілі. Сондай-ақ екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына отыз жыл, кәрістердің Қазақстан аумағына депортацияланғанына 85 жыл толып отыр. Осыған орай біз облыстағы кәрістер қауымдастығымен бірлесіп, бүгін керемет көрме ұйымдастырып отырмыз. Бұл көрме бір ай бойы облыс тұрғындарына ұсынылады. Көрмеде кәрістер ұлттық мәдениетінен мағлұмат беретін құнды дүниелер қойылды. Бүгін осы көрменің ашылу салтанатына облыстағы кәрістер, Ассамблея мүшелері, өлкетанушылар, мәдениет саласының қызметкерлері қатысып жатыр, — дейді Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Әлия Шалманова. 

Ақтөбе облысы кәрістер ассоциациясы жанындағы шығармашылық ұжымның көркемдік жетекшісі Галина Ажгалиеваның айтуынша, бүгінде Ақтөбе облысында 1300-ге жуық кәріс ұлтының өкілі тұрады. Олардың ішінде 200-ден астамы облыстағы кәрістер ассоциациясының құрамында мүше болып отыр. 

Ақтөбеде кәріс ұлтының мәдениетіне арналған көрме ашылды

Тарихқа көз жүгіртсек, біздің ата-бабаларымыз Ақтөбе облысының Қарабұтақ және Хромтау аудандарына көшірілген. Бүгінгі күні осы ауыл-аймақтарда, сондай-ақ облыс орталығында 1300-ге тарта кәріс тату-тәтті тұрып жатыр. Өткен ғасырдың 90-шы жылдарында Моисей Кимнің басшылығымен Ақтөбе облысыда корейлердің ұлттық-мәдени орталығы құрылды. Оның  төрағасы болып Моисей Ким сайланған болатын. Бастапқы кезеңде орталықтың негізгі мақсаты корей тілін үйрену, оның әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерін жаңғырту болса, қазіргі таңда бұл орталық осы өңірдің өсіп-өркендеуіне, қоғамдық жұмыстарына белсене атсалысып келеді. Мәселен, ұзақ жылдар бойы Ақтөбе облысының кәрістер ассоциациясының төрағасы қызметін атқарған Константин Цхай қазір жастардың бастамашысы, ақыл айтар ақсақалымыз, — дейді Галина Ажгалиева. 

Айта кету керек, биыл Алғыс айта күнінде Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен келген Корея Республикасының Төтенше және өкілетті Елшісі Ку Хонг-Сок және Корея Республикасы елшілігінің Консулы Ким Вон Йонның қатысуымен Тұңғыш Президент атындағы орталық саябақта «Ақтөбе облысы кәрістерінің қазақ халқына алғысы» мүсіндік композициясы орнатылған болатын. Аталған композицияның жалпы биіктігі 4,7 метр болса, ені — 4,5 метр. Онда қазақ және кәріс әйелінің мүсіндері бейнеленген. Депортация кезінде мыңдаған кәріс ұлтының өкілдерінің аман қалуына көмектескен қазақ халқының қонақжайлығының белгісі ретінде қазақ әйелі кәріс әйеліне ақ құйылған ыдысты ұсынып тұр. 

Өзгелердің жаңалығы