Ақтөбеде ерекше фестиваль өтті

30 Тамыз 2022, 12:23
1501
Бөлісу:
Ақтөбеде ерекше фестиваль өтті
PHOTO

28-29 тамызда Ақтөбе облысындағы Қарғалы су қоймасының аумағында «Qargaly Fest» музыкалық фестивалі, сондай-ақ «Qazaqman» триатлоны өтті, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

«Visіt Aktobe» туристік орталығы ұйымдастырған фестивальге облыс тұрғындары, әсіресе жастар белсене атсалысты.

Фестивальдің алғашқы күні триатлоннан өткен жарыста тұрғындар 2,5 шақырымдық жүзуден, 50 шақырымдық веложарыстан және 13 шақырымдық топтық және жеке жүгіруден бақ сынады. 

Ақтөбеде ерекше фестиваль өтті

1340 адам қатысқан жарыста үздіктер марапатталып,  өзге өңірлерден келген белгілі спортшыларға құрмет көрсетілді.

Фестивальдің екінші күнінде келушілерге қолөнершілердің ұйымдастыруымен көрме-жәрмеңкелер, түрлі спорт түрлерінен шеберлік сағаттар өткізіліп, тұрғындар мен облысқа келген қонақтар этноауылдарды аралап, дәмнен ауыз тиді.

Ал концерттік бағдарламада елімізге танымал жас әншілер - Qanay, Kali, Maqlao, Ka-Re, Abdr, “Орда” тобы, сондай-ақ облыстағы шығармашылық ұжымдары өнер көрсетті.

Ақтөбеде ерекше фестиваль өтті

Шараны тамашалауға келген жастардың бірі- Айым Нұртуған. Ол Мәртөк ауданынан арнайы келіпті.

Бұл шара туралы әлеуметтік желіден оқып, білдім. Фестивальдің алғашқы күні ерекше өтіп жатыр. Шараға танымал эстрада әншілері келеді дегенді естіп риза болдым. Өзім Qanay-ды сүйіп тыңдаймын. Жастарға осындай көңілді кештер көбірек ұйымдастырылса деген тілегім бар, -дейді ол.

Ал Ақтөбе қаласының тұрғыны Әбіл Тұрсынұлы осымен бұл фестивальге екінші рет қатысып отырғанын айтады.

Ақтөбеде ерекше фестиваль өтті

2019 жылы осы фестиваль қаламызда алғаш рет ұйымдастырылған болатын. Ол кезде де ерекше дүниелерді көріп, көңілді кешті отбасымызбен тамашалаған едік. Биылғы шара тіпті бөлек форматта өтті. Бәрінен бұрын елімізге танымал жас әншілер келіп, жастар риза болды. Сондай-ақ спорттық шаралар да көп ұйымдастырылды. Жалпы қазір Ақтөбе облысында ішкі туризмді дамытуға көп көңіл бөлініп келеді. Әсіресе, өңірде Қарғалы су қоймасының табиғаты ерекше әсем. Осындай шараны ұйымдастырған азаматтарға көп рақмет,-дейді ол. 

Фестиваль ұйымдастырушылардың айтуынша, екі күн ішінде шараға 25 мың адам қатысқан. Шара соңы мерекелік отшашумен аяқталды.

Өзгелердің жаңалығы