Ақтөбеде Домбыра күні қалай атап өтіледі?

1 Шілде 2023, 19:00
1359
Бөлісу:
Ақтөбеде Домбыра күні қалай атап өтіледі?
Фото: автордан

Ақтөбе облысында Ұлттық домбыра күніне орай жүзге жуық іс-шара өтеді, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Ақтөбе облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисованың айтуынша, биыл өңірде Домбыра күні кеңінен атап өтіледі. Бұл мақсатта облыстық деңгейде жүзге жуық шара ұйымдастырылады.

Ұлттық домбыра күнін мерекелеу жылма-жыл облыс бойынша кең көлемде аталып өтілетіні анық. Биыл бұл орайда ең үлкен шара мың домбырашының қатысуымен «Қазақ еліне мың алғыс» стелласы алаңында ұйымдастырылады. Шарада домбырашылар Құрманғазы Сағырбайұлының «Адай», «Сарыарқа», Түркештің «Көңіл ашар», Ахмет Жұбановтың «Би күйі», Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйлерін орындайды, — дейді ол.

Ақтөбеде Домбыра күні қалай атап өтіледі?

Басқарма басшысы Ақтөбе қаласы тұрғындары арасынан шараға домбырашыларды тарту мақсатында алдын ала хабарландыру жазылғанын айтады. Қазір бұл бағытта қарапайым тұрғындардан ұсыныстар түсіп жатыр. Сондай-ақ әлгі мың домбырашының қатарында облысқа танымал күйшілер, «Күйшілер одағының» облыстағы мүшелері, Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармониясының ұжымы мен қалалық мәдениет үйлерінің өнерпаздары, өнер мектептерінің оқушылары бар.

Шарада Қазақсан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Жайлау Асылханов, Мәдениет саласының үздігі Талап Хамзин, «Құрмет» орденінің иегері Бақытбек Зейнелов, танымал өнерпаз Құрманғазы Асылхановтың қатысуымен «Күй тартыс», сондай-ақ дәстүрлі әншілердің бірлесуімен «Ән шашу» концерттік бағдарламасы көрсетіледі, — дейді А.Юнисова.

Бүгін аталған «Қазақ еліне мың алғыс» стелласы алаңында киіз үйлер құрылып жатыр. Ертең осы киіз үйлерде қолөнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылып, облыстық деңгейде үлкен концерт өтеді.

Айта кету керек, былтыр Домбыра күніне орай өткізілген шара ҚР Тұңғыш Президенті атындағы орталық саябақта «Ұлтымның ұлы аспабы — домбыра» атауымен өткен-ді. Ол шарада 150 домбырашы бір мезетте «Ерке сылқым», «Балбырауын» күйлерін орындаған болатын.

Ақтөбе облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының берген деректеріне сүйенсек, ұлттық мерекеге орай шаралар аудан орталықтары мен қалаларда, сондай облыс орталығында бірнеше алаңда ұйымдастырылуда. Мерекелік концерттер бүгіннен басталуда.

Ұлттық домбыра күні елімізде бес жылдан бері тойланып келеді. «Нағыз қазақ — қазақ емес, нағыз қазақ — домбыра» деп, белгілі ақын Қадыр Мырзалиев айтқандай, кез келген қазақ баласы домбыраны шерте алуы керек. Қазір облысымызда домбыра үйірмелеріне барып, ұлттық өнерді насихаттап жүрген жастарымыз көп. Солардың қатары көбейсе, ұлттық мерекеде алаңда мың емес, одан да көп жас шығады. Осы тұрғыда мектептер мен қосымша білім беру ұйымдары жұмыстануы керек. Жалпы бұл мерекені өзім жақсы көремін. Осынау айтулы күнде барша қазақстандықтарды Ұлттық домбыра күнімен құттықтаймын, — дейді облысқа танымал дәстүрлі әншілердің бірі Қоянбай Тобағабылов.

Өзгелердің жаңалығы