Ақтөбе облысында күшті әсер ететін заттарды заңсыз сатумен айналысқан топтың қызметі тоқтатылды. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, ірі көлемдегі дәрі-дәрмектерді жеткізуді Алматыдағы дәріханалардың бірінде жұмыс істейтін фармацевт өзінің қызметтік мүмкіндіктерін пайдалана отырып ұйымдастырған.
Схема сырттай қарағанда кәдімгі дәріхана логистикасына ұқсас болғанымен, дәрі-дәрмектер заңсыз айналымға жіберілген. Препараттар Ақтөбе облысына жөнелтіліп, кейін сол жерде буып-түйіліп, жасырын орындар арқылы таратылған.
ІІМ мәліметінше, топтың барлық мүшесі ұсталды. Олардың арасында ұйымдастырушы, оператор, препараттарды ораушылар және тауарды жасырын орындарға орналастырған адамдар бар.
Заңсыз айналымнан мыңнан астам дәрі-дәрмек тәркіленді.
Қазақстанда 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшті әсер ететін заттарды заңсыз айналымға шығарғаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді.
ІІМ өкілдері мұндай әрекет үшін 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылғанын еске салды.