Ақтөбеде қоқысты заңсыз төгу фактісінің жолы кесілді.
Әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында Ақтөбе қаласының Гормолзавод ауданында қоқысты заңсыз төгу фактісі анықталды.
Учаскелік полиция инспекторлары аталған ақпаратты жедел түрде тексеріп, нәтижесінде «Газель» автокөлігін басқарған азаматтың қала шетіндегі дала аймағына бірнеше қап тұрмыстық қалдықтарды төккені анықталды.
Аталған дерек бойынша құқық бұзушы қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Полиция департаменті азаматтарды тазалық пен тәртіпті сақтауға, қоршаған ортаға ұқыпты қарауға және мұндай құқық бұзушылықтарға жол бермеуге шақырады. «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында тазалықты сақтау – әрбір тұрғынның ортақ міндеті екенін еске саламыз, - деп хабарлады Ақтөбе облысының ПД баспасөз қызметі.
Еске салайық, бұған дейін Қарағандыда тазалыққа қарсы 12 мың заңбұзушылық әшкереленді.