Ақтөбеде бензин мен дизель бағасы қаншаға дейін барады?

7 Сәуір 2023, 17:01
1010
Бөлісу:
Ақтөбеде бензин мен дизель бағасы қаншаға дейін барады?
Фото: azattyq-ruhy.kz

Ақтөбеде «АИ-92» маркалы бензиннің шекті бағасы 205 теңгеге, дизельдің шекті бағасы 295 теңгеге дейін артады, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Ақтөбе облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Нұрхан Тілеумұратов айтып берді.

Оның айтуынша, 12 сәуірден бастап еліміздің өзге өңірлерімен қатар Ақтөбе облысында да жанар-жағармайдың бағасы едәуір қымбаттайды. Атап айтсақ, бүгінде облыста «АИ-92» маркалы бензиннің шекті бағасы 182 теңге болса, дизельдің бағасы — 260 теңге.

Қазір облыс орталығындағы жанар-жағармай бекеттерінде «АИ-92» маркалы бензиннің бір литрі 172 теңгеден сатылып жатыр. Ал дизельдің бір литрі 260 теңге тұрады. Алдағы аптадан бастап Энергетика министрлігінің бұйрығы заңды күшіне енген соң, өңірде «АИ-92» маркалы бензиннің шекті бағасы 205 теңге, ал дизель отынының шекті бағасы 295 теңгеге дейін артады, — дейді ол.

Басқарма басшысы қазір облыста бензиннің де, дизельдің де қоры жеткілікті екенін айтады. Мәселен, дизель отынының қоры 14 күнге, «АИ-92» маркалы бензиннің қоры бір айға дейін жетеді. Ендігі кезекте облыстағы жанар-жағармай құю бекеттерінің бензин мен дизельдің бағасын 12 сәуірге дейін бұрынғы бағамен сатуын қамтамасыз ету керек. Себебі бірқатар бекет бұл «жаңалықты» пайдаланып, жанармайды «жоқ» деп сылтауратып, пайда табуды көздеуі мүмкін.

Біз мұндай заң бұзуды болдырмаймыз. Сондықтан кеше облыстағы ірі жанармай бекеттерінің басшыларын шақырып, арнайы жиын өткіздік. Сол отырыста барлық кәсіпкерлік нысандарына өңірде бар қор таусылғанша, жанармайды бұрынғы бағамен сатуды тапсырдық. Егер қандай да бір заң бұзушылықтар болса, олармен құзырлы органдар жұмыс жасайтын болады. Қазір бұл бағыттағы жұмыстар облыс әкімдігінің бақылауында, — дейді Н.Тілеумұратов.

Жуырда Ақтөбе облысында көктемгі егін егу жұмыстары басталады. Осыған орай қазір облыстағы ауыл шаруашылық құрылымдары арзан бағамен дизель отынын алу үшін жауапты мекемелерге өз өтініштерін жолдап жатыр. Бүгінге дейін облыс бойынша 560-тан астам шаруа арзандатылған дизельге қол жеткізу үшін өтініш білдіріп, нәтижесінде 280 тонна дизель игерілген.

Ақтөбе облыстық экономикалық тергеу департаменті басқармасының басшысы Жадан Бисенбиннің айтуынша, биыл Энергетика министрлігі Ақтөбе облысында көктемгі егін егу жұмыстарына 9,8 мың тоннаға жуық дизель бөлген. Департамент осы салада қандай да бір заң бұзудың болмауын қатаң бақылауға алмақ.

Ақтөбе облысы бойынша экономикалық тергеу департаменті алдағы уақытта өңірде жанар-жағармайды сатуда шектеу деректері тіркелсе, монополияға қарсы заңнаманы бұзу мәнінде мониторинг жүргізеді. Егер облыста кәсіпкерлер дизель мен бензин бағасын заңсыз көтерсе, онда олар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі аясында жауапқа тартылады. Атап айтсақ, осы кодекстің 159-бабына сәйкес, жауаптылар монополистік қызметті жүзеге асыру нәтижесінде табыстың 3-5 пайыз мөлшерінде айыппұл төлейді. Сондай-ақ ірі көлемде залал келтірсе, Қылмыстық кодексінің 221-бабы аясында айыппұл төлейді немесе бас бостандығынан айырылады, — дейді Жадан Бисенбин.

Қазір ақтөбеліктер «Бензин бағасы көтерілсе, азық-түлік те қымбаттай ма?» деп елеңдеп отыр. Себебі бензин бағасы қымбаттаса, әлбетте, елімізде азық-түліктің де, тұрмыстық заттар мен киім-кешектің де, басқа да қызметтердің бағасы көтеріледі.

Біз бұл сауалды облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысына қойған едік. 

Облыстағы азық-түліктің бағасы бақылауда. Биыл жыл басынан бері өңірде 19 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарының бағасы 2,5 пайызға артқан. Дегенмен бұл көрсеткіш — республика бойынша ең төменгі көрсеткіш. 12 сәуірден кейін өсім болады деген әзірге болжам жоқ, — деді.

Дегенмен облыс халқы тағы қымбатшылыққа ұрынатындарын алға тартады. Мәселен, Ақтөбе қаласындағы Орталық базардағы сатушылар бензин бағасы өссе, барлық тауардың бағасы қымбаттайтынын айтады.

 Біздің облысқа тауарлардың дені жүк көліктерімен келеді. Олардың барлығы бензинмен, дизельмен жүреді. Әрине, сол үшін баға көтеріледі. Бұл жерде сатушыларды кінәлаудың қажеті жоқ. Біз бар болғаны алған затымызға үстемеақы қосып, тұтынушыға сатамыз. Халық бізді кінәламай, бензиннің бағасына жауапты тұлғаларды сауал астына алуы керек, — дейді Орталық базар сатушысы Халима Жарқынбетова.

Ол 7-8 жылдан бері Орталық базарда жеміс-жидек сатады. Оның айтуынша, биыл көкөніс пен жемістердің бағасы тағы да қымбаттауы мүмкін. Қазірдің өзінде ең арзан деген бір келі алманың бағасы 560 теңге тұрады. Ал құлпынайдың бір келісі — 3 мың теңге. Ол да өзге мемлекеттерден келеді, Ақтөбеде құлпынай өсіретіндер өте аз.

Жауапты мекемелер 12 сәуірден кейін баға шарықтамайтынын айтады, алайда халық оған сене ме?...

Өзгелердің жаңалығы