Ақтөбе облысы. BAQ.KZ тілшісі. Ақтөбе қаласындағы Тұңғыш Президент атындағы орталық саябақта Балалар жылына орай акция ұйымдастырылды.
Акция аясында орталық саябаққа келген балаларға тегін балмұздақтар таратылды.
Бұл шараны биылғы Балалар жылына орай және бүкіләлемдік балмұздақ күніне арнап ұйымдастырып отырмыз. Жасотандықтардың бұл бастамасына «АЙС» сүт компаниясы қолдау білдіріп, мыңға жуық балмұздақ үлестірілді.
Біз үшін балалардың шат-шадыман күлкісі мен көтеріңкі көңіл күйінен артық ештеңе жоқ. Биыл облыста Балалар жылына орай көптеген шара өткізіліп жатыр. Міне, осы шараларға біз де өз үлесімізді қосқымыз келді. Бұған дейін де жасотандықтар бірқатар бастама көтеріп, қайырымдылық шараларын ұйымдастырды, — дейді Jas Otan жастар қанатының Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Әнуар Искарин.
Аталған акцияға Ақтөбе облысындағы Ассамблея жастары да атсалысты.
Саябақта жүрген бүлдіршіндер жасотандықтар мен аниматорлармен суретке түсіп, балмұздақ үшін алғыстарын жеткізді.
Менің анам үнемі өз облысымыздан шығатын өнімдерді сатып алады. Әсіресе, сүт, айран, балмұздақ, тағы басқа тәттілер. Бәрі де дәмді, әрі таза. Маған мәртөктік балмұздақтар қатты ұнайды. Бүгін аға-апалар бізге «Айс»-тың балмұздақтарын тегін таратты. Көп-көп рақмет айтамыз. Үйде үш баламыз, үшеуміз де балмұздақ алдық. Биыл Балалар жылына орай қаламызда осындай шаралар көптеп өткізіліп жатыр. Өткен аптада Абай атамыздың ескерткіші маңында ұйымдастырылған кітап фестиваліне барып қатыстым. Сенбі-жексенбі сайын қаламызда көңілді іс-шаралар ұйымдастырылып жатқанына қуаныштымыз. Соның арқасында біз жазғы демалысымызды тиімді, ерекше өткізіп жатырмыз, — дейді Ақтөбе қаласының тұрғыны, 2-сынып оқушысы Бағлан Нұров.