Ақтөбеде атауы жоқ қанша көше бар?

25 Сәуір 2024, 18:29
255
Бөлісу:
Ақтөбеде атауы жоқ қанша көше бар?
Фото: автордан

Ақтөбе қаласында атауы жоқ қанша көше бар екендігі әлі күнге дейін белгісіз, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы қала әкімдігінде өткен ономастика жөніндегі жұмыс тобының отырысында айтылды.

Бүгінде Ақтөбе қаласында жаңа аудандар пайда болып, соның нәтижесінде атауы жоқ көшелер саны артып отыр. Ақтөбе қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Гүлжайна Бисенғалиеваның айтуынша, атауы жоқ көшелердің саны мен олар туралы мәліметтерді (ұзындығы, орналасқан жері) қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі жинақтайды. Алайда аталған мекеме атауы жоқ көшелер туралы толық ақпарат бермеген.

Былтыр Түркістанда өткен құрылтайда ономастика бойынша ұсынымдарға, тұжырымдамаларға өзгерістер енгені белгілі. Оның ішінде ұлттық-тарихи атаулар, жер-су атаулары тізіміне өзгерістер енгізілді. Былтыр мораторий болып, атау беру, қайта атау мәселесі кейінге шегерілген. Содан бері бізде ұсыныстар жиналып қалды,-  дейді Г.Бисенғалиева.

Оның айтуынша, бүгінде көшелерге атау беруде республика бойынша басшылыққа алынатын үш жинақ бар. Олар — тарихи тұлғалар мен атаулар, дәстүрлі атаулар, жер-су атаулары жинағы. Биыл осы жинақтар негізінде бөлімге 84 ұсыныс түскен. Былтыр түскен 61 атаудың ішінде биыл 10 тұлғаның атауы ғана тізімге енгізілген.

Қазір көшеге атау беруде ұсыныс беру мерзімі үш жылда бір рет болып өзгерді.

Осы орайда жұмыс тобы 52 көшені қайта атау, үш тұрғын үй алабы мен 58 көшеге атау беру мәселесін қарады. Енді бұл мәселе қалалық мәслихаттың отырысында қаралып, облыстық ономастикалық комиссияға жолданады. Ал нақты шешімді республикалық ономастикалық комиссия шығарады, - дейді бөлім басшысы.

Атауы жоқ көшелердің көбі жаңадан салынған тұрғын алаптарда орналасқан.

Өзгелердің жаңалығы