Ақтөбеде анасын өлтіріп, әжесіне пышақпен шабуыл жасады деп айыпталған жасөспірімге қатысты сот шешімі шықты. Сот оны ауруына байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатып, мәжбүрлі емдеуге жіберді.
«Диапазон» басылымының хабарлауынша, қайғылы оқиға өткен жылдың 2 желтоқсанында Ақтөбе қаласындағы тұрғын үйлердің бірінде болған. Тергеу мәліметінше, 11-сынып оқушысы 41 жастағы анасына пышақ жарақатын салған. Әйел алған жарақатынан көз жұмды.
Сондай-ақ 72 жастағы әжесі жарақат алып, ауруханаға жеткізілген. Ол аман қалды. Сол түні пәтерден шыққан айқай-шуды естіген көршілер полиция шақырған.
Іс тоғыз айдан кейін сотта қаралды. Айыпталушы сот отырысына қатыспаған, себебі психиатриялық ауруханада емделіп жатыр. Сараптама қорытындысы бойынша оның ауруы бар екені анықталған.
Сотта сарапшы-психолог жасөспірімнің медициналық мекемеде бақылауда болып, ем қабылдауы қажет екенін айтты.
Жәбірленуші ретінде танылған әжесі немересінің бұған дейін мінез-құлқына қатысты шағым болмағанын жеткізді.
«Менің немерем жақсы, маған әрдайым көмектесетін, кішілерімен ойнайтын. Сол түні не болғанын білмеймін. Полиция келгені есімде, кейін ауруханада ояндым», – деді ол сотта.
Жасөспірімге кісі өлтіру және кісі өлтіруге оқталу баптары бойынша айып тағылған. Сот оны ауруына байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатып, стационарда мәжбүрлі емдеу туралы шешім шығарды.