Ақтөбе облысында аллергиямен ауыратындар саны көбейген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ақтөбе қаласының тұрғыны Ләйлә Сақтағанова он жылдан бері маусымдық поллинозбен ауыратынын айтады. Жыл сайын жаз мезгілінде аллергиясы асқынады екен.
Аллергия тамыз айында басталады. Содан қазан айына дейін мұрным бітеліп, көзім жасаурап, тыныс алуым қиындайды. Дәріханадан қажетті дәрі-дәрмек алып пайдаланамын. Алайда бәрі уақытша. Екі жылдан бері қыс айында ем алып келемін. Алайда нәтиже жоқ, — дейді Ләйлә Сақтағанова.
Ақтөбе облысының штаттан тыс бас аллергологі Зәмзә Хайруллинаның айтуынша, бүгінде өңірде аллергиямен ауыратындардың саны артқан. Оған басты себеп — экология, тағамдардың құнарсыздығы мен өңірде аллергия тудыратын өсімдіктердің көбеюі. Мәселен, Ақтөбе облысында соңғы жылдары циклахена, лебеда, амброзия, бидай шөптері, жусан және тағы басқа да шөптер көбейген.
Аллергияның ақыры демікпеге ұласуы мүмкін. Сондықтан кез келген науқас уақытында ем алып, дәрігерге қаралуға тиіс. Нақты сандарға тоқталсам, осыдан 7-8 жыл бұрын облысымызда демікпемен ауыратындардың саны 3500 адам болса, былтыр 4200-ден астам адамнан асты, — дейді Зәмзә Хайруллина.
Оның айтуынша, аллергияның алдын алу, маусымдық поллинозға шалдыққан жағдайда денсаулыққа күтіммен қарау өте маңызды. Мәселен, шаң-тозаң мен арамшөптерден қорғанып жүру керек, сондай-ақ, маусымдық аллергия өршіп тұрған кезде барынша бетперде тағып, таңғы мезгілде көшеге шықпау қажет.
Қазір аллергия сәбилер мен балалар арасында да кеңінен таралуда. Сондықтан ата-аналар балаларын фастфуд және тәтті сусындардан сақтандыруы керек. Кейбір тағамның құрамында аллерген тудыратын заттар болуы мүмкін, — деді Зәмзә Хайруллина.