Ақтөбеде алимент төлеушілер көбейген

15 Қаңтар 2023, 12:53
1188
Бөлісу:
Ақтөбеде алимент төлеушілер көбейген

Ақтөбе облысында жыл өткен сайын алимент төлеушілердің саны өсіп барады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қазірдің өзінде 13 мыңнан астам адам есепте тұр. Олардың арасында әйелдер де бар. Бауыр еті баласы үшін қалтасынан бір тиын да шығарғысы келмейтін азаматтар жетерлік. 

Бүгіннің өзінде, төрт мың адамның алимент қарызы 300 млн теңгеден асады. Берешекті өндіру үшін сот орындаушылар әрбір істі жіті қарайды. Жұмыссыз жүрген борышкерлер болса тауып алып, алдымен оларды тұрақты еңбекпен қамту мәселесін қолға алады. Ал мұндай істен нәтиже шықпаса, заң аясында қатаң шара қолдану көзделген. 

Алимент төлеуден мүлде жалтарып жүргендерге іздеу салынып, борышты өтеуден бас тартқандардың ісі сотқа жолданбақ. 

Жұмыс жасаған борышкерге тиімді және алименттен қарызы болмайды. Және борышкерде басқа да күрделі мәселелер туындамайды. Егерде борышкерде қарыз туындаған жағдайда борышкерге көптеген шектеулер қолданылады. Шетелге шығуға тыйым салынады, жүргізушілік куәлігін пайдалану құқығы тоқтатылады, әкімшілік жауапқа тартылады, қылмыстық жауапқа тартылады, – деді облыстық жеке сот орындаушылар өңірлік палатасы басшысының орынбасары Қайрат Таңқаев.

Өзгелердің жаңалығы