Ақтөбеде әлеуметтік нысандардың құрылысына бақылау күшейтілді

13 Қазан 2023, 20:46
623
Бөлісу:
Ақтөбеде әлеуметтік нысандардың құрылысына бақылау күшейтілді
Фото: Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Ырғыз ауданына жұмыс сапарымен барып, бірқатар әлеуметтік нысандардың құрылыс жұмыстарымен танысты, деп хабарлайды BAQ.KZ әкімдіктің ресми сайтына сілтеме жасап.

Өңір басшысы жұмыс жоспарынан тыс Құрылыс және Қалыбай ауылдарындағы мектепке барды. Оқу ордаларын аралап, ауыл балаларының қандай жағдайда білім алып жатқанымен танысты. 1972 жылы салынған Қалыбайдағы мектепте шахмат, би үйірмелері бар. 9 жылдық білім ордасы ескірген. Аталған екі ауылда келер жылы жаңа мектептер салынады.

Аудан орталығы Ырғыз ауылында да проблемалық құрылыс нысандары кездеседі. Олардың қатарында баспана кезегінде тұрғандар үшін бой көтерген көппәтерлі тұрғын үйлер бар. Ауылда сыртқы инженерлік желілерді салу бойынша жұмыстардың аяқталмауына байланысты екі үй пайдалануға берілмеген. Құрылысты мерзімінен кешіктірген «РБ Строй» ЖШС мердігерлік ұйымына қатысты материалдар былтырғы жылдың қараша айында сотқа жіберілді.

2019 жылы пайдалануға берілген 300 орындық мектеп-гимназия ғимаратында да кемшіліктер анықталды. 2021 жылы сот «Фагот и К» ЖШС-нің жұмыстарды толық көлемде орындамағанын анықтап береді. Жаңбыр жауса, оқу орнының шатырынан су кетіп, сумен жабдықтау жүйесінде ақаулар бар, мектеп ауласында жарық пен спорт алаңы орнатылмаған. Бұдан басқа да кемшіліктер жоқ емес.

Спортпен айналысатын балалар мен жастар үшін бұл кешеннің ашылуы керемет жаңалық болғалы тұр. Жұмыстарыңызды мерзімінде бітіру керек деп, сала-құлаш жасамаңыздар. Көбі бітіп, азы қалды. Болашақ чемпиондарымыз осы жерде тәрбиеленіп, өсіп өнеді. Сондықтан бәрі сапалы болуы тиіс, - деді Асхат Шахаров.

Ырғыз ауданында аралаған әлеуметтік нысандардың құрылысына бақылау күшейтіледі.

Өзгелердің жаңалығы