Ақтөбе облысы, BAQ. KZ тілшісі. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Ақтөбе облыстық филиалының басшысы Марат Махамбетов ұлттық компанияның журналистерге арналған баспасөз туры барысында айтты.
Қазір «Ақтөбе-Қандыағаш» бағытындағы жолда құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өткен жылы жолдың 18 шақырымы пайдалануға берілді. Құрылыс жұмыстарын 2023 жылы аяқтау жоспарланып отыр. Бұл бағыттағы жол 4 жолақты болады.
Марат Махамбетовтың айтуынша, жол пайдалануға берілген соң оны ақылы қылу жоспарланып отыр.
Дәл қазір Ақтөбе облысында әзірге ақылы жолдар жоқ. «Ақтөбе-Қандыағаш», «Қандыағаш-Мақат» жолдары аяқталған соң оны ақылы етуге мүдделіміз. Жолдың сапасы жақсы болса, мемлекеттік қаржыландырудан шығу үшін ақылы ету тәжірибесі бар. Осылайша, жолдар өзін-өзі қамтамасыз етеді. Біз автомобиль жүргізушілерімен де бұл мәселені талқыладық. Олар да жол қауіпсіз әрі сапалы болса, ақылы етуіне қарсы емес, - деді Махамбетов.
Филиалдың жетекшісі атағандай, құрылыс жұмыстарына 64 млрд теңге бөлінген.
Құрылыс жұмыстарын 2 мердігер компания жүзеге асырып жатыр. Өңірде республикалық маңызы бар жол 1896 шақырым. Оның 303 шақырымында қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр, - деді Марат Махамбетов.
Айта кетейік, мамырдың 19-ында өткен Үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ға жол қауіпсіздігіне қатысты жұмысты күшейтуді және құрылыс жұмыстарын уақытылы аяқтауды тапсырған болатын.