Ақтөбе қаласының әкімі 2022 жылға арналған даму жоспары жайында есеп берді

3 Ақпан 2022, 08:35
2704
Бөлісу:
Ақтөбе қаласының әкімі 2022 жылға арналған даму жоспары жайында есеп берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2 ақпанда Ақтөбеде облыс әкімі Оңдасын Оразалин аудан әкімдерін жеке қабылдады. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Шалқар, Ырғыз, Әйтеке би, Байғанин, Темір және Ойыл аудандарының сонымен қатар, Ақтөбе қаласының әкімі 2022 жылға арналған даму жоспары жайында есеп берді.

Әр қабылдауға облыс әкімінің орынбасарлары, облыс әкімдігіндегі кейбір басқармалардың басшылары қатысты.

Бірінші болып Шалқар ауданы әкімі Жанболат Жидеханов қабылданды.

Ол биыл жүзеге асырылады деп жоспарланып отырған жобалардың келешегі туралы айтып берді. Олардың қатарында сумен жабдықтау жүйесін қалпына келтіру, үш ауылда су тазартатын блокті-модульді стансалар орнату жұмыстары бар. Осы жобалар жүзеге асырылысымен Шалқар ауданындағы елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамту мәселесі іс жүзінде жабылады.

Оңдасын Оразалин: «Осы жылы сумен қамту сұрағын бүкіл облыс бойынша толықтай шешуге тырысу қажет. Мемлекет басшысы 2025 жылдың соңына дейін халықты таза ауыз сумен 100% ​ қамту міндетін қойды. Бізде тапсырманы 25-ші жылды күтпей, одан ерте орындап тастауға барлық мүмкіндіктер бар»,- деп атап өтті.

Сондай-ақ, Шалқар ауданында жол жөндеу бойынша үлкен жұмыстар жүргізілетін болады. Соның ішінде, «Шалқар-Бозой-Өзбекстан республикасының шекарасы» автокөлік жолын, М.Шімәнұлы ауылы мен «Шалқар-Бозой» тас жолы арасындағы жолды, Қауылжар, Жылтыр және т.б. ауылдардың кіре беріс жолдарын жөндеуді бастап кету жоспарланып отыр.

Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров жаңа тұрғын үй алаптарындағы электрмен, сумен, газбен жабдықтау желілерінің құрылысына биыл  8,2 млрд теңге аудару жоспарланып отырғанын жеткізді. Жаңақоныс 4 және 5, Бауырластар - 5, Шығыс - 1, Бауырластар - 1 мен Красносельское - 1 тұрғын үй алаптарында газбен жабдықтау желілері салынады деп күтілуде.

Батыс 2, Нұр Ақтөбе шағын аудандарында, қаланың ескі және басқа аудандарында жолдарды жөндеу және қалпына келтіру бойынша ауқымды жұмыстар жасалады деп күтіліп отыр. Жалпы, облыс орталығының автокөлік жолдарының сапасын жақсартуға шамамен 5,6 млрд теңге аудару жоспарда бар.
Әлеуметтік-экономикалық даму жобаларының жүзеге асырылуын қараудан бөлек, қабылдау барысында барлық аудандар мен Ақтөбе қаласының түйткілді мәселелері жан-жақты сараланып, оларды шешу жолдары талқыланды, тиісті тапсырмалар берілді.

Облыс әкімі мемлекет басшысының халықтың тұрмыс сапасын көтеру бойынша міндеттерінің уақытылы әрі сапалы орындалуы қажет екенін атап өтті. Жол желілерінің сапалы салынуы мен жөндеу жұмыстарына, ауылдарды газдандыру және сумен жабдықтауға, халықты баспанамен қамтуға ​ байланысты сұрақтарды ерекше бақылауға алуды тапсырды.

Сондай-ақ мемлекеттік органдардың орындаушылық тәртібі мен халыққа ұсынылатын мемлекеттік қызметтердің сапасын көтеру қажеттігі атап өтілді.

Еске салайық, 1 ақпанда облыс әкімі Оңдасын Оразалин Мұғалжар, Қобда, Алға, Мәртөк, Қарғалы және Хромтау аудандарының әкімдерін қабылдаған болатын.

Өзгелердің жаңалығы