Ақтөбе облысының әкімі өңірдегі су тасқынының алдын алу жұмыстарын қарап шықты

25 Ақпан 2024, 13:38
561
Бөлісу:
Ақтөбе облысының әкімі өңірдегі су тасқынының алдын алу жұмыстарын қарап шықты
Фото: gov.kz

Ақтөбе облысының әкімі Құршасай және Сая тұрғын алаптарына, Алтын орда ықшам ауданына, Ақтөбе су қоймасына барды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Облыс орталығында көктемгі су тасқынын өткізу үшін дайындық қарқынды. Іс-шаралар жоспары құрылып, биылғы 16 ақпаннан бастап арықтарды, каналдарды қардан, мұздан тазарту жұмыстары жүргізілуде. Арнайы бригадалар, мердігер мекемелер жұмылдырылған.

Қазіргі уақытта, мердігер мекемелер Құршасай, Есет батыр, Қурайлы, Сая, Жаңақоныс тұрғын алаптарындағы каналдарды қардан мұздан, Алтын орда тұрғын алабындағы ашық арықтарды қардан тазартуға кіріскен.

Құрашасай тұрғын алабындағы қорғаныс бөгеті мен су канал орнату жұмыстарын облыс әкімі қарап шықты. Тұрғын алабының белсенді тобымен кездесіп, мән-жайды білді. Ауыл тұрғыны Болат Мұсаев қар тазарту қарқыны жақсы екенін, ауылды су басу қаупі азайғанын тілге тиек етті.

Ал Сая тұрғын алабында қорғаныс бөгеті, ұзындығы 850 м су арнасын қазу, сондай-ақ су өткізгіш құбырды үлкен көлемді түтікке ауыстыру жұмыстары жүргізілген. Асхат Шахаров жауапты лауазымды тұлғаларға су тасқыны кезеңінде ауылдарда бақылауды күшейтуді тапсырды.

Айтып өткен жөн, Құршасай мен Сая ауылдары - қала әкімдігі тарапынан инженерлік жұмыстар жүргізілген 16 учаскенің қатарында.

Ақтөбе су қоймасына барған өңір басшысы биыл қойманың су қабылдау мүмкіндігін пысықтады. Негізінен оның жобалық сыйымдылығы - 245 млн. м3 , қазіргі уақытта 141,8 млн. м3 су көлемі бар, яғни ол 58% құрайды, қосымша ағын су келеді деген болжам бар.

Облыс әкімі су тасқыны кезеңінде жоспарлы әрекет ету үшін жұмыс тобын құрып, іс-шаралар жоспарын тағы бір зерделеу қажеттігін айтты.

Өзгелердің жаңалығы