Ақтөбе облысындағы жолдар қашан жақсарады?

20 Маусым 2024, 15:19
495
Бөлісу:
Ақтөбе облысындағы жолдар қашан жақсарады?
Фото: автордан

Ақтөбе облысында жыл сайын қазынадан қыруар қаржы бөлінгенімен, жолдардың сапасы көңіл көншітпейді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бүгінде өңірдегі республикалық, облыстық, тіпті, қалаішілік жолдардың сапасы нашар. Облыс халқы жауапты мекемелерге қанша шағымданса да, әлі күнге дейін нақты нәтиже жоқ.

Жуырда жолдардың мәселесі облыстық мәслихаттың кезекті отырысында қаралып, халық қалаулылары жауапты тұлғалардан осы мәселені шешуді талап етті.

Отырыста Ақтөбе облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айбек Қайыр биыл облыстағы автокөлік жолдарының жақсы және қанағаттанарлық деңгейдегі үлесін 80 пайызға дейін жеткізу жоспарланып отырғанын айтты. Оның айтуынша, биыл облыста жол инфрақұрылымын дамыту мақсатында 181 жобаны іске асыруға бюджеттен 65,9 млрд. теңге қаражат бөлінген. Оның ішінде 11,0 млрд.теңге - республикалық, 48,8 млрд.теңге - облыстық, 6,1 млрд теңге жергілікті бюджет есебінен бөлініп отыр. Бөлінген қаражаттың нәтижесінде биыл жыл соңына дейін өңірде 66 жоба немесе 368,6 шақырым жергілікті маңызы бар және 115 жоба немесе 175,4 шақырым қала мен ауылішілік жолдар жөнделетін болады.

Ақтөбе облысындағы жолдар қашан жақсарады?

Биыл бұдан бөлек облыста су тасқыны салдарынан зардап шеккен жол учаскелерін қалпына келтіру үшін облыстық резервтен 10,0 миллиард теңге бөлінді. Қайта бөлу шараларының нәтижесінде жоспарланып отырған жергілікті жолдардың жақсы және қанағаттанарлық үлесін 77 пайызға төмендейтін болады. Бұған дейін жоспар 80 пайыз болатын. Алдын-ала есептеулер жүргізіліп, облыстық және аудандық жолдардың 137 учаскесін қалпына келтіру үшін үшін 15,6 миллиард теңге қаржы қажет екендігі анықталды. Қазіргі таңда Көлік министрлігіне үкімет бюджетінен 10,2 миллиард теңге көлемінде қаражат бөлу туралы хат жолданды, - дейді Айбек Қайыр.

                                      Битум мен қиыршық тас қоры жеткілікті ме?

Биыл облыстағы жолдарды жөндеу үшін, нақтырақ айтсақ, 889,7 шақырым жөнделетін жолға 66,3 мың тонна битум, 1,4 млн тонна қиыршық тас, 255,6 мың тонна құм және 14,9 мың тонна цемент қажет.

Бүгінде облыс аумағында 9 битум сақтайтын мекеме бар, онда жалпы мөлшері 29,5 мың тонна битум қоры бар. Бүгінде 12,2 мың тонна битум дайындалған. Сондай-ақ өңірдегі 20 карьерде 765,7 мың тонна қиыршық тас, 54,3 мың тонна құм бар. Бұдан бөлек, қуаттылығы сағатына 2,7 мың тоннаны құрайтын 30 асфальтбетон зауыты жұмыс істейді. Қазіргі таңда басқарма мен Ақтөбе облысы бойынша «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» филиалы бұл бағытта бірлесіп жұмыс атқаруда.

Биыл басқарма, қала және аудан әкімдіктері «Жол активтері ұлттық сапа орталығымен» Ақтөбе филиалымен толық келісімге отырды. Биыл көктемгі мезгіліндегі халықтың жолдардың сапасына наразылығы жоғары болды. Қазіргі таңда Ақтөбе қаласы бойынша 30 негізгі орталық жол шұңқырлармен қамтылды. Қала және аудандардағы 618,9 шақырым құрайтын 90 нысан кепілдік міндеттемелердегі жолдар санатына жатады, - дейді Айбек Қайыр.

Ақтөбе облысындағы жолдар қашан жақсарады?

Былтыр Ақтөбе облысында жолдарды жөндеуге жалпы мөлшері 53,5 млрд теңге қаржы бөлінді. Оның ішінде республикалық бюджеттен бөлінген қаржы көлемі – 6,2 млрд теңге.

Бұл қаржы өңірдегі елді мекендер арасындағы 456,9 шақырым жолға және қала мен ауылішілік 117 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде облыста жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 75 пайызға жетті.

Айта кету керек, былтырғы жылдың қорытындысы бойынша Ақтөбе облысы өзге өңірлермен салыстырғанда көш соңында қалды.

Биыл автожол саласына қарастырылған қаражаттың 18 пайызы облыстық жолдарды дамытуға бөлініп отыр. Оның ішінде Ақтөбе қаласындағы оңтүстік айналма жолы мен Дөң-Бадамша-Ақтөбе-Орск автомобиль жолын реконструкциялауға, Шалқар-Бозой мен Қобда-Мәртөк жолдарын күрделі жөндеуден өткізуге, Шалқар-Бозой жолының 15 шақырымына орташа жөндеу жұмыстарын өткізуге тиісті қаржы бөлінді. Сондай-ақ аудандардағы жолдарға бюджеттің 53 пайызы тиесілі. Бөлінген қаражат аясында аудандық маңызы бар жолдардың 52 учаскесіне жөндеу жүргізілмек. Атап айтсақ, мұндағы жобаларды іріктеуде аудан тұрғындарының шағын көп түсетін жолдары іріктеліп, тиісті қаражат мөлшері бөлініп отыр.

Ал Ақтөбе қаласына келсек, биылғы жылы Шилисай, Заречный-3, Қызылжар-3, Кірпішті, Астана, Шестихатка аудандарының және Досмұхамедұлы, Мәңгілік ел көшелерінің автомобиль жолдарының құрылысына, Қарғалы және Елек өзендері арқылы өтетін көпірлерді реконструкциялауға, Оңтүстік-батыс-1 және Оңтүстік-батыс-2 аудандарының және Хмельницкий, Жұмабаев, Разин, Локомотивная, Станционная, Телефонная, Солнечная көшелерінің жолдарын күрделі жөндеуге, Сейтов, Жүргенев көшелері мен кіші Әлия автомобиль жолдарын орташа жөндеуге, жалпы саны 22 жобаға қаржы қарастырылып отыр. Атап айтсақ, бұл жобалар бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы - 77,1 шақырым.

Биыл сондай-ақ 5 жоба жүзеге асырылуы керек. Оның ішінде Ғазиза Жұбанова көшесін реконструкциялау, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде іске асырылатын мектептерге 12 кірме жолдар, 5 елді мекенге кіреберіс жолдар, 7 көше жолын күрделі және 19 көшенің жолын орташа жөндеу жобалары бар. Бұлардың барлығы қаржы бөлінуіне қарай іске асырылады. Біз үшін қазір ең бастысы - тұрғындар тарапынан шағымдар түскен көшелерді жөндеу. Және республикалық жолдардың сапасын көтеру. Бұл бағытта біз «Қазавтожол» мекемесімен бірлесіп жұмыстанып жатырмыз, - дейді басқарма басшысы.

 

                            Биылғы меже — 19,7 шақырым

«Қазавтожол» ҰК» АҚ Ақтөбе облыстық филиалының директоры Айбол Данағұлдың айтуынша, бүгінде мемлекеттік тапсырмаға сәйкес апаттық жағдайлардың алдын алу, қауіпсіз жол қозғалысын қамтамасыз ету және жол көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында халықаралық маңызы бар «РФ шекарасы (Самара) – Шымкент» автожолының 763-850 шақырым теліміндегі Ақтөбе-Хромтау бағыты бойынша жөнделмеген аралықтарға ағымдағы жөндеу жұмыстары аясында 24,2 шақырым жерге тегістеу қабатын орналастыру жұмыстар жүргізілуде. Мердігер мекеме – «Ербол-Эль» ЖШС. Былтыр бұл мекеме 4,5 шақырым жерге жөндеу жұмыстарын жүргізген. Биылғы меже - 19,7 шақырым.

Ақтөбе облысындағы жолдар қашан жақсарады?

Қазіргі таңда бұл жолда тегістеу қабатын орналастыру жұмыстары жүргізілуде. Атап айтсақ, 13,5 шақырымға фрезерлеу, 11 шақырым жолға асфальтбетон қоспасын орналастыру жұмыстары жүргізіледі. Хромтау-Бөгетсай-Қарабұтақ бағыты бойынша ағымдағы жөндеу жұмыстары аясында қосымша 42 шақырымға тегістеу қабатын орналастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстарға жауапты мердігер мекеме – «КАЖ Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, - дейді Айбол Данағұл.

Оның айтуынша, аталған мердігер ұйым Ақтөбе-Хромтау-Қарабұтақ бағыты бойынша шұңқырларды жөндеу жұмыстарын да жүргізіп жатыр. Бүгінге дейін орындалған жол көлемі — 18 755 шаршы метр. Шұңқырлық жөндеу жұмыстарын жүргізуге 5 бригада жұмылдырылған. Атап айтсақ, екі бригада 763-785 шақырым аралығында Ақтөбе-Өлке бағытына, «Ақжар» бригадасы 785-791 шақырым аралығында Өлке-Ақжар бағытына, «Хромтау» бригадасы 850-858 шақырым аралығында Хромтау қаласына, «Қарабұтақ» бригадасы 912-965 шақырым аралығында Қарлау-Қарабұтақ бағытына бөлінген.

 

                       Жолаушылар тасымалының жайы қалай?

Қазіргі таңда аталған республикалық жолдардың үстімен мыңдаған көлік жүріп жатыр. Бұл орайда Ақтөбе облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы өңір халқының басқа аймақтарға, сондай-ақ аудандарға қатынауына жағдай жасауда. Мәселен, қазіргі таңда облыста 63 автобус маршруты ұйымдастырылған. Оның 46-сы - қалалық, 10 –ы - облысішілік, 2-еуі - облысаралық, 5-еуі - халықаралық маршруттар.

Қазіргі уақытта Ақтөбе-Орынбор, Ақтөбе-Самара, Ақтөбе-Орск, Ақтөбе-Қазан және Ақтөбе-Уфа бағыттары бойынша халықаралық автобус рейстері жүзеге асырылуда.

Облысаралық автобус тасымалы тек жазғы кезеңде Қызылорда және Атырау қалаларына жүреді. Ал жолаушыларды қалааралық облысішілік тұрақты тасымалдау 10 бағыт бойынша жүзеге асырылады.

Бүгінде облысымызда Ақтөбе-Бадамша, Ақтөбе-Жүргенев және Ақтөбе-Ырғыз бағыттарына автобустар жүрмейді. Себебі рейстер көп шығынды қажет етеді. Есесіне бұл аудандарға таксилер тұрақты түрде жүреді. 2023-2024 жылдары Ақтөбе-Ырғыз, Ақтөбе-Бадамша және Ақтөбе-Жүргенев бағыттары бойынша конкурс өткізу туралы бірнеше рет хабарландырулар берілді. Алайда осы маршруттарға қатысушы тасымалдаушылардың болмауына байланысты конкурс өткізілмеді деп танылды.

2023 жылы тұрғындар тарапынан Ақтөбе қаласы мен Хромтау ауданы арасында жүретін автобустардың жағдайына қатысты шағымдар айтылды. Осы бағыт бойынша шарт талаптарының орындалмауына байланысты 2023 жылдың 31 қазанда «Kеруен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен шарт бұзылды. Қазіргі таңда бұл бағытта «Qala trans» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қызмет көрсетуде. Биыл қаңтар айында тасымалдаушы «Qala trans» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өз қаражаты есебінен «Yutong» маркалы сыйымдылығы үлкен 8 қалааралық автобус сатып алды. Биыл 19 ақпанда 4 жаңа автобус Ақтөбе-Хромтау бағыты бойынша желіге шықты. Бұдан бөлек, наурыз айында конкурс қорытындысы бойынша Ақтөбе-Қандыағаш бағытына қызмет көрсету құқығына тасымалдаушы анықталды. Нәтижесінде 1 сәуірден бастап «Qala trans» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сыйымдылығы үлкен 4 жаңа автобусты желіге шығарды, - дейді Айбек Қайыр.

Оның айтуынша, былтыр өңірде автобус тасымалдаушыларының шығындарын субсидиялау үшін 136,3 млн теңге қаржы бөлінген. Жыл қорытындысы бойынша сол қаржының 78,7 млн теңгесі игерілген. Үш автобус бағыты (Ырғыз, Т.Жүргенов, Ойыл) бойынша жолаушыларды тасымалдау көлемінің орындалмауына байланысты 57,6 млн теңге бюджетке қайтарылған. Ал биыл әлеуметтік маңызы бар автобус тасымалдарын субсидиялауға148,0 млн теңге қаражат қарастырылған. Субсидиялау Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес орындалатын болады.

Тарифтік комиссияның 2024 жылғы 16 мамырдағы отырысында тасымалдаушылардың есептеулерін қарау нәтижелері бойынша субсидиялар көлемі 477,6 миллион теңгені құрады. Субсидиялар көлемінің ұлғаюы жаңа автобустарды сатып алумен байланысты. Биылғы жылы жылжымалы құрам паркін жаңарту мақсатында тасымалдаушылар «ӨДҚ» акционерлік қоғамы арқылы лизингтік қаржыландыру бағдарламасы бойынша 18 автобус сатып алды. Осыған байланысты қосымша 195,7 миллион теңге қаржы қажет, - дейді басқарма басшысы.

Бүгінде Ақтөбе облысында бір автовокзал және 3 автостанция (Ақтөбе, Хромтау және Қандыағаш қаласында) жұмыс істейді. Облыстың қалған аудан орталықтарында жол жүру құжаттарын сатуға арналған кассалық пункттер бар. Қазіргі таңда қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жолаушылар маршруттарына қызмет көрсету конкурсын өткізу кезінде тасымалдаушыларға мынадай талаптар қойылады: жылжымалы құрамды үш жыл ішінде жаңартуы керек және қызмет көрсету сапасын жақсартуға тиіс.

Ал Ақтөбе қаласына келсек, бүгінде мұнда қоғамдық қатынас қызметін жүзеге асыратын 5 мекеме бар. Олар — «Автопарк» ЖШС, «Табыс Ақтөбе» ЖШС, «Qala Trans» ЖШС, «Akzhayik Avtopark» ЖШС және «RTT GROUP» ЖШС. Олар қала бойынша жалпы саны 46 маршрутқа қызмет көрсетеді. Серіктестіктердің қарамағында үлкен және орташа сыйымдылығы бар 400 автобус бар.

2021 жылғы 7 сәуірден бастап Ақтөбе қаласының қоғамдық көлігінде жол жүру ақысын төлеудің электрондық жүйесі іске қосылды. Оператор - «Smart Avtobys Aqtobe» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Ал 2021 жылғы 15 мамырдан бастап Ақтөбе қаласында қоғамдық көлікте жол ақысын сараланған төлеу енгізілді.  Жол ақысын картамен, смс-хабарламамен, QR-кодпен төлейтін азаматтар үшін құны 80 теңге болып қалды. Қолма-қол төлеу құны -150 теңге. Ақтөбе қаласы тасымалдаушыларының шығындарын субсидиялау үшін 2023 жылға 6868,4 миллион теңге бөлінді, 5400,1 миллион теңге сомасына субсидиялар төленді. Ал биыл әлеуметтік маңызы бар автобустар тасымалдарын субсидиялау көлемі 10 317,2 миллион теңгеге жетіп отыр, - дейді Айбек Қайыр.

Оның айтуынша, былтыр «Qala Trans» компаниясы, «Автопарк» және «Табыс Ақтөбе» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері Ақтөбе қаласындағы жолаушылар тасымалына 122 жаңа автобус сатып алған. Биыл бұл компаниялар жалпы саны 85 автобус сатып алуға құжаттар ұсынған.

 

                       Ақтөбе облысында А санатындағы кемпингтер аз

Ақтөбе облысында бүгінде жалпы саны 120 кемпинг бар. Жоғарыда аталған «Самара-Шымкент» республикалық жолының бойында сервис жақсы дамып келеді. Алайда кемпинг саны көбейгенімен, сапасы көңіл көншітпейді.

Ақтөбе облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Алмас Салықбаевтың айтуынша, жол бойындағы кемпингтер, негізінен, 4 санатқа бөлінеді. Олар - А,В,С,Д санаттары.

Д санатына дүкендер мен жанармай құю бекеттері, С санатына демалатын орны мен автокөлік тұрағы бар кемпингтер, В санатына моншасы бар нысандар, ал А санатына асханасы, моншасы, демалыс орны, жанармай бекеті мен дүкені бар нысандар кіреді. Өкінішке қарай, бүгінде Ақтөбе облысында А санатына кіретін 5 ғана нысан бар. Олардың барлығы Әйтеке би-Хромтау аудандары арасындағы жолдарда орналасқан. Биыл Хромтау-Қарабұтақ елді мекендері арасындағы жолдарды жөндеу жұмыстары басталды. Сондықтан бұл аумақтарда жаңадан нысан салуға мораторий жарияланды. Атап айтсақ, жол салу, жөндеу жұмыстары біткенше жерді сату, жалға беру бойынша келісімшарттар жүзеге асырылмайды. Қазір біз бұл орайда кәсіпкерлермен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Кейін 4 жолақты жол салынған кезде бұл жұмыстарды жандандыру керекпіз. Өйткені жол жақсарса, жолаушылар да, көліктер де көбейеді, - дейді Алмас Салықбаев.

Айта кету керек, бүгінде Ақтөбе облысы аумағында тіркелген автокөліктердің жалпы саны - 218 483. Оның ішінде тіркелген газ жабдығы бар автокөліктердің саны - 56 480. Ал облыс аумағымен өтетін шетелдік автокөліктердің саны - 25 278.

P.S. Бұған дейін Мемлекет басшысы республика бойынша жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті жолдардың үлесін 95 пайызға дейін жеткізу туралы тапсырма берген болатын. Президенттің бұл тапсырмасын орындау мақсатында облысымызда тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Дегенмен жолдар салынып, жөнделгенімен, олардың сапасына халықтың көңілі толмайды. Жыл сайын миллиардтаған қаржы бөлінгенімен, «баяғы жартас - сол жартас» болып тұр. Өкініштісі сол, сапасыз, ой-шұңқыры көп жолдардың салдарынан қарапайым халық зардап шегуде. 

Өзгелердің жаңалығы