Ақтөбе облысындағы жолдар қашан байланыспен қамтылады?

27 Мамыр 2024, 17:28
272
Бөлісу:
Ақтөбе облысындағы жолдар қашан байланыспен қамтылады?
Фото: автордан

Ақтөбе облысындағы республикалық жолдар әлі күнге дейін ұялы байланыспен және интернетпен қамтылмай отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Биыл ақпан айында болған қатты боран кезінде облыстағы республикалық жолдарда жолаушылар байланыстың жоқтығынан ТЖ департаментіне қоңырау шала алмаған. Соның салдарынан жол бойында өзге елдер мен өңірлердің азаматтары бірнеше күн бойы тұрып қалды. Осы мәселені жиында талқылаған облыс әкімі Асхат Шахаров жауапты басқарма басшыларына тездетіп республикалық маңызы бар жолдарды ұялы байланыспен қамтуға тапсырма берген болатын. Алайда бұл бағыттағы жобалар әлі күнге дейін жүзеге асырылмады.

Ақтөбе облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Әсет Отарбаевтың айтуынша, қазір өңірдегі республикалық жолдарға ұялы байланыс пен интернет жүргізу бойынша конкурс жарияланған. Ұялы байланыс желісі жүргізілетін 17 нүкте анықталып, бүгінде жобалық-сметалық құжаттамалар дайындалуда.

Талапқа сай барлық мұнаралар 60 метрлік болу керек. Қазір құжаттар дайындалып жатыр. Бұл жобаларды жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен қаржы бөлінуі керек. Жыл соңына дейін 17 нүктені қамту жоспарда бар. Олардың қатарында «Самара-Шымкент», «Ақтөбе-Орск» тас жолдары бар. Шамамен бір мұнараны іске қосуға 8-10 миллион теңге қаржы керек. Алдағы уақытты бұл жолдарды Kcell байланыс операторы байланыспен қамтитын болады, - дейді ол.

Оның айтуынша, республикалық жолдармен қатар қаладағы жаңа тұрғын алаптарды да сапалы интернетпен қамту керек. Бұл орайда биыл 192 базалық станция жаңартылған.

Алдағы уақытта барлық тұрғын алап 5G желісімен қамтылады. Ол үшін қала аумағына 300-ге жуық базалық станция салу керек, — дейді Әсет Отарбаев.

Өзгелердің жаңалығы