Ақтөбе облысындағы су тасқыны жағдайы тәулік бойы бақылауда

2 Сәуір 2022, 15:44
1786
Бөлісу:
Ақтөбе облысындағы су тасқыны жағдайы тәулік бойы бақылауда

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақтөбеде облыс әкімінің орынбасары Жақсығали Иманқұловтың төрағалығымен су тасқыны кезеңіндегі төтенше жағдайды ескерту мен жоюға байланысты кезекті отырыс өтті.

Бұл туралы Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қазіргі таңда облыс аумағының 71 пайызын қар басқан. Бүгінде Байғанин, Шалқар және Ырғыз аудандарында қар еріп кетіп жатыр. Байғанин ауданында екі ауылдық елді мекенге апаратын грейдер жолын, Қобда ауданында екі ауылға апаратын грейдер жолы мен көпірді су шайып кеткен. Жағдай бақылауда. Қатынас су деңгейі түскеннен кейін, бес күн ішінде қалпына келтіріледі,- деп баяндады Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Марғұлан Аманбаев.

Аудан әкімдері тасқын суға байланысты қатынас үзілген елді мекендерде азық-түлік пен дәрі-дәрмектің қажетті қоры бар екенін жеткізді.

Ақтөбе қаласындағы Батыс-3 тұрғын үй алабындағы жағдай тұрақталды.

Су тасқынына қарсы шараларды жүзеге асырудың нәтижесінде кеше кешкі сағат 8-де Батыс-3-тегі су деңгейі 2 метрге төмендеді. Жағдай тұрақты. Еріген суды, оның ішінде жертөлелердегі суды сору жұмыстары жүргізілуде,- деді Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Дамир Көбенов.

Құрашасай, Жаңақоныс, Өрлеу және т.б. тұрғын үй алаптарында да тасқынға қарсы шаралар белсенді жүргізіліп жатыр. Жалпы, 30 наурыз күні облыс бойынша 10 мың м3 су сорылып, 2 мың қап инертті материал төселді.

Жақсығали Иманқұлов тұрғындарға барлық тиісті көмекті көрсетуді, су қоймаларын үнемі бақылауда ұсатуды, су тасқынына қарсы жұмыстардың қосымша кешенін жедел ұйымдастыруды тапсырды.

Өзгелердің жаңалығы