Биыл көктемде су тасқыны болған Ақтөбе облысындағы Нұра ауылы әлі суда тұр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Нұра ауылының тұрғыны Жасұлан Болатбекұлының үйі тасқын болған кезде суға кеткен. Содан бері ол аудан орталығында отбасымен туыстарының үйінде тұрып жатыр. Ауыл мектебінде музыкадан сабақ беретін мұғалім екі айдан бері жақындарының үйін паналауға мәжбүр екенін айтады. Себебі нұралықтарға әлі тұрғын үй берілмеген. Құрылыс жұмыстары аталған елді мекенде енді басталмақ.
Нұра — жүзден астам түтіні бар шағын ауыл. Биыл су қатты келіп, ауылымыз түгел дерлік суға кетті. Қырда орналасқан бірлі-жарым үй ғана аман қалды. Қалғанына су кіріп, тұруға жарамсыз болып отыр. Үйлерден бөлек ауылымыздағы мектеп, балабақша, клуб, дәрігерлік амбулатория, былтыр жаңадан ашылған әкімшілік ғимараты да судың астында қалды. Қазір бұл әлеуметтік нысандардың барлығы суда тұр, — дейді ауыл тұрғыны.
Жасұлан Болатбекұлының айтуынша бұл отбасы басында Ырғыз ауданының орталығындағы эвакуациялық пунктке орналасқан. Алайда бірнеше күннен кейін туыстарының үйіне көшіп кетіпті.
Өткен аптада ауыл тұрғындары әкімшіліктен тұрғын үйдің құрылысын жылдамдатуды талап етті. Себебі екі айдан бері ешқандай өзгеріс жоқ. Нұра ауылы мен аудан орталығындағы жол әлі дұрысталған жоқ. Бұл жолды су тасқыны кезінде су басып, жарамсыз болып қалды. Қазір сапасыз жолмен ауылымызға барып, малымызды қарап келіп жатырмыз. Малымыз аман, оған да шүкір. Өкінішке қарай, ауылымызда мал ұстайтын базы суға кеткен шаруалар да бар. Аудан әкімдігінің берген мәліметіне сүйенсек, жаңа тұрғын үйлердің құрылысы жақында басталады. Қазір Сарыоба деген жерге қазық қағылып жатыр. Техникалар ауыл тұрғындарының жанайқайынан кейін осы аптада келді. Қалай болса күзге дейін үйімізге кірсек екен, — дейді Жасұлан Болатбекұлы.
Ырғыз ауданы әкімінің орынбасары Асқар Уәлидің айтуынша, Нұра ауылын басқа жерге көшіру үшін әкімдік облыстағы басқа мемлекеттік органдармен келісімге келген. Мәселен, облыстық мәдениет басқармасы үй салынуға таңдап алынған бірқатар жерде ерте заманнан келе жатқан қорымдар бар екенін айтып, қарсылық білдірген. Қазір әкімдік пен мемлекеттік органдар бір шешімге келіп, Нұра мен Ырғыз ауданының орталығында орналасқа Сарыоба деген жерге ауылды көшіру туралы бірлескен келісімге келген.
Егер құрылыс жұмыстарын бастап қойсақ, онда мәселе көбейіп кетер еді. Біз соны күткенбіз. Халық бұл жағдайды түсінбей, "маусымның ортасына дейін тұрғын үй құрылысы басталмай жатыр" деп қарсылық білдірді. Біз бұл орайда нұралықтарға түсіндірдік. Қазір осы Сарыоба деген жерден үйлерді салу үшін қазық қағылып жатыр. Кеше екі мекеменің техникасы сол жерге барды. Алдағы уақытта осы белгіленген жерде Нұра ауылының халқына 71 тұрғын үй салынады деп жоспарланып отыр. Жалпы бұл ауылда биыл 116 үй суға кетті. Оның ішінде 11 үйді су баспағанымен, бүгінде олар судың ортасында қалып отыр. Оларға қатынас жоқ, электр желілері жұмыс істемейді. Сондықтан бұл үйлер де Сарыобаға көшіріледі. Бұл жер Ырғыз ауданының орталығынан 75 шақырым қашықтықта жатыр, — дейді Асқар Уәли.
Аудан әкімі орынбасарының айтуынша, биылғы су тасқыны кезінде Ырғыз ауданында жалпы саны 167 тұрғын үй суға кеткен. Күзге дейін оның 134-іне үй салынады. 7 үй жөнделеді, қалғаны тұрғындардың келісімен сатып алынады.
Айта кету керек, көктемде суға кеткен ауылдардың қатарында Нұра, Белшер, Мамыр, Жайсаңбай елді мекендері бар.
Биылғы тасқын кезінде Мамыр ауылында 25 үйді су басты. Жалпы бұл елді мекенде 34 үй бар. Бұл ауылда әзірге жаңа үйлердің құрылысы әлі басталған жоқ. Алдағы уақытта жаңадан салынатын 10 үйдің құрылысымен екі мердігер ұйым айналысады. Құйылыста ешқандай үй суға кеткен жоқ. Ал Белшер ауылында 5 үйді ғана су басты. Үйлері суға кеткен бұл ауылдың тұрғындарына жаңа баспана аудан орталығынан салынып жатыр. Осы айда Нұра, Мамыр, Белшер ауылы тұрғындарына аудан орталығынан 7 үй салынып алынды. Әлі де сатып алуға 20 үйдің құжаты рәсімделіп жатыр. Бұл — тұрғындарының өз таңдауы. Сол сияқты тасқынның салдарынан Жайсаңбай ауылында екі үй бұзылды. Судың ағысы қатты болғаны соншалық, биыл көктемде Ырғыз ауылының басындағы, өзеннің жағасында орналасқан біраз үйге су кірді. Алдағы уақытта өзенге жақын орналасқан 7 үй жөнделетін болса, апатты деп танылған 11 тұрғын үйдің жартысына жаңа үй беріледі. Жартысы аудан орталығынан қайта салынады, — дейді Асқар Уәли.
Бүгінде аудан орталығы — Ырғыз ауылында 50 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Бұл үйлерді 11 құрылыс компаниясы, атап айтсақ, «СК Қала», «Turkus Global Trade», «САҚ Групп», «Байұлы НС», «Барыс-62», «Jasа Cоmpany», «Қуанышбек», «Ardana Group», «Ерементау», «Айша Асу Инвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен «Берік Жандәулетов» жеке кәсіпкерлігі салып жатыр. Бұл үйлердің құрылысы тамыз айына дейін аяқталады деп жоспарлануда. Ал Нұра ауылының тұрғындарына арналған жаңа үйлердің құрылысы тамыз айының ортасында аяқталмақ.
Қазіргі таңда Ырғыз ауылындағы №1 орта мектепте орналасқан эвакуациялық орталықта 60 адам тұрып жатыр. Олардың дені — Нұра ауылының тұрғындары. Барлық тұрғындар азық-түлікпен, тұрмыстық затпен қамтамасыз етілген. Су тасқыны басталған кезде ауданда 4 пункт жұмыс істеді. Қазір содан қалып отырғаны — осы. Ең бастысы, адам шығыны болған жоқ. Ал мал шығынына келсек, Нұра мен Жайсаңбай ауылының жан-жағы әлі де су, сондықтан бұл маңайлардан мал іздеуге мүмкіндік жоқ. Нұраның халқы қазір ауласында ұстаған малын өздері қарап, іздеп жатыр. Дегенмен нақты шығын көлемін айту ерте. Ал үйлер мен тұрғындардың дүние-мүлкін қазір бағалаушы компаниялар қарап, тексеріп жатыр. Әзірге олар Нұра ауылында тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жайсаңбай мен Белшерге енді барады, — дейді Ырғыз ауданы әкімінің орынбасары Асқар Уәли.
Ырғыз ауданы әкімдігінің берген мәліметтеріне сүйенсек, бүгінге дейін суға кеткен ауыл тұрғындарынан біржолғы әлеуметтік төлемдер алу үшін 153 өтініш келіп түскен. Оларға жалпы мөлшері 56 млн теңге төлемақы берілген. Ал малы суға кеткен азаматтарға жалпы саны 31 бас мал үшін 11 млн теңге төленіпті. Алдағы уақытта мал шығынының көлемі тағы да есептелетін болады.
Сондай-ақ қазір ауданда тасқын кезінде су шайған, сондай-ақ қайта қалпына келтірілуі тиіс алты бөгет бар. Олар — Ақши, Жарқын, Жаныс би, Аманкөл, Ырғыз, Қара арық бөгеттері.
Р.S. Асқар Уәлидің айтуынша, қазір Нұра ауылында тасқынмен келген су әлі сіңбей тұр. Тіпті, су кетпей қала ма деген күдік те бар. Себебі бұл елді мекенге су Торғай мен Ырғыз өзендерінен қатар келген. Қатты келген ағын судың салдарынан ескі бөгеттер бұзылған. Тіпті, ауылға кірген судың деңгейі мектеп ғимаратындағы есіктермен теңесіпті.