Ақтөбе облысында жол апаты азаймай тұр. Кім кінәлі?

28 Тамыз 2024, 17:24
599
Бөлісу:
Ақтөбе облысында жол апаты азаймай тұр. Кім кінәлі?
PHOTO
Фото: автордан

Биылғы жылдың 7 айында Ақтөбе облысында жол-көлік апатынан 80 адам көз жұмды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жыл артқан сайын өңірде жол-көлік оқиғалары көбейіп барады. Жалпы, соңғы жылдары Ақтөбе облысында ғана емес, республиканың барлық түкпірінде жол апатының салдарынан болатын өлім мен жарақат алу деректері жиі тіркелуде. Облыстық полиция департаменті мамандарының айтуынша, өңірде оқыс оқиғалардың жиі тіркелуіне жүргізушілердің жылдамдықты асыруы, жолдың қарама-қарсы бетіне өтуі, жаяу жүргіншілер жолында тұрғындарды өткізбеуі, т.б. жағдайлар себеп болып отыр.

Халықаралық жолдарда 74 жол-көлік оқиғасы болған

Ақтөбе облыстық полиция департаменті жергілікті полиция басқармасының жол қауіпсіздігі бойынша ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция майоры Асылхан Бекбосыновтың айтуынша, биыл жыл басынан бері өңірде 382 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан 80 адам көз жұмып, 535 адам әр түрлі дене жарақатын алған.

Биыл жол-көлік оқиғаларының көп бөлігі облыс аумағындағы халықаралық және республикалық жолдарда тіркеліп отыр. Мәселен, осы автокөлік жолдарында 7 айдың ішінде 74 жол-көлік апаты болып, соның салдарынан 54 адам көз жұмды. Бұл биыл жолдарда қаза тапқандардың — 67 пайызы. Соның ішінде Ақтөбе облысының үстімен өтіп жатқан «Самара-Шымкент» халықаралық автокөлік жолында 45 жол апаты болған. Осы жол апаттарының салдарынан биыл 31 адам көз жұмып, 101 адам түрлі дене жарақатын алып, ауруханаларға жеткізілді. Жалпы, бүгінде аталған халықаралық тас жолмен тәулігіне 16 мың көлік жүреді. Олардың ішінде Ресей Федерациясы, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстанға қатынайтын транзиттік көліктер өте көп. Сондай-ақ еліміздің көп өңіріне жолаушылар да, жүк көліктері де осы жолмен барады. Яғни, жылдан-жылға бұл тас жол бойымен жүретін көліктер саны да, жолаушылар саны да көбеюде. Биыл осы тас жолда транзиттік көліктердің қатысуымен 26 жол апаты тіркеліп, 17 адам көз жұмып, 47 жолаушы дене жарақаттарын алды, — дейді полиция майоры.

Оның айтуынша, Ақтөбе облысына қарасты Хромтау ауданында биылдан бастап 3-санаттағы жолды 1-санаттағы жолға ауыстыру жұмыстары басталған. Бұл жоба жолдарда оқыс оқиғалардың алдын алуға бағытталған. Сондай-ақ бүгінде департамент мамандары «Самара-Шымкент» тас жолы бойында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Мәселен, полиция инспекторлары жүргізушілерді тоқтатып, оларға жолда сергек болуға, шаршаған жағдайда кемпингтерде демалып алуға кеңес беруде.

Ақтөбе облысында жол апаты азаймай тұр. Кім кінәлі?

Жалпы, облыста тіркелген жол-көлік оқиғаларының дені жүргізушілердің жылдамдықты асыруынан, сондай-ақ транзиттік көлік жүргізушілерінің шаршап, рөлге ие бола алмай қалуынан, ұйқтап кетуінен болып отыр. Осы орайда біз биылдан бастап «Самара-Шымкент» жолына автоматты түрде жұмыс істейтін 12 сандық өлшегіш құралын қондырып жатырмыз. Бұдан бөлек, қала сыртындағы қауіпті жолдарға екі «Автоураган» жүйесі орнатылды. Жалпы, облысымызда бүгінде 15 «Автоураган» жүйесі жұмыс істеп тұр. Олардың көмегімен жыл басынан бері 44 мыңнан астам құқық бұзушылықтың алдын алдық. Сонымен қатар 16 тамыздан бастап Ақтөбе қаласында автоматты түрде жұмыс істейтін бейнекамералар өз жұмысын бастады. Қазір қала аумағында бұл жерлерде жүргізушілер жылдамдықты сағатына 40 және 60 шақырымнан асырмауы керек, — дейді Асылхан Бекбосынов.

Айта кету керек, биыл өңірде тіркелген жол апаттарының саны жағынан бірінші орында — «Самара-Шымкент» жолы, одан кейінгі орында «Ақтөбе-Астрахань» автокөлік жолы тұр. Мысалы, «Ақтөбе-Астрахань» тас жолында биылғы 7 айда 26 жол-көлік оқиғасы тіркеліпті.

Асылхан Бекбосыновтың айтуынша, 26 тамыздан бастап Ақтөбе облысында «Абайлайық, балалар!» акциясы өтіп жатыр. Аталған акция 6 қыркүйекке дейін жалғасады. Ондағы мақсат — балалардың жолдағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жол-көлік оқиғаларының алдын алу, оқушыларға түсіндіру жұмыстарын жүргізу.

Бұл іс-шараны өңірде балалардың мектепке барып-келуін, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырып жатырмыз. Себебі соңғы кезде облысымызда балалардың қатысуымен жол-көлік оқиғалары көбейіп отыр. Осы орайда биыл Ақтөбе қаласындағы мектептер мен балабақшалардың аумағына, жол апаты көп тіркелген жерлерге бейнекамералар мен жол белгілері орнатылуда.Сондай-ақ соңғы тағы бір өзгеріс — елімізде келер жылдан бастап балалар мен жолаушылардың қауіпсіздігін қамту мақсатында такси қызметі үшін оң жақ рөлдегі көліктердің жұмыс істеуіне тыйым салынатын болады. Яғни, оң жақ рөлдегі автокөлік жүргізушілерінің адам тасымалдауына мүлдем болмайды, — дейді полиция майоры.

Учаскеге бейнекамералар орнатылды

Ақтөбе облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы Әлем Көптілеуовтің айтуынша, 16 тамызда Ақтөбе қаласындағы 66 учаскеде жылдамдық режимін бекіту бейнекамералары іске қосылған. Бұл камералар іздеуде жүрген, айыппұлдары төленбеген, бағдарда тұрған, жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлерін таққан автокөліктерді анықтайды.

Бұл камералар бойынша жылдамдықты өлшеу шегі — сағатына 60 шақырым. Егер жүргізушілер осы шектен асырса, онда жол ережесін бұзған болып саналады. Биыл жаңа камералар іске қосылған кезде біз қала аумағында 10 мыңнан астам бұзушылықты анықтадық. Олардың дені жылдамдық режимін асыруға байланысты болып отыр, — дейді аға инспектор.

Жалпы, биыл жыл басынан бері Ақтөбе қаласында полиция департаментіне тиесілі 83 аумаққа жол жүру ережесі мен құқық бұзушылықты анықтайтын камералар орнатылған. Осылардың көмегімен бүгінге дейін 60 мың бұзушылық тіркелген.

Ақтөбе облысында жол апаты азаймай тұр. Кім кінәлі?

Мопед пен скутер тізгіндеген жастар көбейді

Биыл Ақтөбе облысында мопед пен скутер жүргізетін жастардың қатары көбейді. Тіпті, қазір жасөспірімдер арасында мопед пен скутер жүргізу сәнге айналғандай. Көшеде көлікпен келе жатсаңыз, жаныңызға жетіп келген мопедтен зәрең «ұшады». Себебі ережеге бағынбай, автокөлік жолында емін-еркін жүрген жас жүргізушілердің көлік жүргізгені өте қауіпті. Осындай жағдайлардан қазір облыс орталығында жол апаттары жиі тіркелуде.

Ақтөбе қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының инспекторы, полиция майоры Әсем Прмағанбетованың айтуынша, биыл облыста шағын электр көлігі құралдарының қатысуымен 159 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан бір адам көз жұмған, 16 адам дене жарақатымен ауруханаға түскен. Оның ішінде үшеуі — кәмелет жасқа толмағандар.

Былтыр Ақтөбе облысында мопед пен скутердің қатысуымен 57 жол-көлік оқиғасы болды. Салдарынан екі адам көз жұмып, 20 жолаушы зардап шеккен. Өкінішке қарай, биыл жол-көлік оқиғаларының саны артып отыр. Оған басты себеп — қала аумағында мопедтердің көбеюі. Қазір ата-аналар болып жатқан оқиғаларға қарамастан, балаларына мопед, скутер сатып алып береді. Көбіне бұл көліктер Қытайдан келіп жатыр. Біз осындай жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында рейдтік іс-шаралар өткізіп жатырмыз. Мысалы, жыл басынан бері өңірде жасөспірімдердің қатысуымен 1246 іс-шара өткізілді. Біз рейд кезінде жасөспірімдермен сөйлесіп, түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз. Оларға мопед пен скутердің салдарынан жол апаттары жиі болып жатқанын, жастардың қауіпсіздігі үшін мұндай электр көліктерінен бас тарту керектігін айтып жатырмыз. Тіпті, бұл мақсатта арнайы жастар үшін бейнеролик те түсірдік. Алайда әзірге нәтиже аз. Себебі ата-аналар балаларының қауіпсіздігін ойламайды, қауіп-қатерге қарамастан осындай көлік құралдарын алып беріп жатыр, — дейді Әсем Прмағанбетова.

Полиция майорының айтуынша, қазір облыста құжаттары жоқ мопедтер айыппұл тұрағына жабылып жатыр. Алайда ата-аналардың көбі айыппұл төлеп, оларды тұрақтан алып кетеді. Заңға сәйкес, шағын электр көлік құралдары көлік ретінде есептеледі. Яғни, оларды жүргізу үшін жүргізуші куәлігі болуы керек. Алайда жасөспірімдер мопедтерді куәліксіз жүргізеді. Ал айыппұл салынғанымен, нәтиже аз.

Бүгінде тұраққа қойылған мопедтердің иелеріне салынатын айыппұл көлемі — 36 мың теңге. Өкінішке қарай, қазір тұраққа қойылған мопедтердің денін иелері алып кетіп жатыр. Біз барынша қауіпсіздік шаралары үшін ата-аналар мен жасөспірімдерге түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, олардың қайта жолдарға шықпауына ескерту жасап жатырмыз. Дегенмен заң бойынша тыйым сала алмаймыз. Сондай-ақ бүгінде облыстағы коммуналдық тұрақта 58 мотоцикл тұр. Олардың құжаттары жоқ. Жалпы, биыл аталған тұраққа 324 мотоцикл қамауға алынған болатын, — дейді Әсем Прмағанбетова.

Жол қашанда қателікті кешірмейді. Сондықтан ата-аналар балаларының қауіпсіздігін ойлауы қажет. «Сән ғой» деп кез келген жағдайда балаға мопед, скутер сатып алып, сыйлауға болмайды. Жалпы, еліміздегі заң бойынша жасөспірімдер кешкі сағат 22.00-ден кейін көшеде жүруіне болмайды. Тек ата-анасымен ғана жүруге рұқсат беріледі. Қазіргі таңда осы орайда Ақтөбе қалалық полиция басқармасының ювеналдық бөлімі кешкі мезгілде ата-анасыз көшеге шыққан жасөспірімдерді «ұстап», оларға жан-жақты тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Өкінішке қарай, департамент мамандарының айтуынша, кешкі мезгілде ата-анасының рұқсатынсыз немесе үйінен қашып кететін жастар саны азаймай отыр.

Тұрғындар не дейді?

Ақтөбе облысы Хромтау ауданының тұрғыны Әлібек Сейтжан көп жылдан бері көлік жүргізеді. Бұрын мұнай саласында еңбек еткен ол жұмысы қысқарған соң такси қызметіне ауысқан. Қазір Хромтау қаласының ішіне, сондай-ақ аудан орталығы мен жақын ауылдарға жолаушылар тасиды.

 Өкінішке қарай, қазір облысымызда жол-көлік апаты көбейіп кетті. Оған басты себеп — жүргізушілердің жауапсыздығы мен асығыстығы. Сондай-ақ халықаралық, республикалық жолдардың тарлығы мен талапқа сай болмауы. Мәселен, біздің Хромтау ауданының үстімен күніне мыңдаған көлік өтеді. Көбі — жүк көліктері. Олардың салмағы көп әрі ұзын болғандықтан, кез келген жағдайда бұрылуы, жүруі, шапшаңдықпен қозғалуы қиын. Ал жеңіл көліктердің жүргізушілері жылдамдықты асыра отырып, әлгі жүк көліктерінен озып кетуге асығады. Сөйтіп асығыстықтың кесірінен жолда қарама-қарсы келе жатқан көліктерге барып соғады. Осындай жағдайлардың салдарынан биыл қаншама адам қырылып қалды? Әсіресе, балаларға обал. Биыл бірнеше рет жол апатынан мектеп оқушылары жолда көз жұмып, ата-аналары қан жұтты, — дейді аудан тұрғыны.

Ал Ақтөбе қаласының тұрғыны Жолмырза Сыбанбайұлының айтуынша, елімізде жол ережесін бұзғандарға қатаң жаза қолданбайынша, мұндай оқыс оқиғалар азаймайды.

Себебі жол апаттарының орын алуына себепкер — жүргізушілер қазір айыппұлдан «қорықпайды». Ақшасын төлеп, емін-еркін жүре береді.

 Кеңес үкіметі кезінде көлік те аз болды, оған қоса тәртіп те қатал болды. Ол кезеңде кез келген ауылда қазіргідей асфальт жолдар болған жоқ. Соған қарамастан жол апаты өте сирек болатын. Ал қазір күн сайын жол апаты тіркеліп жатыр. Тіпті, қала ішінде сағат сайын үлкен көшелер мен даңғылдарда кептеліс, жол-көлік оқиғалары жиі болады. Менің ойымша, біздің елімізде заң солқылдақ. Жолда адам қағып кеткен жағдайда немесе жылдамдықты асырғанның кесірінен адам өлімі болса, жүргізушілер жазадан құтылып кетеді. Адам өлімі болған соң кінәлі жүргізуші өмір бойы жазасын алуға тиіс. Ал бізде олай емес. Осындай жазаның жеңілдігінен қазір жастар көлік жүргізуден қорықпайды, жол апаты болса ақшасын беріп, мәселесін шешеді. Бір сөзбен айтқанда, жол ережесін бұзған жүргізушілерге қатаң жаза қолданылуы керек. Ал айыппұлды бүгінде кез келген адам төлей алады, — дейді Жолмырза Сыбанбайұлы.

Шынында да, елімізде жол апаты болған жағдайда көлік жүргізушілерінің арасында жеңіл жазамен құтылып кетіп жатқандары бар. Ал жол қателікті кешірмейді. Сондықтан кінәлі адам өз жауапкершілігін мойнымен көтеруге тиіс.

Осы тұста айта кету керек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде құқықтық мәдениеттің деңгейін аңғартатын айқын көрсеткіштің бірі – азаматтарымыздың көлік жүргізу мәнері екенін ерекше атап өткен еді. Президентіміз өз сөзінде елімізде жол жүру ережелерін жаппай бұзудың және жол үстіндегі дөрекіліктің зардаптары аса ауыр болып тұрғанын жеткізген болатын. Соның салдарынан републикада жыл сайын мыңдаған адам жол-көлік оқиғасынан көз жұмып жатыр.

Бір ғана дерек, 2023 жылы елімізде 15 мыңға жуық жол-көлік оқиғасы болған. Соның салдарынан 22 мыңнан астам адам зардап шеккен.

Ақтөбе қаласының тұрғыны Жолмырза Сыбанбайұлының айтуынша, жол апаттарының көбеюіне жолдардың сапасыздығы мен тарлығы да себеп болып отыр. Мәселен, Ақтөбе қаласының кейбір көшелері өте тар. Кейде қарама-қарсы келе жатқан екі көліктің өтуі қиын. Сондықтан қала көшелерін кеңейту керек.

 Қазір қала шетіндегі айналма жолдармен жеңіл көліктер де, жүк көліктері де көп жүреді. Көлік көбейіп, кептеліс болған кезде олардың жүруі өте қиын. Соның салдарынан жол апаттары болып жатады. Міне, осындай мәселені қала әкімдігі, оған қарасты автокөлік жолдары бөлімі зерттеп, қарауы керек. Сондай-ақ Ақтөбенің жолдары сын көтермейді. Қай көшеге барсаңыз да, ойдым-ойдым, шұңқыры көп. Ал ол көліктердің емін-еркін жүруіне кері әсерін тигізеді, жол-көлік оқиғаларының болуына ықпал етеді. Жүргізушілер нашар жолдан «қашамын» деп, келесі көлікке соғады. Жалпы, біздің өңірімізде жол мәселесі неше жылдан бері шешілмей келеді. Бұл — өте өзекті мәселе, — дейді қала тұрғыны.

Жолдар жөнделіп жатыр, бірақ сапасы қандай?

Жыл сайын Ақтөбе облысында жергілікті және республикалық маңызы бар жолдар жөнделіп жатыр. Бұл мақсатқа бюджеттен қыруар қаржы бөлінуде. Алайда сапалы жолдардың үлесі әлі де аз. Мәселен, қала көшелерінің көбінде ой-шұңқыр көп. Жүргізушілер осыған байланысты жиі шағымданады. Бір сөзбен айтқанда, облыстағы жолдардың сапасы сын көтермейді.

«Қазавтожол» АҚ Ақтөбе облыстық филиалының басшысы Айбол Данағұлдың айтуынша, 2024-2025 жылдары Ақтөбе облысына қарасты халықаралық және республикалық маңызы бар автожолдардың қатарында жалпы ұзындығы 305 шақырым болатын 13 нысанға орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

 Атап айтсақ, республикалық маңызы бар «Қандыағаш-Ембі-Шалқар-Ырғыз» автожолының 135 шақырымы жөнделеді. Мысалы, аталған автожолдың Ырғыз ауданындағы 391-401 шақырым аралығына, Мұғалжар және Шалқар аудандарының Қотыртас ауылы мен Шалқар қаласы бағыты бойынша 164-239 шақырым аралығына және Қандыағаш қаласы мен Ізімбет ауылы бағыты бойынша 0-50 шақырым аралығына жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Бұдан бөлек, республикалық маңызы бар «Ақтөбе-Мәртөк-Ресей Федерациясы шекарасы (Орынбор)» автожолында 34 шақырым, «Ақтөбе-Ресей Федерациясы шекарасы (Орскі)» автожолында 96 шақырым, «Қарабұтақ-Комсомол-Қостанай» автожолында 40 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады, — дейді ол.

Биыл халықаралық «Самара-Шымкент» автожолының Қобда ауылы маңындағы 590-613 шақырым аралығына, яғни 23 шақырым жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ «Қандыағаш-Ембі-Шалқар-Ырғыз» автожолының 239-249 шақырым аралығына жүргізілген орташа жөндеу жұмыстары аяқталған. Ал «Самара-Шымкент» тас жолының «Ақтөбе-Қарабұтақ-Ұлғайсын» автожол учаскелерін жаңарту бойынша жобалық-сметалық құжаттар әлі әзірленіп жатыр. Жоғарыда атап өткеніміздей, жол-көлік оқиғалары жиі тіркелетін бұл тас жолда жөндеу жұмыстары келер жылы толық жүргізілмек.

Қазіргі таңда «Ақтөбе-Қарабұтақ-Ұлғайсын» тас жолы бойындағы 7 учаске бойынша құжаттар дайындалып жатыр. Олардың бірқатары бойынша жол салатын мердігер ұйымдар анықталса, енді біреулері биыл жыл аяғына дейін әзірленеді. Мәселен, осы тас жолда барлығы 7 учаскеде ұзындығы 262 шақырым жол салынады. Қазір бірнеше учаске бойынша мердігер ұйым ретінде «Алматыдорпроект», «Сине Мидас Строй», «Каздорпроект» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері бекітілді. Ал «Ақтөбе-Қарабұтақ-Ұлғайсын» тас жолының 965-1025 шақырым аралығындағы ұзындығы 60 шақырым болатын учаскесінің жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеу мерзімі келер жылға жоспарланып отыр, — дейді Айбол Данағұл.

Ал Ақтөбе облыстық​ жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасының басшысы Айбек Қайырдың айтуынша, бүгінде облыста жалпы пайдаланымда 6309 шақырым автокөлік жолы бар. Оның ішінде 1869 шақырымы республикалық болса, 4440 шақырымы — жергілікті маңызы бар автокөлік жолдары.

 Бүгінде өңірімізде облыстық маңызы бар 1265 шақырым, аудандық маңызы бар 3175 шақырым жол бар. Биыл облысымызда жалпы құны 69,5 миллиард теңгеге (11,0 миллиард теңгесі — республикалық бюджеттен, 52,4 миллиард теңгесі — облыстық бюджеттен, 6,1 миллиард теңгесі — аудандық бюджеттерден) 186 жобаны жүзеге асыру жоспарланған болатын. Жыл соңына дейін бұл қаржыға 557,8 шақырым автокөлік жолдары, оның ішінде 189,2 шақырым қала және ауылішілік жолдар, 368,6 шақырым жергілікті маңызы бар автожолдар жөнделіп, салынады, — дейді Айбек Қайыр.

Оның айтуынша, келер жылдың басында облыстағы автокөлік жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 80 пайызға жетуге тиіс. Қазір бұл көрсеткіш — 75 пайыз. Осы бағытта қазір басқарма қарқынды жұмыс жасап жатыр. Дегенмен жұмыс нәтижесі жыл аяғында белгілі болады.

Р.S. Кінәні кімнен іздесек те, қазіргі таңда Ақтөбе облысында жол апаты азаймай тұр. Бұл өзекті мәселені жергілікті билік те, облыстағы белсенді азаматтар да жиі көтеруде. Алайда нәтиже аз. Соған қарағанда бұл мәселеге талдау жасап, заң аясында шешу керек. Әйтпесе, алыс жолға шығып, үйіне табытпен оралып жатқандар көп. Жолда абай болайық, оқырман!

Өзгелердің жаңалығы