Ақтөбе облысында жер сілкінісі болуы мүмкін бе?

20 Сәуір 2024, 15:15
442
Бөлісу:
Ақтөбе облысында жер сілкінісі болуы мүмкін бе?
Фото: pixabay.com

Ақтөбе облысында сейсмикалық аймаққа жататын бес елді мекен бар, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Облыста бүгінге дейін жер сілкінісі жағдайы тіркелген жоқ. Дегенмен биыл Алматыда тіркелген жер сілкінісі оқиғаларынан кейін өңірде тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жұмыстар қолға алынды.

Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрлыбек Жүнісовтің айтуынша, облыстағы Шалқар, Бадамша, Мәртөк, Ырғыз, Т.Жүргенев ауылдары жойқын жер сілкінісі аймағына жатпайды. Себебі бұл аймақтарда жер сілкінісінің ең жоғары қарқындылығы 6 баллдан аспайды.

Өңірде «Сейсмологиялық тәжірибелік-әдістемелік экспедиция» серіктестігі 2022 жылы Алға ауданында автоматтандырылған сейсмостанция орнатты. Станцияда сейсмикалық, геофизикалық, гидрогеологиялық, сейсмологиялық бақылаулар, жер қыртысының қазіргі қозғалыстары зерттеледі. Биыл департамент тарапынан «Сейсмикалық саланы дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарына» облыс аумағын, оның ішінде сейсмикалық қауіпті аймақтардағы елді мекендерді қамтитын қосымша автономды автоматтандырылған сейсмикалық станцияларды орнату жөнінде ұсыныс берілді,— дейді Н.Жүнісов.

Бүгінде облыста қажетті медициналық жабдықтар және дәрі-дәрмек қоры бар. Ақтөбе қалалық және аудандық ауруханаларда мобильдік топ құрылып, жедел жәрдем арнайы автокөлігімен қамтылған. Әр бригадада 4 маман бар. Облыста — 3447, аудандарда — 788, қалада — 2659, инфекциондық ауруханада — 732 , реанимациялық бөлімде 108 кереует бар. 

Қазір Әйтеке би, Ырғыз, Мәртөк, Қарғалы, Шалқар аудандарында ТЖБ мамандары сейсмоқауіпті аумақта орналасқан азаматтарға жер сілкінісі кезіндегі іс-қимыл ережелерін оқытуда.

Өзгелердің жаңалығы