Ақтөбе облысында теміржолға қажетті бұйымдар шығаратын кластер құрылмақ

6 Желтоқсан 2022, 19:16
1095
Бөлісу:
Ақтөбе облысында теміржолға қажетті бұйымдар шығаратын кластер құрылмақ

Бүгін «Investment Aktobe-2022» VII Халықаралық инвестициялық форумы барысында Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов өңірде теміржол дөңгелектерін шығаратын зауыт және рельс дәнекерлеу кәсіпорнын салуға мүмкіндік беретін екі меморандумға қол қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Дәлірек айтқанда, 2023 жылы «Ақтөбестил» ЖШС теміржол дөңгелектерін өндіретін зауыт құрылысын бастауды жоспарлап отыр. Инвестиция көлемі 278,6 млн. АҚШ долларын құрайды. Негізгі технологиялық жабдықты жетекші еуропалық өндірушілер жеткізбек. 582 адам жұмыс істейтін өндірісті іске қосу 2025 жылдың сәуіріне жоспарланған. 

Зауыт қуаттылығы жылына жүк және жолаушылар вагондарына арналған 330 мың дөңгелек шығаруға жетеді. Болашақта еуропалық және халықаралық стандарттарға сәйкес келетін дөңгелектерді шығару мүмкіндігі қарастырылмақ. Сондай-ақ, форум аясында Ақтөбеде рельс дәнекерлеу кәсіпорнының құрылысын бастау бойынша «ПЗТМ LTD» ЖШС-мен уағдаластық жасалды. 

Компания осы жобаға 16 млрд теңге инвестиция салуға ынталы. Ақтөбе облысы әкімдігі мен «ҚТЖ» ҰК АҚ бірлесіп іске асыратын аса маңызды жобалардың бірі компанияның рельсті тасымалдауға арналған шығындарын оңтайландыруға мүмкіндік береді. Қуаттылығы жылына 70 мың тонна өнім шығаратын кәсіпорында қазақстандық үлес 100%-ға дейін жетеді деп күтілуде. Жоба 2024 жылы аяқталады. 

Бұдан басқа, Ақтөбеде медициналық жабдықтар мен медициналық мақсаттағы бұйымдар шығаратын зауыт салынады. 

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов, «NEPHROX» БК» ЖШС директоры Рахат Байзақов және Diaflux GmbH директоры Теодор Моркель арасында үшжақты меморандумға қол қойылды. Жобаға бастамашы болған «QMP Qazmedpribor» өндіріске 8,3 млрд. теңге инвестиция салып, 295 жұмыс орнын құруға ниетті. 2026 жылы іске қосылатын кәсіпорында 50 мыңнан астам медициналық техника, 5 млн литрден астам дезинфекциялау құралдары, 3 млн астам жеке қорғаныс құралдары, сондай-ақ жылына 3 млн медициналық мақсаттағы бұйымдар өндіріледі. 

Жаңа өндіріс Ақтөбе қаласы мен республиканың ірі диагностикалық орталықтарының қажеттілігін медициналық жабдықтармен және медициналық бұйымдармен қамтуға мүмкіндік береді деген сенім мол.

Өзгелердің жаңалығы