Ақтөбе облысында тәлімбақты су басып қалған

29 Сәуір 2024, 12:18
321
Бөлісу:
Ақтөбе облысында тәлімбақты су басып қалған
Фото: автордан

Көктемгі су тасқыны кезінде Ақтөбе облысы Қобда ауданындағы «Ақтөбе орман және жануарлар дүниесін қорғау» мекемесінің тәлімбағын су басқан, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы кеше облыс орталығында өткізілген көшеттер жәрмеңкесінде аталған мекеменің орманшысы Марат Бисенбаев айтып берді. Оның айтуынша, су тасқыны кезінде тәлімбақты су басып, барлық ағаш көшеті суда қалған. Соның салдарынан көшеттер көктеп кеткен. Қазір мекеме жұмысшылары оларды басқа аумақтарға егіп тастау үшін жанталасып жатыр.

Қазіргі басты міндет жоспарды орындап, көшеттерді мезгілінде егіп тастау болып отыр. Сондықтан уақытпен санаспай, еңбектеніп жатырмыз. Бүгін бір күнге Ақтөбе қаласына келіп, өз өнімдерімізді тұрғындарға ұсынып отырмыз. Жәрмеңкеге ауданымыздың климатына бейімделген көк терек, шаған, үйеңкі, сібір шыршасы, қарағай сияқты ағаштарды әкелдік. Бағасы қымбат емес. Бұл ағаштардың ішінде ең қымбаты — сібір шыршасы. Бір данасы 15 мың теңге тұрады. Бағасы сапасына сай, бұл — 10 жылдық шырша. Қалған ұсақ көшеттердің бағасы қолжетімді. Халықтың келуі жақсы, дегенмен сәндік ағаштардың өтімі аз болып тұр, - дейді Бисенбаев.

Оның айтуынша, «Ақтөбе орман және жануарлар дүниесін қорғау» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қарамағында 14 мың гектар жер бар. Бұл мекеменің өсірген ағаштары Қобда ауданындағы көшелерге, кәсіпорындар мен түрлі ғимараттар алаңдарына егіледі. Мекемеде 50 адам жұмыс істейді. Қазір шаруашылыққа өрт сөндіру көлігі мен автобус жетіспейді. Сондай-ақ техник-мамандардың жалақысы да аз. Мұндағы тракторшылар 80 мың теңге жалақы алады.

Айта кету керек, көшеттер жәрмеңкесіне жеміс, сәндік ағаштар, гүл өсірумен айналысатын 14 кәсіпкер қатысты.

Өзгелердің жаңалығы