Ақтөбе облысында талапқа сай келмейтін өнімдер көрсеткіші қандай?

6 Ақпан 2023, 20:07
1091
Бөлісу:
Ақтөбе облысында талапқа сай келмейтін өнімдер көрсеткіші қандай?
Фото: ult.kz.

Ақтөбе облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті өткен жылы атқарған жұмыстарын қорытындылады, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Аталған департамент басшысының орынбасары Нұрлыбек Досжановтың айтуынша,

өткен жылы өнімдер қауіпсіздігін мониторингілеу аясында облыста барлығы 3571 өнімге сынама жасалған. Оның ішінде 297 сынама кеден одағының техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкес келмеген, яғни бұл өнімдердің 8,3 пайызын құрайды. 

 Сәйкес келмейтін өнімнің ең үлкен үлес салмағы импорттық өндірушілердің өніміне тиесілі – 75 пайыз (ЕАЭО – 50 пайыз және үшінші елдер – 25 пайыз) және қазақстандық өндірушілердің өніміне 25,0 пайыз тиесілі.

Техникалық регламенттер талаптарын бұзушылықтардан мыналар анықталды: өндірушілердің таңбалау қағидаларын бұзуы – 82,4 пайыз, микробиологиялық көрсеткіштерге сәйкес келмеуі – 12,5 пайыз, сондай-ақ физика-химиялық көрсеткіштерге сәйкес келмеуі – 4,4 пайыз. Анықталған заң бұзушылық фактілері бойынша өнімнің қауіпсіздігін мониторингілеу барысында 115 ұйғарым берілді, ірі және орта кәсіпкерлік субъектілеріне 10 жоспардан тыс тексеру жүргізілді, тексеру нәтижесіне сәйкес 459 450 теңге сомасына 10 әкімшілік айыппұл салынды, 111 088 теңге сомасына 127,95 келі сәйкес келмейтін өнім сатылымнан алынды, — дейді ол. 

Осылайша былтыр облыста аумақтық техникалық реттеу және метрология департаменттеріне 33 материал, өнім өндіретін кәсіпкерлік субъектілеріне сәйкес келмейтін өнімді анықтау фактілері бойынша 34 хабарлама жолданыпты. 

«Геом» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің алкоголь өніміне қатысты Қостанай облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінен келіп түскен ақпарат бойынша материалдар Қостанай облысының экономикалық тергеу департаментіне жолданды. Жергілікті өндірістің өнімдері «Жаңа Әлжан ұн комбинаты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің микроэлементтердің құрамы бойынша ұн тарту өнімдерінде және «Рокос Ко» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ет өнімдерінде сәйкессіздіктер анықталуына байланысты Ақтөбе облысының жергілікті атқарушы органдарына және Ақтөбе облысының кәсіпкерлер палатасына 3 ақпараттық хат жолданды, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы филиалында өндірістік кеңес өткізілді. Департамент мамандары кәсіпкерлер палатасының алаңында және департаментте жеке кәсіпкерлік субъектілері мен мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен 6 дөңгелек үстел өткізді, онда жиі анықталатын бұзушылықтар мәселелері талқыланды, — дейді Нұрлыбек Досжанов.

Ал Ақтөбе облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаевтың айтуынша, өткен жылдың 40 аптасы мен биылғы жылдың қаңтары аралығында өңірде 50467 адам тұмаумен ауырған. Жүкті әйелдер арасында 982 жағдай тіркелген.

Эпидемиологиялық кезеңнен бастап облыста 2855 үлгі зерттелді, оның 280-і (10,5 пайызы) оң нәтиже көрсетті, соның ішінде 238-і (85 пайызы) тұмаудың В типі және 42-сі (15 пайызы) А типі H1N1-pdm09 болып анықталды. Барлық тіркелген 280 тұмау дерегінің ішінде 126-і (45 пайызы) жүкті әйелдер болса, 104-і (37 пайызы) — 14 жасқа дейінгі балалар. Өткен жылы сондай-ақ департамент мамандары тұмауға жатпайтын вирустарға (парагрипп, аденовирус, риновирус, РС вирусы) қатысты 291 үлгіні зерттеді, нәтижесінде 7 РС вирусы, 12 риновирус және 35 аденовирус анықталды. Ал ЖРВИ-мен ауырған 2057 адам ауруханаға жатқызылды, оның ішінде 416-сы жүкті әйел болса, 431-і — 1 жасқа дейінгі балалар, — дейді М.Сербаев.

Департамент мамандарының хабарлауынша, былтыр облыс бойынша тұмаумен ауырып,  ауруханаға жатқызылғандар саны — 192 адам. Сонымен қатар пневмониямен 203 адам ауырған. Жансақтау бөлімінде 9 адам ем алған.

Қазір департамент мамандары тұмаудың алдын алу шараларын жүргізуде.

Өзгелердің жаңалығы