Ақтөбе облысында көктемгі су тасқынының алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мамандар қар қалыңдығы мен тоңның тереңдігін күн сайын бақылап, өзендердегі мұзды әлсірету үшін жарылыс жұмыстарын жоспарлаған, деп хабарлайды BAQ.KZ 24.kz-ке сілтеме жасап.
Облыстық ТЖД мәліметінше, жарылыс Ойыл, Үлкен Қобда және Шолақ өзендерінде жүргізіледі. Қазір тоңның қалыңдығы шамамен 120 см. Күзде жауын-шашын аз болғандықтан, мамандар тоңның тез жібитінін айтады.
Синоптиктер Қобда және Ырғыз өзендерінде қауіп деңгейі жоғары екенін, ал Мұғалжар, Мәртөк аудандарында қауіптің төмен екенін хабарлады. Былтыр өңірде су тасқынының алдын алу үшін жүзден астам инженерлік нысан салынды, оның ішінде Тамды өзеніндегі жаңа көпір мен жағалауды бекіту жұмыстары бар.
Көктемгі кезеңге дайындық аясында 2 мыңнан астам адам, 881 техника, жүзден аса қайық жұмылдырылып, жанармай мен азық-түлік қоры әзірленді.