Ақтөбе облысында қазақ тілін меңгерушілер үлесі қанша?

10 Сәуір 2023, 18:20
1034
Бөлісу:
Ақтөбе облысында қазақ тілін меңгерушілер үлесі қанша?
Фото: © Sputnik / Абзал Калиев

Ақтөбе облысында жастардың мемлекеттік тілді меңгеруіне арналған «Söile&Say» қазақша сөйлесу клубы және «Жастар рухы» жастар қанатының жанынан құрылған «Сөйле» тілдесу клубы жұмыс жасайды, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Ақтөбе облыстық тілдерді дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Маржан Жанасова өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте айтып берді.

Басқарма басшысының айтуынша, жыл өткен сайын облыста мемлекеттік тілді меңгеріп жатқандардың саны артып келеді. Әсіресе, өзге ұлт өкілдері арасында қазақ тілін үйреніп жатқандар қатары көп.

Облысымызда орыс тілді орта қалыптасқан үш аудан бар. Олар — Қарғалы, Хромтау, Мәртөк аудандары. Бұл аудандарда орыс ұлтының өкілдері көп тұрады. Сондықтан қазақ тілінде сөйлейтіндер аз. Дегенмен қазір осы аудандарда, сондай-ақ облыс орталығында мемлекеттік тілді білмейтіндердің көбінің ана тілімізді оқып-үйренуге деген құлшынысы артып келеді. Бұл — қуантарлық жағдай. Мәселен, биылғы жылдың үш айында Ақтөбе облысында 690 азамат қазақ тілін үйренуге арналған курстарға жазылған. Аталған тұрғындардың 46 пайызы немесе 320-сы — өзге ұлт өкілдері. Өкінішке қарай, әлі де өз арамызда қазақ бола тұра мемлекеттік тілде еркін сөйлей алмайтындар бар. Олардың дені — қалада өсіп, орыс мектебінде оқығандар, отбасында орыс тілінде тәрбиеленген, — дейді ол.

Маржан Жанасованың айтуынша, қазір өзге ұлт өкілдері арасында, әсіресе, жастар қазақ тілін үйренуге құштар. Тіпті, курсқа қатысып, түрлі тіл сайыстарында жеңімпаз болғандар да бар. Биыл Ақтөбе облысында жастардың бастамасымен құрылған «Söile&Say» қазақша сөйлесу клубы қарқынды жұмыс жасап жатыр. Сондай-ақ «Аmаnат» партиясының «Жастар рухы» жастар қанатының жанынан құрылған «Сөйле» тілдесу клубы да жастарға мемлекеттік тілді үйретуде үлкен үлес қосуда.

Мемлекеттік тілді меңгеруге ниет білдіргендерге арнап біз былтыр «Мен қазақ тілінде қызмет көрсетемін» атты акция ұйымдастырдық. Осы акция аясында шағын және орта бизнес нысандарына әдістемелік көмек көрсеттік. Биыл да бұл бағыттағы жұмыстапр жалғасын табады. Сондай-ақ биыл ақпан айында Қарғалы ауданында «Қазақ тілі – ұлттар бірлігінің ұйытқысы» атты өңірлік семинар-кеңес өтіп, өңірдегі белсенді азаматтарды жинап, тілдік тұрғыда кемсітушілікті болдырмау мәселесінің алдын алдық. Жалпы, соңғы жылдары облысымызда қазақиландыру үрдісі жақсы жүзеге асып келеді. Олай дейтініміз, бүгінде облыстағы ауылдар мен көшелердің 66 пайызы дәстүрлі топонимдер болса, 32,2 пайызы тарихи тұлғалардың есімдерімен аталады. Жалпы атаулардың 96 пайызы қазақ тілінде болып отыр. Бұл мемлекеттік тілдің аясы кеңейген деген сөз, — дейді басқарма басшысының міндетін атқарушы.

Былтыр аталған басқарма мамандары тіл жанашырларымен бірлесіп, облыс орталығындағы бірқатар медициналық мекемелерді, жеке білім беру ұйымдарын, кәсіпкерлік нысандарын аралап, олардың атауларының, ғимараттарға ілінген көрнекі ақпарат мәтіндерінің ҚР «Тіл туралы» Заңының талаптарына сәйкестігін бақылап, мониторинг жұмыстарын жүргізді.

Басқарма берген деректерге сүйенсек, 2022 жылы облыста жалпы саны 400-ге жуық ғимаратқа мониторинг жұмыстары жүргізіліпті. Жыл басынан бері бұл бағыттағы жұмыстар тағы да қолға алынуда.

Өткен жылы 400-ге жуық нысанның 96-сынан заң бұзушылықтар анықталып, мекеме басшыларына, кәсіпкерлерге түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар біз облыс әкімдігіне қарасты мемлекеттік органдарда іс қағаздарының мемлекеттік тілде жүргізілуіне де мониторинг жасап отырамыз. Бір қуантарлығы, бүгінде мемлекеттік органдардың іс қағаздардың қазақ тілінде жүргізілу үлесі 99 пайызға жетіп отыр, — дейді басқарма басшысының міндетін атқарушы.

Айта кету керек, өткен жылдың қазан айынан бері Ақтөбе облыстық тілдерді дамыту басқармасында басшы жоқ. Бұрынғы басшысы Медет Ысқақов Ақтөбе қаласы Алматы ауданының әкімі болып тағайындалған-ды. Ал қазіргі басқарма басшысының міндетін атқарушы Маржан Жанасова бірнеше жыл басқарма басшысының орынбасары болып жұмыс атқарған.

Өзгелердің жаңалығы