Ақтөбе облысында қай салада өрлеу бар?

3 Ақпан 2023, 19:02
1661
Бөлісу:
Ақтөбе облысында қай салада өрлеу бар?

Ақтөбе облысында басқарма басшылары тұрғындарға есеп беріп, 2022 жылдың қорытындысымен бөлісті, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Соңғы жылдары облыста кәсіпкерлік саласы едәуір дамыған. Бұл өңір халқының кәсіп ашуға деген ынтасы жоғары екенін көрсетеді.

Ақтөбе облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Нұрхан Тілеумұратовтың айтуынша, бүгінде облыста кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасын жүзеге асыру бойынша белсенді шаралар жүргізілуде. Сондай бағыттардың бірі – ұлттық жоба аясындағы қаржылық қолдау.

Бұл бағытта былтыр 11,8 миллиард теңге қаржы бөлініп, оған 4549 жоба іске асырылды. Жыл өткен сайын облысымыз өзге өңірлер арасында кәсіпкерлік жобаларды жүзеге асыру және оларды қаржылай қолдау бойынша көш бастап келеді. Мәселен, 2022 жылы өңірімізде шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 20 пайызға артып, олардың саны 90 мыңға жетті. Қазір тұрақты жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік нысандарының саны — 82,6 мың, — дейді басқарма басшысы.

Облыста кәсіпкерлікпен қатар білім беру саласында да былтыр көптеген жағымды жаңалықтар болды. Мәселен, 2022 жылы 2767 орындық 26 балабақша ашылып, соның нәтижесінде 1-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту көрсеткіші 88,4 пайызға жетті.

Бүгінде Ақтөбе облысында 426 мектеп, 577 балабақша, 42 колледж бар. Былтыр  республикалық олимпиада қорытындысы аясында сапалық рейтинг бойынша  облыстың құрама командасы «Ең үздік олимпиадалық команда» атағын жеңіп алды. Еліміз бойынша Ақтөбе қаласындағы Білім-инновация лицей-интернаты «Ең үздік олимпиадалық мектеп» атанып, 6 мектебіміз еліміздің ең үздік деп танылған 100 білім ордасының қатарына енді, — дейді облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұргүл Бертілеуова.

Өткен жылы Ақтөбе облысында еліміз бойынша тұңғыш рет «БІЛІМ ALL» жобасы іске қосылды. Бұл жоба аясында математика, физика, химия, биология, ағылшын тілі пәндері бойынша алты мектептің 35 ұстазы 120 мектептің оқушыларына онлайн сабақ өткізеді.  

Нұргүл Бертілеуованың айтуынша, бүгінде облыста жалпы құны 3,3 млрд теңгеге 3920 орындық 14 мектептің құрылысы жүргізілуде. Нәтижесінде алдағы уақытта 2 үш ауысымды, 3 апатты, 4 орын тапшылығы қалыптасқан, сондай-ақ  5 ескі мектептің мәселесі шешілмек. Биыл осылардың ішінде 6 білім ордасы пайдалануға беріледі.

Облыста былтыр жақсы дамыған салалардың бірі — құрылыс саласы. 

2022 жылы облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасына 290 жобаны жүзеге асыру үшін бюджеттен 38,7 млрд теңге қаражат бөлінген. Басқарма басшысы Нағымжан Алдияровтың айтуынша, осы қаржының 36,3 млрд теңгесі игерілген.

Былтыр 101 нысанға жобалау-сметалық құжаттама әзірлеу жұмыстары жүргізілді. Бұдан бөлек құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілген 83 нысанның 26 нысаны 2022 жылы пайдалануға берілсе, 57 нысан биылғы жылға қалды. 83 нысанның қатарында білім, спорт, мәдениет, бизнес, төтенше жағдай салаларының ғимараттары бар. Биыл облыста білім беру саласында 24, спорт саласында 5, денсаулық сақтау саласында 1, мәдениет саласында 2, сондай-ақ «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында 4 нысан 2023 жылға қалдырылды. Бұлардың барлығы биыл жыл аяғына дейін қолданысқа беріледі, — деді Н.Алдияров. 

Оның айтуынша, былтыр Ақтөбе облысында жаплпы алаңы 1252,3 мың шаршы метр болатын тұрғын үй пайдалануға берілген. Осылайша тұрғын үй көрсеткіші 2021 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 106,0 пайызды құрап отыр.

2023 жылға басқармаға бюдженттен 40,1 миллиард теңге қаражат бөлініп отыр. Осы қаржыға облыста 190-нан астам жоба іске асырылмақ. Сондай-ақ барлық қаржыландыру көздері есебінен 1266,0 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарлануда, — дейді ол.

Ақтөбе облысы тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Жұмамұрат Алдашев 2022 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында департамент тұтынушылардың құқықтары бұзылуына қатысты 976 өтініш қарағанын айтады.

Оның ішінде жазбаша өтініштер саны — 228, телеграмбот арқылы түскендер саны — 77, ЕИС арқылы 2, мамандар қабылдауы арқылы 186 және жедел желі телефоны арқылы 483 өтініш қаралды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өтініштер 134 пайызға артты (2021 жылы 731 өтініш қабылданған), бұл тұтынушылардың құқықтары бұзылуының өсуін және өңір тұтынушыларының өз құқығын қорғауға белсенділігі артқанын көрсетіп отыр, — дейді департамент басшысы.

Оның айтуынша, түскен өтініштерді қараудың нәтижесінде 551 тұтынушының өтініші қанағаттанарлық деңгейде шешілсе, 368 тұтынушыға түсіндіру жұмыстары жүргізілген. 

Жалпы өткен жылы облыс тұтынушыларына 38,3 млн. теңге қаражат қайтарылған. 

2022 жылы департамент үшінші тарап ретінде 3 сот отырысына қатысты, нәтижесінде 2 сот отырысында тұтынушы құқығы қорғалды, сотта медиативтік келісім жасалуына байланысты 2 тұтынушыға 1697,8 мың теңге қаражаты мен 200,0 мың теңге өкілдік шығыны төлену туралы шешім шықты. Бір сот отырысында сапасыз жиһаз дайындау бойынша тұтынушы тауардың сапасыздығы дәлелденбеуіне байланысты жеңілді. Жалпы департамент былтыр тұтынушылар құқықтарын қорғау бағытында 154 ақпараттық-түсіндіру шарасын жүргізді. Бұдан басқа әлеуметік желілерде 355 ақпараттық материал жарыққа шықты, — дейді Ж.Алдашев.  

Өзгелердің жаңалығы