Ақтөбе облысында қанша көлік заңдастырылды?

20 Маусым 2023, 09:20
821
Бөлісу:
Ақтөбе облысында қанша көлік заңдастырылды?
Фото: автордан

Ақтөбе облысында 23 қаңтардан бастап бүгінге дейін 16 мыңнан астам автокөлік заңдастырылған, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Ақтөбе облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының процессингтік орталығының басшысы Данияр Сарқұлов айтып берді.

Оның айтуынша, жүргізушілер биылғы жылдың 1 шілдеге дейін өтініштерін беріп, шетелдік автокөліктерін заңдастырып үлгеруі керек.

Бүгінге дейін Ақтөбе облысында 11 мыңға жуық адамның өтініші алдын ала мақұлданды. Ал жалпы өңір бойынша 16 мыңнан астам автокөлік сәтті заңдастырылып, көлік иелері техникалық паспорттары мен мемлекеттік нөмірлерін алды. Осы уақытқа дейін көліктерді тіркеу кезінде заң бұзушылықтар немесе жағымсыз жағдайлар болған жоқ. Тұрғындарға айтарымыз, 1 шілдеге дейін өтініштерін беріп үлгерулері керек, егер көлікті тіркеуде олқылықтар немесе басқа жағдайлар болса оны облыстық полиция департаменті назарға алатын болады, — деді ол.

Данияр Сарқұловтың айтуынша, жыл басынан бері облыста заңдастыру кезінде агретаттық мәліметтері жойылған 70 автокөлік тіркелген. Қазір оларды тіркеу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ өңірде жалған құжаттары бар бірқатар көліктер де анықталған. Алайда облыста ұрланған көліктер тіркелмеген.

Ақтөбе облысында қанша көлік заңдастырылды?

Қазір жұрт арасында «Шетелдік автокөліктерді заңдастыру уақыты созылуы мүмкін» деген алып-қашпа әңгіме айтылып жүр. Алайда бұл — жалған ақпарат. Заңдастыру уақыты 1 шілдеде аяқталады. Сол үшін жүргізушілер осы уақытқа дейін өтініштерін беруі керек. Ал уақытша тіркеу ақ нөмірлі көліктерге 5 жылға беріледі. Олар өз көліктерін бес жыл ішінде тіркетуі қажет. Оған 200 мың теңге бастапқы төлем және құжаттар үшін 15 мың теңге мемлекеттік баж алынады, — деді орталық басшысы.

Оның айтуынша, 1 шілдеге дейін заңдастырылатын автокөліктер өткен жылдың 1 қыркүйегіне дейін елге әкелінген болуы керек. Ал 1 қыркүйектен кейін республика аумағына кіргізілген автокөліктер заңдастыруға жатпайды. Сондай-ақ автокөліктер шет елдерде есептен шығарылуы және іздеуде болмауы керек.

Бүгінде ақтөбеліктер 10-15 күн бұрын gov.kz порталы арқылы құжаттарын өткізіп, Ақтөбе қаласындағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына келіп, көліктерін тіркетіп жатыр. Атап айтсақ, кез келген тұрғын портал арқылы белгіленген күні ангарға келіп, көліктерінің нөмірлік агрегаттарын салыстыртып, құжаттарын алуда. Бүгінде 16 мыңнан астам осылай өз көліктерін заңдастырған.

Ақтөбе қаласындағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы мамандарының айтуынша, орталық дүйсенбі-жұма күндері таңғы 9.00-ден кешкі 20.00-ге дейін қызмет көрсетеді, ал сенбі күндері 9.00-14.00 аралығына дейін жұмыс істейді. Бүгінде мұнда күніне 200-300 автокөлік тіркеуден өтеді. Оларды криминалист-сарапшылар жан-жақты тексеріп жатыр.

Ақтөбе облысы Ырғыз ауданының тұрғыны Қ.Баймұханбетов 15 күн бұрын gov.kz порталы арқылы көлігі туралы деректерді тексеруге өтініш берген. Нәтижесінде ешқандай заңбұзушылық анықталмаған. Осылайша ол 12 маусым күні ресейлік нөмірлі «ВАЗ-2110» автокөлігін сәтті заңдастырған.

Шалғай ауылда тұрсам да, облыс орталығына көлігімді әкеліп, мемлекеттік нөмір алдым. Көлігімді тіркетуде ешқандай қиындықтар болған жоқ. Заңдастыру уақыты 1 шілдеге дейін болғандықтан қазір шалғай ауыл-аймақтардан келіп, мен сияқты көлігін тіркететіндер көп. Ең бастысы, көлігіміз бұзылмай, адал қызмет етсін, — дейді ауыл тұрғыны.

Ал қала тұрғыны Алмат Сейітов осы аптада автокөлігін тіркетпек. Бұған дейін көлігін заңдастыруға қаржысы болмапты.

Тұрақты жұмысым жоқ. Қазір қалада такси жүргізушісі болып жұмыс істеп жүрмін. 215 мың теңгені бірнеше ай бойы жинадым. Енді, міне, осы аптада ресейлік нөмірлі көлігімді тіркетемін. 1 шілдеге дейін үлгеруім керек, — дейді ол.

Алмат «ВАЗ-2190» маркалы көлігін өткен жылы сатып алған. Қазір осы темір тұлпарымен отбасын асырап отыр. Ол — төрт баланың әкесі. Маусым айының басында кенжесі Димаш дүниеге келген. Ол ұлының есімін Димаш Құдайбергеннің құрметіне қойыпты.

Айта кету керек, Ақтөбе облысында бүгінде жалпы саны 30 мыңға жуық шетелдік автокөлік болса, соның 27 мыңға жуығы Ресейден, ал 3 мыңы Армениядан әкелінген. Заңға сәйкес, осы әкелінген көліктердің барлығы заңдастырудан өтуге тиіс.

Өзгелердің жаңалығы