Ақтөбе облысында Президент тапсырмалары ойдағыдай орындалып жатыр -Тоғжанов

1 Қыркүйек 2023, 17:05
1982
Бөлісу:
Ақтөбе облысында Президент тапсырмалары ойдағыдай орындалып жатыр -Тоғжанов
Фото: Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз қызметінен

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов өңірде Мемлекет басшысының Жолдауда айтқан тапсырмалары сапалы және уақытылы жүзеге асырылып жатқанын жеткізді, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Облыс әкімінің айтуынша, өткен жылғы Президенттің «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында қарапайым халықты толғандырған нарықтық тұрақсыздық, бағаның өсуі, құрылыс және аграрлық секторларды дамыту, жерді игеру, салық мәселелері, ұлт денсаулығын сақтау жолындағы бастамалар мен тың реформаларды жүзеге асыру, т.б. мәселелерді шешуде өңірде бір жыл ішінде көптеген жұмыстар жүргізілген.

Ақтөбе халқы қашан да Президенттің бастамаларын қолдайды. Өткен жылғы қыркүйек айынан бері бір ішінде біз Мемлекет басшысының берген тапсырмаларын мерзімінде орындауға бар күш-жігерімізді салдық. Атап айтсақ, өткен жылғы Жолдауда айтылған Президенттің «Халық қатысатын бюджет» жобасын кеңейтіп, оны қалалар мен ауылдарға тарту тапсырмасы Ақтөбе облысында ойдағыдай жүзеге асырылуда. Мәселен, Ақтөбе қаласында «Халық қатысатын бюджет» 2020 жылдан бастап қала аудандары деңгейінде іске асырылуда. Былтыр облыста бұл бағдарлама аясында 45 жоба іске асырылса, биыл барлығы 72 жоба жүзеге асырылуда. Жобалар, негізінен, спорттық және балалар ойын алаңдарын орнату, аула аумақтарын абаттандыру, тротуарларды салуға және тағы басқа жұмыстарға бағытталған. Сондай-ақ биыл облыста «Халық қатысатын бюджет» жобасы Алға, Қандыағаш, Хромтау және Шалқар қалаларында да жүзеге асырылмақ. Қазіргі таңда ұсынылған 11 жобадан 5 жоба іріктеліп, сметалары әзірленуде. Аталған жобалар 2024 жылдан бастап жүзеге асырылатын болады, — дейді Ералы Тоғжанов.

Оның айтуынша, Жолдауда Мемлекет басшысы тапсырған Қала құрылысы кодексін қабылдау тапсырмасы да Ақтөбе өңірінде ойдағыдай жүзеге асырылып жатыр. Бұл орайда Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Қала құрылысы кодексін әзірлеу мақсатында құрылған жұмыс тобының құрамында облысымыздан 5 өкіл бар. Өкілдер жұмыс тобында талқылауға қатысуда. Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің ұйымдастыруымен биыл 3 мамырда облысымызда өткен семинардың күн тәртібінде Қала құрылысы кодексінің жобасына түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, сәулетшілер, құрылысшылар, жобалаушы және мердігер мекемелер арасында талқылау өткен.

«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде және Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі бекіткен жергілікті атқарушы органдардың геопорталдарына қойылатын бірыңғай талаптарға сәйкес Ақтөбе қаласының геопорталы әзірленіп жүзеге асырылуда.

Былтырғы Жолдауында ел Президенті: «Шаруалардың өзара ұжымдасуы ауыл шаруашылығын дамытуға жол ашып отыр. Біз осындай пилоттық жобаны жүзеге асырдық. Оған қатысқан ауыл шаруашылығы кооперативтерінің егіні екі есе артық өнім берген. Ал мал басы шамамен 25 пайызға көбейген. Әр өңірдің ерекшелігін ескере отырып, оң тәжірибені бүкіл елге біртіндеп тарату қажет», — деген болатын. Былтыр Ақтөбе облысында дәл осы Жолдауда айтылған тапсырмалар негізінде ауылдарды дамыту, ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелерді шешу мақсатында пилоттық жоба басталды. Бұл — өткен жылдың қараша айында бастау алған «Ауыл аманаты» жобасы. Аталған жобаны қаржыландыруға республикалық бюджеттен 2022 жылдың қараша айында 3,0 млрдтеңге, 2023 жылдың ақпан айында қосымша 3,5 млрд теңге қаражат бөлінді. Бүгінде жоба аясында жалпы сомасы 6,8 млрд теңгеге 1569 жобаның құжаты тапсырылып, 6,3 млрд теңгеге 1485 жоба мақұлданды. 4,4 млрд теңгеге 1028 жобаға несие берілді. 54 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды.

Берілген несиенің нәтижесінде бүгінде 103 мыңнан астам құс алынды, 68 жылыжай салынып, 158,6 гектарға картоп пен көкөніс егілді және шағын бизнестің 385 жаңа жобасы жүзеге асырылуда. Сондай-ақ өңірде қаржылық несиемен қатар тауарлық несие беру тетігі енгізілді. Тауарлық несиенің ерекшелігі сол, кепіл мүлкі жоқ, несиесі бар, аз қамтылған, көп балалы отбасыларға бюджеттің бірде-бір тиынының жұмсалмай, кепілсіз, пайызсыз болуы және қайтарым түрі қаржылай емес, алынған төл есебінен өтелуі. Бүгінде ірі шаруа қожалықтарының қолдауымен Ақтөбе облысының елді мекендерінде тұратын 335 отбасыға 4716 бас мал берілді. Бұл бастама жыл аяғына дейін жалғасады, — дейді Ақтөбе облысының әкімі.

Президенттің игерілмей жатқан жерлерді мемлекетке қайтару тапсырмасына орай биыл Ақтөбе облысында жалпы көлемі 282,4 мың гектар жер учаскесі анықталып, мемлекеттің жер қорына қайтарылғанын айтты.

Жыл басынан бері Ақтөбе облысының жер ресурстарын басқару департаменті жалпы көлемі 28,4 мың гектардан асатын 41 ауыл шаруашылығы жер учаскесіне тексеріс жүргізілді. Нәтижесінде 23,2 мың гектар алаңға 32 тексеріс шарасы жүргізіліп, бұзушылықтар анықталды. 705 гектар болатын бір жер учаскесі өз еркімен мемлекет менішігіне қайтарылды, — дейді Ералы Лұқпанұлы.

Облыс әкімінің айтуынша, Жолдауда айтылған елімізде 650 елді мекенде емдеу мекемесін салу, Ұлттық жоба аясында 32 аудандық аурухананы заманға сай жаңарту, ауданаралық көпбейінді мекемеге айналдыру тапсырмасы Ақтөбе өңірінде алдағы екі ішінде жүзеге асырылмақшы. Бұл орайда облыста Үкіметтің «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын бекіту туралы» қаулысы шеңберінде 2023-2024 жылдар аралығында 29 денсаулық сақтау нысанының құрылысын жүргізу жоспарланған. Оның алтауы дәрігерлік амбулатория болса, 4-еуі — фельдшерлік-акушерлік пункт, 19-ы — медициналық пункт. Бүгінде 11 жоба бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары басталған, олар жыл соңына дейін аяқталатын болады. Ал 8 жобаға республикалық бюджеттен 1,1 млрд теңге, жергілікті бюджеттен 126,0 млн теңге бөлінген. Сонымен қатар үш жобаның құрылысына қаржы бөлу алдағы уақытта республикалық бюджеттік комиссияның кезекті сессия отырысында қаралады.

Былтырғы Президент Жолдауында өңірлерде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында білім ошақтарын салу, 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасау туралы тапсырма берілді. Осылайша облыстардағы апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектептер мәселесі шешілмек. Бұл тұрғыда Ақтөбе облысында былтыр 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі сапалы біліммен қамтамасыз ету бойынша балабақшаларды іске қосудың 2025 жылға дейінгі қадамдық жоспары әзірленді. Осы жоспар аясында 2025 жылға дейін өңірімізде 9915 орындық 99 балабақша ашылады. Мәселен, өткен жылы облыста 2750 орынға арналған 26 мектепке дейін ұйым ашылса, биыл 2500 орындық 26 балабақша ашылады.

Ақтөбе облысында қазір балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту үлесі 2 жастан 6 жасқа дейін – 93, 3 жастан 6 жасқа дейін 100 пайызға жетіп отыр.

Бүгінде Ақтөбе қаласында 2000 орындық 20 мемлекеттік балабақша, 1355 орындық 17 жекеменшік балабақша іске қосылды.

Жалпы, бүгінде облыста 6 үш ауысымды, 5 апатты мектеп бар. Мектептерде 17 844 орын тапшы. Орын алған мәселені шешу мақсатында 2025 жылға дейін 22 770 орынға арналған 44 мектептің құрылысын жүргізуді жоспарлап отырмыз. Оның ішінде «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында 14 900 орынға арналған 18 мектептің құрылысы жүргізіледі. Жобалардың жалпы құны – 90,8 миллиард теңге. 13 мектеп Ақтөбе қаласында, ал 5 мектеп Мұғалжар, Мәртөк, Темір және Шалқар аудандарында салынатын болады. Биыл «Жайлы мектеп» жобасы аясында облыста 14 мектептің құрылысы басталды. Олар 2024 жылы пайдалануға беріледі, — дейді Ералы Тоғжанов.

Облыс әкімі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауда айтылған жастарды жұмыспен қамту, студенттерге жағдай жасау, оларды жатақханамен қамтамасыз ету, қалалардың инфрақұрылымын абаттандыру, «Қаңтар оқиғасы» кезінде қаза болғандардың қаржылық жағдайы қиын отбасыларына материалдық қолдау көрсету, отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейту, т.б. тапсырмалар бойынша Ақтөбе облысында жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді.

Еліміздің қоғамдық-саяси өміріне тың серпін беретін жағымды жаңалықтар мен нақты тапсырмалар Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауынан бастау алатыны белгілі. Сондықтан Ақтөбе жұртшылығы да жыл сайынғы Президент Жолдауын асыға күтеді. Біз үшін ең басты міндет — осы Жолдауларда айтылған тапсырмаларды сапалы әрі уақытылы орындау, халықтың әл-ауқатын көтеру, сол үшін жан-жақты жұмыс жүргізу, өңірдің экономикасын көтеру.

Бүгін де Мемлекет басшысы жаңа Жолдауын жолдап отыр. Біздің алдымызда осы Жолдауда айтылған тұжырымдамаларды іске асыру міндеті тұр. Қашан да билік пен қоғам арасына тұрақты диалог орнатып келе жатқан Президентіміздің биылғы Жолдауда айтқан тапсырмаларын орындау үшін енді екі есе жұмыс жасауға тиіспіз. Осы тұста айта кету керек, былтыр Ақтөбе облысының бюджеті 429 миллиард теңгені құраса, биыл өңір бюджеті 209 миллиард теңгеге артып, жалпы мөлшері 638 миллиард теңгеге жетіп отыр, — деді Ералы Тоғжанов.

Өзгелердің жаңалығы