Ақтөбе облысы Білім беруді тұрақты дамыту Қорының «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептердің әлеуетін дамыту» қайырымдылық жобасына қатысатын өңірлер тізіміне енді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жоба білім беру сапасын арттыруға, ауыл мектептеріне үздік педагогикалық тәжірибелер мен тиімді әдістемелерді енгізуге және тірек мектептерді қажетті материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етуге бағытталған.
Бүгін Алға ауданы Бестамақ ауылында алғашқы тірек мектеп таныстырылды.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2023 жылдан бастап Қазақстанда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы іске асырылуда. Жобаның мақсаты – бірыңғай стандарт бойынша мектептер салу, ондағы орын тапшылығы мәселесін жүйелі шешу. Сонымен қатар, «Қазақстан халқына» қоры қаржыландыратын «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептердің әлеуетін дамыту» маңызды жобасы жұмыс істейді. Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқыту әдістемесін қолданған ауылдағы тірек мектептер облысымыздың тағы бірнеше аудандарында пайда болады. Жобаны жүзеге асыру ауылда оқитын оқушыларға өздері тұратын жерде сапалы білім алуға, сондай-ақ білім беру ресурстарын шоғырландыруға мүмкіндік береді», - деп атап өтті Ералы Тоғжанов.
Білім беруді тұрақты дамыту қорының директоры Данияр Тоқтарбаев өңір басшысына жоба аясында 27 оқу кабинеті мен қосымша білім беру шеберханалары жабдықталғанын айтып өтті. Пәндер мен бағыттар бойынша оқу кабинеттерімен бірге қосымша білім беру кабинеттері – STEM-зертхана, АРТ-студия, телестудия, оқушыларға арналған коворкинг аймағы бар кітапханамен жарақтандырылған.
Білім беруді тұрақты дамыту қоры және жоба серіктесі «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ мамандары мектептегі білім беру ортасы мен оқыту сапасын талдау бойынша жұмысты аяқтады, мектепті дамыту, білім беру сапасын арттыру бойынша ұсынымдар әзірледі, сондай-ақ мұғалімдерге қажетті біліктілікті арттыру курстарын анықтады. Тірек мектептерді жаңартып, қайта жабдықтауға «Қазақстан Халқына» қоры 250 млн теңге бөлді, - деп хабарлады Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі.