Ақтөбе облысында мұғалімдер жалған сертификатпен үстемеақы алған

18 Қыркүйек 2023, 20:50
5860
Бөлісу:
Ақтөбе облысында мұғалімдер жалған сертификатпен үстемеақы алған

Ақтөбе облысында мектеп және колледж мұғалімдері жалған сертификатпен мемлекеттен қосымша үстемеақы алып келген, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі. 

Жуырда бұл заңсыздықты Ақтөбе облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті мен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті анықтаған. Нәтижесінде Ақтөбе облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті облыстық білім басқармасына аудиторлық тексеру жүргізген. 

Ақтөбе облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы Сәкен Қасымовтың айтуынша, Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 27 қаңтардағы 83 бұйрығында педагогтерге кезекті біліктілік санатын беру үшін ұлттық біліктілік тестілеуінен сәтті өту керек деп көрсетілген. Осыған байланысты облыстағы бірнеше мектептің мұғалімі 2018-2022 жылдар аралығында тестілеуден өткені туралы сертификаттар алған. Тексеру шаралары кезінде әлгі мұғалімдердің сертификаттары орталықтың certificate.testcenter.kz сайтынан табылмаған. 

Бұл дегеніміз мұғалімдер аталған сертификаттар үшін негізсіз үстемақы алғанын білдіреді. Біз аудиторлық тексеріс кезінде барлығы 63 миллион 925,9 мың теңгеге негізсіз үстемеақы төленгенін анықтадық. Сондай-ақ мұғалімдер мен оқытушыларға 2021 жылдан бастап қазіргі таңға дейін қол жеткізген педагогикалық санаттары үшін айлықтарына қосымша мемлекет тарапынан барлығы 33 миллион 739,2 мың теңге негізсіз ақша аударылғаны анықталды. Осылайша облыста барлығы 110 педагогке Еңбек кодексінің 107-бабының 3-тармақшасына қайшы жалпы сомасы 97 миллион 665,0 мың теңге негізсіз төленіп келген, — дейді департамент басшысы. 

Бүгінге дейін 110 мұғалімнің 24-і жалпы сомасы 21 млн теңгеден астам қаражатты бюджетке қайтарған. Ал қалған педагогтердің қаражатты қашан қайтаратыны белгісіз. 

Біз осы мәселеге қатысты облыстық білім басқармасына хабарласқан едік. Басқарма басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова сауалымызға былай деп жауап берді: 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті білім басқармасымен бірлесе отырып сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізді. Соның нәтижесінде облыс бойынша 70-ге жуық педагогтың аттестаттаудан өту үшін тапсырған сертификаттары жалған екендігі анықталды. Бұл бойынша департамент ұсынысымен аудиторлық тексеріс жүргізіп, қазіргі таңда 100 миллионға жуық теңге бюджеттен қаржы төлегендігі анықталып отыр. Олардың барлығына нақты уақыт берілді. Сол уақыттың аралығында мұғалімдер бюджетке барлық қаржыны қайтаратын болады. Бұл жерде әр мұғалім қаржыны өз қалтасынан өтейді. Жалпы облысымызда бүгінге дейін мұндай дерек тіркелмеген. 

Ақтөбе облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің берген деректеріне сүйенсек, әлгі жалған сертификатпен үстемақы алған мұғалімдер Ақтөбе қаласындағы 51, 39, 71, 46, 12, 76, 30, 38, 47, 67, 22, 11, 42, 59, 68, 36, 64, 18 орта мектептерде жұмыс істейді. Сондай-ақ мұндай заң бұзушылыққа барған педагогтер қатарында Қобда, Темір, Әйтеке би, Ырғыз, Шалқар, Хромтау, Ойыл, Алға аудандарының ұстаздары да бар. Сонымен қатар мемлекеттен заңсыз үстемақы алғандардың арасында 6 колледждің де мұғалімдері бар екендігі анықталып отыр. 
Жоғарыда аталған мектептердің ішінде аудандар арасында заң бұзушылыққа барған мұғалімдердің саны жағынан «алдыңғы орында» тұрған Қобда ауданында бұрын мұндай жағдай тіркелмеген. 

Біз қазір бұл жағдайға қатысты мұғалімдермен сөйлесіп, түсініктемелерін алдық. Олардың арасында «қателікке жол бердік» деп, өкініп, жасағанын мойындағандары да, «Жоқ, мен олай жасаған жоқпын. Өз күшіммен өттім» дегендері де бар. Сол себепті біз жағдайды анықтап жатырмыз. Негізінен, мойындаған мұғалімдер ақшасын қайтарды. Бұл оқиғаны естіп, өзіміз де әрі-сәрі күйдеміз. Мойындаған әріптестерімізді көріп, бар нәрсені бар деу керек. Мұндай жағдайдың болғаны рас, — дейді Қобда аудандық білім бөлімінің басшысы Нұрлыбай Айжарықов. 

Айта кету керек, аталған Қобда ауданында 13 педагог жалған сертификатпен үстемеақы алған. Олардың қатарында пән мұғалімдері де, мектеп-балабақша ұстаздары да бар. 

Өзгелердің жаңалығы