Ақтөбе облысы. BAQ.KZ тілшісі. Мемлекеттік қызметшілер күніне орай Ақтөбе облысында мемлекеттік қызметшілер сайысқа түсіп, бақтарын сынады.
Тіл мәртебесін көтеру, өңірдің тарихын зерделеу мақсатында ұйымдастырылған облыстық интеллектуалдық байқауда ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе бойынша департаментінің бас маманы Мақсат Абекенов бас жүлдені жеңіп алды. Жеңімпазға велосипед сыйға тартылды.
«Талап, еңбек, терең ой» тақырыбында өткен байқауды Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті және Ақтөбе облысының тілдерді дамыту басқармасы бірлесіп өткізді.
Сайысқа облыстық басқармалар мен департаменттерден, сондай-ақ 12 ауданның әкімдігінен барлығы 25 қызметші қатысты. Олар үш кезеңде Ақтөбе облысындағы киелі жерлер мен ескерткіштердің орналасқан аумағы, олардың тарихы туралы білгендерімен бөлісіп, орыс тіліндегі сөздердің қазақша аудармасын тауып жарысты.
Бүгінгі мемлекеттік қызметшілер арасындағы өткен сайыс өте мағыналы болды деп есептеймін. Абай атамыздың айтып кеткен өсиеті талап, еңбек, терең ой — әрбір мемлекеттік қызметшінің бойында болу қажет қасиеттер. Ол бүгінгі Президентіміздің қойып отырған талабымен де сәйкес келеді. Осыған ұқсас шараларды ұйымдастыру мемлекеттік қызметшілерді жан-жақты дамытуға, отансүйгіштікке тәрбиелеуге өз септігін тигізеді, — дейді Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Гүлмира Бисекешова.
Ал Ақтөбе облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Медет Ысқақовтың айтуынша, мұндай сайыстар мемлекеттік қызметшілердің білім деңгейін көтеріп қана қоймай, олардың туған жердің тарихы, ондағы тарихи жерлер туралы кең мағлұмат алуына зор септігін тигізеді.
Байқауға 25 адам қатысқанымен, олардың ішінде жоғары ұпаймен үш мемлекеттік қызметші алға суырып шықты. Бұл азаматтардың барлығы — жас та болса тәжірибелі мемлекеттік қызметшілер. Қатысушылардың барлығына Алғыс хаттармен марапатталды. Бұл шараның маңызы — қызметшілерді жарыстыру емес, оларды жан-жақты білім алуға, мемлекеттік тіл мәртебесін көтеруге үндеу, өзгелерге үлгі ету, — дейді ол.
Айта кету керек, бүгінде Ақтөбе облысында 4 мыңғы жуық мемлекеттік қызметші бар. Олардың 56,5 пайызы — әйелдер.