Ақтөбе облысында мектеп оқушылары оқулықсыз білім алып жатыр

21 Қыркүйек 2023, 20:18
1260
Бөлісу:
Ақтөбе облысында мектеп оқушылары оқулықсыз білім алып жатыр
Фото: автордан

Ақтөбе қаласында жаңа оқу жылында ашылған «Smart Bilim» мектеп-гимназиясында 1415 бала оқулықсыз білім алып жатыр, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Батыс-2 шағын ауданының тұрғыны Жанаргүл Жақсылықованың баласы биыл осы мектепке 1-сыныпқа қабылданған. Қазір қазақ сыныбында оқиды. Алайда 1 қыркүйектен бері мектепті жаңа аттаған бүлдіршіндерге барлық пәннен оқулықтар берілмеген. Оқушылардың дені бір-бірінен сұрап оқуға мәжбүр.

 Ең қызығы, 1-сыныптың орыс тілінде оқитын оқушыларының бірқатарына оқулықтар үлестірілген. Ал біздің баламыз кітапсыз отыр. 1-сыныпта сапалы білім алу бұл кез келген бала үшін де, ата-ана үшін де өте маңызды. Себебі бала әу бастан сауатты оқып, жазуды үйрену керек. Сондай-ақ бұл мектепте 1-сыныптың оқушыларына ыстық тамақ берілмейді. Қазір баламыз 5 сағат бойы сабақта отырады. Мемлекет тарапынан балаларымызға жеке меншік мектепте тегін оқуға мүмкіндік жасалса, неге балаларды ыстық тамақпен қамтуға назар аударылмайды? Біз соны түсінбей отырмыз. Облыста бұл мақсатқа қаржы бөлінгенін естідік. Біз бұл жөнінде сынып жетекшілерінен сұрағанбыз, алайда мектепте ата-аналармен әлі жиналыс өткен жоқ. Алдағы уақытта жиналыс өтсе, біз осы проблеманы көтергіміз келіп отыр, — дейді ол.

Ал екі баласын осы мектепке берген Жайна Мағзұмованың айтуынша, балаларға осы бастан барынша жағдай жасалса дұрыс болар еді. Себебі қазір күн суық, балалардың қарны ашады, тоңады. Ал оқулық мәселесі жуық арада шешілмесе оқушыларға қиын.

 Үлкен ұлым 6-сыныпта оқиды. Оған әлі күнге дейін ағылшын тілі оқулығы берілмеген. Әркімнен сұрап, оқып жүр. Ал 2-сыныпта оқитын ұлыма ыстық тамақ берілсе екен дейміз. Себебі басқа мектептерде барлық бастауыш сыныптың оқушылары ыстық тамақпен қамтылған, ешқандай проблема жоқ, — дейді ата-ана.

Биыл Ақтөбе облысында 1-4 сыныптардың 72,8 мыңнан астам оқушысын тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етуге бюджеттен 2,6 млрд теңге қаржы бөлінді. Сондай-ақ жалпыға міндетті оқыту қоры есебінен халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын отбасылардан шыққан 15 мыңнан астам баланы тегін тамақпен қамтуға мүмкіндік жасалды. Бұл туралы облыс әкімі жаңа оқу жылының алдында хабарлап, тиісті органдарға тапсырма берген болатын. Алайда әкімнің бұл тапсырмасы жаңадан ашылған мектепте орындалмай отыр.

Біз бұл сауалды осы мектептің басшылығына қойған едік.«Smart Bilim» мектеп-гимназиясы директорының әдістемелік жөніндегі орынбасары Орынгүл Сатаева былай деп жауап берді:

Біздің мектеп негізінде жеке меншік мектеп, яғни оқушылар ақылы түрде білім алады. Дегенмен мемлекеттік тапсырыс аясында биылғы оқу жылында оқушылардың бір бөлігі тегін білім алып жатыр. Жеке меншік мектеп болған соң, биыл бізге мемлекеттен 1-4 сынып оқушыларын ыстық тамақпен қамтуға қаржы бөлінген жоқ. Біз тиісті органдарға ұсынысымызды жеткіздік. Алайда әзірге бұл мәселе шешілмей отыр. Ал оқулық мәселесіне келсек, қазір біз қаладағы басқа мектептерден кітаптар алдырып жатырмыз. Бүгіннің өзінде қала мектептерінен 700 оқулық әкелінді. Сондай-ақ «Алматы» баспаханасымен келісімге отырдық. Алдағы уақытта оқулықтар келеді.

Сатаеваның айтуынша, бүгінде «Smart Bilim» мектеп-гимназиясында екі ауысымда 3618 бала білім алуда. Мұнда Батыс-2 шағын ауданындағы үш ауысымда оқитын екі мектептен жүздеген оқушы ауысып келген. Қазір бұл білім ордасында бірнеше мектептің баласын қамтып отырған соң осындай мәселе туындап отыр.

Алдағы уақытта мектебімізге оқулықтар әкелінеді. Бұл бағытта қазір жұмыс істеп жатырмыз. Ата-аналарға да мұны түсіндіріп айтамыз. Қазір біздің мектебіміз екі ауысымда 7 мың балаға білім бере алады, — дейді директордың орынбасары.

Білгеніміздей, бұл мектепте қазір 1-4 сыныптың арасында ақылы сыныптар бар екен. Ақылы оқитын оқушыларға үш мезгіл тамақ беріледі, мамандар екі үйірме өткізеді және келесі күнгі сабақтарға дайындық жүргізіледі.

Ақтөбе облысында мектеп оқушылары оқулықсыз білім алып жатыр

Ақтөбе облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Ләззат Ордабаеваның айтуынша, аталған оқу орны жеке меншік болған соң биыл жаңа оқу жылында көп мәселеге назар аударылмаған болса керек, қазір басқарма бұл проблемаларды қолға алып жатқан көрінеді.

Биыл облыстық бюджеттен өңірдегі барлық оқушыларды оқулықпен қамтуға жалпы сомасы 1 миллиард 900 миллион теңге қаражат бөлінді. Қазір облыстағы мемлекеттік мектептердің 1-11 сынып оқушылары толығымен оқулықтармен қамтылған. Ал «Smart Bilim» мектеп-гимназиясы жекеменшік болған соң әрі тез арада ашылған соң осындай мәселе туындап отыр. Олай дейтініміз, бұл мектеп желтоқсан айында ашылуы керек еді, алайда ата-аналардың ұсынысымен қыркүйекте пайдалануға берілді. Қазіргі таңда бұл мектепте 2200 бала толық оқулықпен қамтылса, 1415 бала кітапсыз отыр. Біз бұл мәселе бойынша баспанаға тапсырыс беріп жатырмыз. Егер ата-аналар бір ай күткісі келмесе өздері сатып алуына болады. Болмаса оқулық қолымызға тисе, үлестіріп береміз, — деген Ләззат Ордабаева келер жылы мектептерде мұндай мәселе болмайтынына сендірді.

Бүгінге дейін Батыс-2 шағын ауданында үш ауысымда оқитын екі мектеп жұмыс жасап келді. Бірі — М.Дулатов атындағы №63 орта мектеп болса, екіншісі — Ұ.Құлымбетов атындағы №64 орта мектеп.

Жаңа оқу жылында екі білім ордасының оқушылары «Smart Bilim» жекеменшік мектебіне ауыстырылды. Қазіргі таңда №64 орта мектепте 1500 бала үш ауысымда оқып жатыр. Бұған дейін бұл мектепте 1800 бала білім алған. Олардың 300-і жекеменшік оқу орнына ауысты. Алайда бұл мектепте әлі де бала саны көп, олардың кең жерде, қолайлы білім алуына жағдай жасалмаған.

 Мектебіміз 600 орындық, яғни екі ауысымда 1200 оқушы ғана оқи алады. Бұрын 1800 бала болса жаңа мектепке 300 бала ауысты. Біз басқармаға ұсыныс айттық. Алдағы жылдары бұл мәселе «Жайлы мектеп» жобасы аясында мектеп салынған соң ғана шешілмек. Егер жаңа мектеп құрылысы келер жылы аяқталса, біздің оқушыларымыздың бірқатары сол жаққа ауыстырылады, — дейді Ұ.Құлымбетов атындағы №64 орта мектептің директоры Әліби Латып.

Ал екінші білім ордасы М.Дулатов атындағы №63 орта мектеп биыл тамыз айында екі ауысымға көшкен. Қазір мұнда 1073 бала білім алып жатыр. Негізі оқу орны 1030 балаға арналған. Жаңа мектепке бұл жерден 465 бала ауысып кетіпті.

Біз облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Артур Әуезовпен тілдесіп, облыстағы үш ауысымды және апатты мектептер мәселесі қашан шешілетінін сұрадық:

Бүгінде Ақтөбе облысында үш ауысымда оқитын 4 мектеп, апатты жағдайда тұрған бес мектеп бар. Ақтөбе қаласындағы №60, №64, №78 және Шалқар ауданындағы орта мектепте қазір оқушылар үш ауысымда оқып жатыр. Ал апатты мектептердің қатарында Әйтеке би ауданының Жүргенов ауылындағы 1962 жылы салынған мектеп, Қобда ауданындағы Терісаққан орта мектебі (1967 жылы салынған), Ақтөбе қаласы Қызылжар ауылындағы 2007 жылы салынған мектеп, Шалқар ауданындағы Бозой орта мектебі (1997 жылы салынған), Темір ауданы Шұбарқұдық ауылындағы 1938 жылы салынған Ж.Кереев атындағы орта мектеп бар. Алдағы жылдары осылардың ішінде Темір, Шалқар аудандарында «Жайлы мектеп» жобасы бойынша жаңа мектептер салынады, — дейді ол.

Оның айтуынша, 2023-2025 жылдары Ақтөбе облысында 24 мың оқушыға арналған 44 жаңа мектеп салу жоспарлануда. Биыл оның ішінде 22-сі салынып жатыр. Егер бұл білім ордалары уақытында пайдалануға берілсе, өңірде 2025 жылы үш ауысымды, апатты мектептер мәселесі толығымен шешіледі.

Қазір өңірімізде жыл артып бала саны көбейіп жатыр, сондықтан мұндай проблемалар туындауда. Жоғарыда атап өткен Ақтөбе қаласындағы Батыс-2 шағын ауданында алдағы екі жылда «Жайлы мектеп» жобасы аясында 4 мың орындық екі мектеп салынады. 2025 жылға дейін қос оқу орны пайдалануға беріледі. Қазір мұнда сондай-ақ 6 жекеменшік мектеп бар. Сонымен қатар Ақтөбе қаласындағы Есет батыр ауданында үш ауысымда оқып жатқан №60 және №78 орта мектеп бар. Қазір бұл ауданда да жаңа мектеп салу жоспарда бар. Жалпы Ақтөбе қаласында үш ауысымда оқып жатқан оқушының саны 7771 болса, облыс бойынша 8791 оқушы үш ауысымда білім алуда. Біз алдағы екі жылда осы мәселені толығымен шешу үшін жұмыстанатын боламыз, — дейді Артур Әуезов.

Айта кету керек, басқарма басшысының орынбасары айтқан апатты мектептердің бірі Терісаққан орта мектебінің құрылысы 2021 жылы басталған болатын. Алайда құрылысты жүргізген мердігер ұйым «Ерқанат Сервис» ЖШС өз міндетін орындамаған. Бүгінге дейін аталған мектеп құрылысы аяқталмай тұр. Қазір басқарма жаңа мердігер ұйымды анықтау үшін конкурс жариялап, сметалық құжаттарын дайындап жатыр. Егер апатты мектептердің мәселесі алдағы уақытта осылай «қолға алынатын» болса, онда бұл мәселе екі жыл ішінде толығымен шешіле қоятынына күмән бар..

Өзгелердің жаңалығы