Ақтөбе облысында мектеп директорлары мен педагогтердің үстінен іс қозғалды

23 Маусым 2023, 16:12
1018
Бөлісу:
Ақтөбе облысында мектеп директорлары мен педагогтердің үстінен іс қозғалды
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ - архив

Ақтөбе облысында білім беретін оқу орындарының 7 пайызы мемлекеттік аттестаттаудан өтпеген, педагогтердің үстінен әкімшілік іс қозғалған, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі. 

Ақтөбе облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Гүлнар Сәрсенғалиеваның айтуынша, былтыр өңірде 124, ал биыл 83 білім беру мекемесіне мемлекеттік аттестаттау өткізілген. Осы оқу орындарының 7 пайызға жуығы бақылау шаралары кезінде аттестаттаудан өтпеген. Ал қайта аттестаттау кезінде екі білім беру ұйымында тағы да кемшіліктер анықталып, екінші рет аттестатталмаған.

Аталған мектептерге алдағы уақытта профилактикалық бақылау жұмыстары жүргізілетін болады, - деді департамент басшысы. 

Оның айтуынша, өткен жылдан бері департаментке ата-аналардан 200-ден астам арыз-шағым келіп түскен. Осы шағымдар негізінде мектептерге жоспардан тыс 40-қа жуық тексеріс жасалған. Нәтижесінде мектеп басшылары мен жауапты мамандардың үстінен 39 әкімшілік іс қозғалған. Сондай-ақ 4 ата-анаға балаларын оқуға жібермегені үшін ескерту берілген. 

Былтыр облыс бойынша департамент мамандары мектептерде анықталған бұзушылықтарды жою мақсатында жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, жұмыс істелді. Соның нәтижесінде 29 мектептің материалдық базасы жаңартылды, бірқатарында химия, информатика, биология, физика, география, сондай-ақ мектепке дейінгі сыныптардың кабинеттері жабдықталды, - дейді Сәрсенғалиева.

Бүгінде облыстағы бірқатар білім беру ұйымдарында «Педагог мәртебесі туралы» заңның нормалары бұзылғандығы анықталып отыр. Мәселен, бір мектепте педагогтен заңсыз ақпарат талап етілсе, бір оқу орнында мұғалімдерді кәсіптік міндеттерімен байланысты емес жұмысқа тартқан. Осы мәселелерге байланысты қос мектептің директорына әкімшілік жаза қолданылған. 

Өткен жылы облыстағы екі мектепте ұстаздар лицензияға қосымшасыз білім беру қызметімен айналысқан. Осы іске қатысты материал сотта қаралып, жауаптыларға айыппұл салынды. Сонымен қатар бір арнаулы оқу орнына мемлекеттік үлгідегі кәсіптік даярлау куәліктерін заңсыз бергені үшін айыппұл салынып, колледждің лицензиясы 4 айға дейін тоқтатылды, - дейді департамент басшысы. 

Айта кету керек, биыл облыста аталған департаменттің жүргізген тексерулері нәтижесінде 70 педагогтің үстінен іс қозғалып, олардың жалған сертификатпен заңсыз түрде үстемақы алғандығы белгілі болды. Қазір бұл мұғалімдерге тәртіптік шара қолдану және үстемеақыларын мемлекетке қайтару жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Өзгелердің жаңалығы