Ақтөбе облысында көптен күткен медициналық пункт ашылды

17 Шілде 2024, 23:50
464
Бөлісу:
Ақтөбе облысында көптен күткен медициналық пункт ашылды
Фото: gov.kz

"Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасы аясында Ақтөбе облысы Тасөткел ауылында медициналық пункт ашылды, деп хабарлайды BAQ.KZ Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.

Жаңа нысан тәулігіне 30 адам қабылдауға қауқарлы. Мұнда ауыл тұрғындары профилактикалық скрининг, иммундаудан өтіп, анализдер тапсыруға, сондай-ақ күндізгі стационарда дәрігерге қаралуға болады. Созылмалы аурулары бар науқастарға тегін дәрі-дәрмек беру пункті бар.

Қазіргі заманғы медициналық пункт препараттарды сақтауға арналған тоңазытқыштармен жабдықталған, анализ түтікшелерін тасымалдауға, жедел жәрдем көрсетуге арналған арнайы бокстармен қамтылған.

Хромтау ауданы Тасөткел ауылында 420 адам тұрады. Гипертония, қант диабетімен ауыратын науқастар, бала кезінен мүмкіндігі шектеулі жандар бар.

Айта кетейік, бұған дейін медпункт ауылдық әкімдік ғимаратында орналасқан еді және ауыл тұрғындары бұл типтік ғимаратты 30 жылға жуық күтті.

2024 жылы Ақтөбе облысында "Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасы аясында 21 медициналық нысан пайдалануға беріледі.

Өзгелердің жаңалығы