Соңғы жылдары Ақтөбе облысында әйелдер кәсіпкерлігі қарқынды түрде дамып келеді, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Биыл осы орайда облыс орталығында «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы жанынан әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы ашылды.
Ресми статистикаға сүйенсек, қазіргі таңда облыста жұмыс істеп тұрған компанияларды басқаратын әйелдердің үлесі 51,1 пайызға жеткен. Ал өңірдегі жалпы кәсіпкерлердің арасындағы әйелдердің үлесі — 56,5%.
Ақтөбе облысында көшбасшы әйелдердің ең көбі білім беру (70,4%) саласында еңбек етеді. Сондай-ақ қызметтің басқа түрлеріндегі әйелдердің үлесі — 61,4%, сауда саласында — 61,1%, жылжымайтын мүлік саласында — 60,4, өңдеу өнеркәсібінде — 59,6%, тұрмыстық қызмет және қоғамдық тамақтандыру қызметінде — 57,6%, денсаулық сақтау саласында — 55,2%, ал кәсіби және ғылыми қызметтегі әйел адамдардың үлесі — 53,2%.
Ақтөбе облысына әйелдер кәсіпкерлігін дамыту мақсатында биыл 15 наурызда облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы жанынан Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы ашылды. Бұл жоба «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы арасында жасалған келісім аясында жүзеге асырылды.
Бұл жобаны іске асыру үшін былтыр наурыз айында ҚР Ұлттық экономика министрлігі, Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы арасында әйелдер кәсіпкерлігін дамыту саласындағы әріптестік және ынтымақтастық туралы үшжақты келісімге қол қойылды. Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы бұл — әйелдерге қаржылық емес қолдау көрсету алаңы, мұнда олар жұмыс істеп тұрған бизнестің экономикалық белсенділігін арттыру үшін ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерді ынталандыру бойынша қызметтер кешенін ала алады, сондай-ақ оқыту бағдарламалары мен іс-шараларға қатыса алады, — дейді Ақтөбе облысы «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Дана Бекбауова.
Оның айтуынша, биыл орталық ашылған сәттен бастап Ақтөбе облысында 424 әйел кеңес алып, мұнда мыңнан астам қызмет көрсетілген. Нәтижесінде әйелдерді оқыту, қаржыландыру қажеттілігі бойынша проблемалар анықталған.
Орталық базасында тәлімгерлік кездесу циклдары жүргізілді. Соның арқасында жеке кәсіп ашқысы келетін әйелдерге белгілі кәсіпкерлер кеңес беріп, тәлімгер ретінде бекітілді. Мұнда қазір ай сайын жеке кәсіп ашу, өнімді өткізу нарығын кеңейту, өнім ассортиментін көбейту, бизнес-процестерді жетілдіру сияқты бастамалар бойынша семинар-тренингтер өткізіледі. Бүгінге дейін мұндай оқыту курстарынан 260-тан астам әйел өтті. Жалпы орталықтан қолдау көрген кәсіпкер әйелдердің 70 пайызы (295 адам) Ақтөбе қаласында тұрса, 30 пайызы (129 адам) — ауыл тұрғындары. Ал әлеуметтік мәртебесі бойынша олардың үлесіне келсек, бізге көп жағдайда көп балалы аналар келеді. Олардың үлесі — 22 пайыз, NEET санатындағы жастардың үлесі – 2 пайыз, аз қамтылған отбасылардың үлесі – 2 пайыз, еңбекке қабілетті мүгедектер үлесі – 3 пайыз, сондай-ақ басқа да санаттағылардың үлесі — 71 пайыз. Жас санаттары бойынша орталықтың қызметіне жүгінгендердің санына келсек, облыстағы жасы 30-дан 49 жасқа дейінгі әйелдердің саны – 290 (68 пайыз) және жастар саны – 80 немесе 19 пайыз, 50-57 жас аралығындағылар саны – 40 (10 пайыз), 57 жас және одан жоғарылар саны – 14 (3 пайыз). Жалпы қалай десек те, қазір кәсіп ашуға ниетті әйелдер саны артып келеді, — дейді Дана Бекбауова.
Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы ай сайын әйелдерге түрлі курстар өткізеді. Мәселен, биыл шілде айында осы орталықта ұйымдастырылған нан өнімдері және кондитерлік тағамдар әзірлеу шеберлік кластарына 40-қа жуық әйел қатысқан. Ал қыркүйек айында тігін тігу ісі бойынша өткен оқу курсына 20 әйел қатысып, арнайы сертификатқа ие болыпты.
Былтыр өңірде шағын бизнесті қолдауға арналған 106 жобаға жалпы сомасы 603,2 млн теңгеге несие берілген. Оның ішінде 275 млн теңгесі кәсіпкер әйелдерге тиесілі. Бұл жалпы қаржы көлемінің 45,7 пайызын құрайды. Орташа чек мөлшері — 6,7 млн теңге.
Бұл көрсеткіш Ақтөбе облысындағы әйелдер кәсіпкерлігінің барынша дамып келе жатқанын көрсетеді.
Облыста өз кәсібін ашып, бүгінде өзі сияқты әйел-аналарды бизнеске үйретіп жүрген жандардың бірі — Қарғаш Қойшыбаева. Ол бірнеше жыл бұрын «Бастау Бизнес» жобасы арқылы өзінің тігін цехын ашыпты. Осы цехында ұлттық киімдер мен қыз жасауын тігетін ол бүгінде отбасын, оқу мен бизнесті қатар ұштастырып отыр. Пысық, жан-жақты көп балалы ана бағдарлама аясында 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде грант ұтып алып, цех жұмысын дөңгелеткен.
Қазір цехымда төрт адамды жұмыспен қамтып отырмын. Қыз жасауы деген қазір «трендтегі» дүние ғой. Сондықтан тұрғындардан түсетін тапсырыс көп. Біздің цехтың бұйымдары барша ақтөбеліктерге танымал. Сондай-ақ мен кәсіппен ғана емес, тәлімгерлікпен де айналысамын. Өзім сияқты көп балалы, аз қамтылған отбасынан шыққан әйелдерге, қыздарға тігін тігудің қыр-сырын үйретемін. Мысалы, қазір менің қарамағымда жұмыс жасап жүргендердің бәрі — осындай тігін курсынан өткен әйелдер. Сондықтан мен оларды қашан да қолдауға әзірмін, — дейді ол.