Ақтөбе облысында туристік орындар жетерлік. Алайда жарнаманың аздығынан, сондай-ақ жайлы сервистің жоғыдан бұл сала кенжелеп тұр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгінде Қарғалы ауданындағы Қасқыр сарқырамасы мен Байғанин ауданындағы Ақтолағай, Ақбота-Сәңкібай шоқысы, Аққұм секілді киелі әрі әдемі жерлерді аралап, тамашалағысы келетіндер көп. Дегенмен бұл жерлерге бару үшін арнайы туристік маршруттар, басқа да қызмет түрлері қарастырылмаған.
Облыстық кәсіпкерлік басқармасы туризм бөлімінің басшысы Әуез Арызғұловтың айтуынша, бүгінде өңірде 18 туристік бағыт жұмыс істейді. Оның ішінде экотуризм, мәдени-тарихи, киелі жерлер, емдеу-сауықтыру орындары, т.б. бар.
Бүгінде облысымызда экологиялық туризм жақсы дамып келеді. Мәселен, өңірдегі ең танымал бағыттар – Қасқыр сарқырамасы, Қарғалы су қоймасы, Аққұм құмдары, Ақтолағай бор таулары, Мәртөк ауданындағы Аққайың орманы мен «Зәру» панто-шипажайы. Былтыр ТМД елдерінен облыстың осындай көрікті жерлерін көруге 24 мың адам келді. Ал ішкі туристер саны 162 мыңға жетіп отыр, - дейді Әуез Арызғұлов.
Оның айтуынша, биыл облыста туризм саласын дамыту мақсатында бірқатар іс-шараларды іске асыру жоспарлануда. Атап айтсақ, жаз айларында балалар мен жасөспірімдерге туған елді зерделеу, өңірдің ұлттық, тарихи-мәдени және табиғи құндылықтарымен таныстыру мақсатында жанды сабақтар өткізілсе, «Visit Aktobe» туристік ақпараттық орталығы Ақтөбе қаласы мен аудандарда өңір қонақтары үшін тегін турлар ұйымдастырады.
Бұдан бөлек, биыл Мемлекет басшысы жариялаған «Қытайдағы қазақстандық туризм жылы» аясында жергілікті туристік бизнес өкілдерін тарта отырып, туристік көрме өткізу жоспарланып отыр, - дейді бөлім басшысы.