Ақтөбе облысында 8 мың түлек мектеп бітіріп, 11 білім ордасы ашылады

17 Мамыр 2022, 19:30
3288
Бөлісу:
Ақтөбе облысында 8 мың түлек мектеп бітіріп, 11 білім ордасы ашылады

Ақтөбе облысы. BAQ.KZ тілшісі. Биыл Ақтөбе облысында 8044 түлек мектеп бітіреді. Жыл аяғына дейін жаңа 11 мектеп пайдалануға беріледі. 

2021-2022 оқу жылының соңғы қоңырау салтанаты 25 мамырда, ал түлектерге аттестат беру рәсімі 16-17 маусым күндері өтеді. Мектеп бітіру кештерін өткізу үшін ақша жинауға, мектеп әкімшілігі мен педагогтарға сыйлық сыйлауға, кешті мейрамханаларда тойлауға рұқсат етілмейді.

Облыстық білім басқармасының басшысы Жолдас Батырханның айтуынша, биылғы оқу жылында мектеп бітіру кештерін өткізу үшін ата-аналардан қаржы жинауға, түлектердің қымбат көйлек алуына, коттедждер жалдауына, ұстаздарға сыйлық жасауына жол берілмейді. Бұл жөнінде облыстағы барлық ата-аналар мен мұғалімдерге ескерту жасалған.

Біз әрбір педагогке сыйлық қабылдауға болмайтындығы жөнінде ескерттік. Мұғалім мемлекеттен жасаған жұмысы мен міндеті үшін еңбекақы алып отыр. Дегенмен бізге қазірдің өзінде бірқатар ата-аналар мейрамхана жалдап, мерекелік кеш ұйымдастырғалы жатқандығы жөнінде ақпарат келіп жатыр. Біз мұны орынсыз шығын деп санаймыз. Сондықтан қазір мектеп басшылығына ескерту жасадық. Жалпы өз басым мұндай дүниелерді қолдамаймын. Қазіргі балалар тоқшылықта өмір сүріп жатыр. Сондықтан ысырапшылдық дегенді түсінбейді. Мысалы, мен мектепті 1994 жылы бітірдім. Сол жылы әкемнің ескі костюмін қысқартып кигенмін. Қазіргі балалар ондайды көрген жоқ. Сондықтан ата-аналар балаларына түсіндіруі керек. Артық сән-салтанат, ақша шашу — бұл дарақылық, ысырапшылдық, — дейді басқарма басшысы.

Оның айтуынша, бүгінде Ақтөбе облысында жалпы саны 168 мың оқушыны қамтитын 423 мектеп бар. Оның 87-сі — Ақтөбе қаласында. Онда 100 мыңға жуық оқушы білім алуда. Биыл облыс орталығында екі мектеп салынып жатыр. Оның бірі Батыс-2 ауданында орналасқан. Жаңа білім ордасын жеке кәсіпкер өз қаржысына салып жатыр. Жеке меншік мектепте бір ауысымда 2500 бала оқитын болады. Мектеп келер жылдың 1 қыркүйегінде пайдалануға беріледі. Ал екіншісі — Батыс-3 ауданында құрылысы жүргізіліп жатқан 1000 орындық мектеп. Сондай-ақ биыл осы ауданда 1200 орындық мемлекеттік мектептің құрылысы басталады. 

2022 жылдың аяғына дейін облыста 11 мектеп пайдалануға беріледі. Келер жылы тағы бес мектеп балаларға есігін айқара ашады. Ұзақ мерзімді жоспарға келсек, 2025 жылға дейін Ақтөбе облысында 30 мың балаға арналған 54 мектеп салынады, — дейді ол.

Бүгінде Ақтөбе облысындағы өзекті мәселелердің бірі — үш ауысымды мектептер

проблемасы. Қазіргі таңда өңірде үш ауысымды бес мектеп бар. Оның үшеуі облыс орталығында, ал екеуі Мұғалжар және Шалқар аудандарында орналасқан. 

Биыл Шалқар және Мұғалжар аудандарында екі мектептің құрылысы басталады. Ал қаладағы №60 орта мектептің жанынан 600 орындық қосымша ғимарат салынады. Келесі оқу жылында бұл ғимарат қолданысқа беріледі. Сондай-ақ Ақтөбе қаласындағы №78 орта мектептің мәселесін шешу үшін Қызылжар ауылында 1200 орындық мектептің құрылысын бастаймыз. Қазір құжаттар дайындалып жатыр. Сонымен қатар апаттық жағдайдағы 4 мектептің құрылысы да алдағы уақытта шешілмек. Атап айтсақ, Мұғалжар ауданындағы Құмжарған және Қобда ауданындағы Терісаққан орта мектебінің құрылысы қазір жүріп жатыр. Биыл Әйтеке би ауданында 370 орындық мектептің құрылысы басталды. Келер оқу жылында пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Ал қаланың іргесіндегі Қызылжар ауылындағы биыл апаттық жағдайдағы мектеп деп танылған білім ордасының оқушылары қазір Есет батыр тұрғын алабында салынып жатқан 900 орындық мектепке көшіріледі, — дейді Жолдас Батырхан.

Сөз арасында біз басқарма басшысынан балалардың және педагогтардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды да сұрадық.

Қоғамдық орындарда өтетін концерттерге мұғалімдерден көрермен жинақтау, газет-журналдарға мәжбүрлеп жаздыру, сенбіліктерге шығару мәселесі бұл өткен кезеңнің стереотипі деп санаймын. Себебі «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданды, сол Заңға сәйкес педагогтардың міндеті — балаға білім мен тәрбие беру. Мұғалім сонымен ғана шұғылдануы керек. Егер басқа шараларға ұстаздарды мәжбүрлеп қатыстырса, ол үшін әкімшілік жаза көзделген. Жалпы бұл жерде мәселенің екі ұшы бар. Егер мұғалім білім ордасының айналасын тазартса, балаларды еңбекке баулыса, оларға үлгі көрсетсе, бұл тәрбиеге жатады. Сондықтан бұл мәселені барынша жан-жақты қарастырған дұрыс. Ал баланың құқығын қорғауға келсек, биыл облыста әр мектептің қабырғасында психологиялық көмек беретін арнайы колл-орталықтар ашылды. Егер бала зәбір көрсе, ешкімге айта алмайтын мұңы болса, олар кәсіби психологтардың көмегіне жүгінуіне болады. Осы мақсатта биыл облыстық білім басқармасы жанынан психологиялық қолдау кабинеті ашылды. Оның да өз колл-орталығы бар. Жалпы қазіргі таңда облыс бойынша мектептерде 552 психолог маман жұмыс істейді. Өңірде психолог мамандармен қамтуда мәселе жоқ, — дейді басқарма басшысы.

Өзгелердің жаңалығы