Ақтөбе облысында 343 жол оқиғасы тіркелді

16 Қыркүйек 2022, 19:57
1349
Бөлісу:
Ақтөбе облысында 343 жол оқиғасы тіркелді

Биыл Ақтөбе облысында 8 ай ішінде 340-тан астам жол оқиғасы тіркелген, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Ақтөбе облыстық полиция департаменті жол-патрульдік қызметі басқармасының бастығы Ардана Саймағамбетовтің айтуынша, 8 айда болған 343 жол-көлік оқиғасы салдарынан 63 адам қаза тауып, 464 жолаушы түрлі жарақат алған.

Бұл деректерді өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырсақ, биыл жол апатының саны 4 пайызға, қаза болғандар саны 6 пайызға, жараланғандар саны 3,7 пайызға азайып отыр. Ал кәмелетке толмағандардың қатысуымен болған жол-көлік оқиғасы орта есеппен 3 пайызға төмендеген, -дейді басқарма бастығы.

Оның айтуынша, биыл мас күйінде көлік жүргізген жүргізушілердің кінәсінен өңірде 11 жол оқиғасы болған, соның салдарынан 12 адам зардап шеккен. Ал жаяу жүргіншілердің қатысуымен 103 жол оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 7 адам көз жұмған, 100-ден астам адам дене жарақатын алған. 

Ақтөбе облыстық полиция департаментінің бастамасымен биыл жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өңірде жедел- профилактикалық іс-шаралар өткізіліп жатыр. Мәселен, жыл басынан бері полиция қызметкерлері 87 мыңнан астам жол қозғалысы ережесін бұзу дерегін анықтап, 8 мыңнан астам жаяу жүргіншіні әкімшілік жауапкершілікке тартты, көлікті мас күйінде басқарған 1048 жүргізушіні ұстады. Соның нәтижесінде сот 2250 жүргізушіні көлік құралын басқару құқығынан айырды, ал 1190 адамды әкімшілік қамауға алды,- дейді Ардана Саймағамбетов.

Айта кету керек, өткен айда ғана департамент мамандары “Қауіпсіз жол айлығы” акциясын ұйымдастырды. Нәтижесінде жүздеген жүргізушіге ескерту беріліп, заң бұзғандар жазаланды. Мұндай шаралар әлі де жалғасын табады.

Өзгелердің жаңалығы