Ақтөбе облысында 20-дан астам нысанның құрылысы тоқтап тұр

27 Қазан 2022, 19:33
797
Бөлісу:
Ақтөбе облысында 20-дан астам нысанның құрылысы тоқтап тұр

Ақтөбе облысында 500-ден астам адам үй алуға ақшасын салып, баспанасыз қалды, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Ақтөбе қаласында бүгінде 11 көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы тоқтап тұр. Бұл тұрғын үйлерге 540 үлескер жалпы құны 3,5 млрд теңге қаржы салған. Арада қаншама ай өтсе де, аталған нысандардың құрылыс жұмыстары әлі күнге дейін аяқталмай отыр.

Осындай қиын жағдайға тап болған азаматтарға көмектесу үшін менің тапсырмаммен облыста “Құрылыс кооперативтердің проблемалық мәселелерін шешу жөніндегі жол картасы» бекітілді. Қазіргі таңда 11 нысанды аяқтау үшін инвесторлар жұмылдырылып жатыр. Келесі жылы жоспарға сәйкес тұрғын үйлердің құрылысы толық аяқталуы керек,-деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов облыс әкімдігінде болған жиында.

Оның айтуынша, бүгінде Ақтөбе қаласында бұл тұрғын үйлерден бөлек құрылыс мерзімі ұзаққа созылған 12 “сақалды” құрылыс нысаны бар. Бұл мақсатта да биыл өңірде арнайы жол картасы әзірленген.

Бүгінде жұмыстар жол картасына сәйкес жүзеге асырылып жатыр. Биыл 3 нысанның құрылысы аяқталады. Ал бір нысанда құрылыс жұмыстары қайта басталды. Құрылысты аяқтаудың жоспарланған мерзімі - 2024 жылдың екінші тоқсаны. Сондай-ақ екі нысан құрылыстағы кемшіліктерге байланысты бұзылады, – деді Лұқпанұлы.

Облыс әкімі бұған дейін құрылыс компанияларының басшыларымен жеке-жеке кездесіп, нысандарды тезірек аяқтап, пайдалануға беруді тапсырған болатын. Осындай қабылданған шаралардың нәтижесінде биыл 6 нысанда құрылыс жұмыстары қайта жанданады.

Ақтөбе облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысы Н.Алдияровтың айтуынша, биыл жыл соңына дейін Ақтөбеде көп қабатты 30-дан астам тұрғын үй пайдалануға беріледі. 

Өзгелердің жаңалығы