Ақтөбе облысында 10138 адам эвакуацияланды

8 Сәуір 2024, 13:42
386
Бөлісу:
Ақтөбе облысында  10138 адам эвакуацияланды
Фото: ОКҚ

Бұл туралы Орталық коммуникациялар алаңында өткен брифинг барысында Ақтөбе облысы ТЖД ТЖ жою басқармасы бас маманы Нұрбек Оралбаев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Су тасқыны жағдайына байланысты Ақтөбе қаласында және облыстың 6 ауданында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар жарияланған еді.

21 наурыздан бастап еріген қар суын сору жұмыстары жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде барлығы 1 364 352 м3 су сорылды, 157 278 дана қапшықтар төселді және 297 113 тонна инертті су тасымалданды, - деді Нұрбек Оралбаев.

Оның айтуынша, барлығы 1061 тұрғын үйді су басқан.

Су басқан өңірде 10138 адам эвакуацияланды, оның ішінде 4077 бала. Уақытша орналастыру пункттерінде – 1636, оның ішінде 689 бала, туыстарында - 5919, оның ішінде 2172 бала бар. Сонымен қатар 10663 үй жануары эвакуацияланды, - деді спикер.

Су басқан аймақтардағы тұрғындарға психологиялық көмек те көрсетіліп жатыр.

Тартылған күштер мен құралдардың саны - 1364 адам, 247 бірлік техника, 10 жүзу, 22 су сору құралдары. Психологиялық көмектің жедел желісі ашылды. Оған 230 қоңырау түсті. Оның ішінде ақпараттық сипаттағы 206, психологиялық көмек – 24. Ойыл кентінің тұрғындары мен техникасының понтондық өткелін ұйымдастыру үшін Ақтөбе облысына инженерлік әскерлер келді. 6 сәуірден бастап понтондық өткел арқылы 427 адам және 400 кг азық-түлік жөнелтілді, - деді Нұрбек Оралбаев.

Оның айтуынша, Ақтөбе қаласында сағат 2:40-тан бастап Қарғалы су қоймасында еріген су ағыны ұлғайған.

Қарғалы өзенінде су деңгейінің көтерілуіне байланысты «Ақжар», «Жилянка», «Солнечный», «Садовое», «Эко» бау-бақша ұжымдарын су басу қаупі туындады. Халықты хабардар ету және оны эвакуациялау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр, - деді спикер.

Өзгелердің жаңалығы