Ақтөбе облысынан қола дәуірінің құнды заттары табылды

21 Тамыз 2020, 03:23
3404
Бөлісу:
Ақтөбе облысынан қола дәуірінің құнды заттары табылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Зерттеу жұмыстары бұл қыш құмыралар, білезіктер, қол орақ пен өзге де еңбек етуге қажетті құрал-саймандар біздің заманымызға дейін 2 мың жыл бұрын қолданыста болғанын дәлелдеп отыр, деп хабарлады "Хабар 24" телеарнасы.

Барлығы да Ырғыз ауданының Шеңбертал ауылы маңындағы екі зираттан табылған. Ол орынды былтыр жергілікті тұрғындар мен өлкетанушылар байқап, тиісті ұйымдарға хабар берген еді. Қазір онда кең көлемді археологиялық қазба жұмыстары жүріп жатыр. Зерттеушілер тарихи орынның ежелгі андронов мәдениеті кезеңіне жататынын дәлелдеді.

Зираттың бірі таспен қоршалса, енді бірі құммен жабылған. Бірақ, желмен ұшып, топырағы ашыла бастапты. Содан болар, кейбір жәдігер қолды болған деген де күдік бар. Бүгінде қорымның нақты аумағы анықталып жатыр. Ғалымдар жерленген адамдардың сүйектеріне қатысты антропологиялық зерттеу жүргізбек.

Алғашқы ескерткіш Алакөл деп аталатын жер маңынан табылғаннан кейін "Алакөл мәдениетінің тайпалары" деп айтамыз. Бұл – орта қола ғасыры. Яғни, осыдан 1,5-2 мың жыл бұрыңғы ескерткіштер. Құмыралардың сынғаны бар, соны қалпына келтіру жұмыстары жүреді. Сосын ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп, ол ғылыми мақалаларға арқау болады. Сол қандай құралдар екені анықталғаннан кейін музей қорына тапсырылады, - дейді облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мейрам Дүйсенғали.

Өзгелердің жаңалығы