Ақтөбе облысы ішкі нарықты құс етімен 100% қамтуға ынталы

17 Қаңтар 2023, 12:37
984
Бөлісу:
Ақтөбе облысы ішкі нарықты құс етімен 100% қамтуға ынталы
Фото: azattyq-ruhy.kz

Ақтөбе облысы жыл сайын құс етінің 90%-дан астамын шетелден және еліміздің басқа өңірлерінен сатып алып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ақтөбе облысы әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, ішкі өндіріс көрсеткіші бар болғаны – 5,4%. Аталған мәселе «Ауыл аманаты» ауқымды жобасы арқылы шешіледі деген жоспар бар. 

Өңірде импортты төмендету, азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында бірқатар түбегейлі шаралар қабылдануда. Атап айтқанда, ішкі нарықты құс етімен қамту кезең-кезеңімен 100%-ға дейін жеткізіледі.  Бұл туралы Ақтөбеде «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошановтың қатысуымен өткен ауыл халқының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру мәселелеріне арналған жиында белгілі болды. 

24 ауылдық округте басталған жоба аясында құны 3 млрд теңгені құрайтын  2 772 жобаны іске асыру жоспарланған. Олардың 2182-сі – құс шаруашылығын  дамытуды көздейді. Құс өсірумен айналысатын ауыл тұрғындары жеңілдетілген қарыз алып қана қоймай, шаруасын дөңгелетудің барлық қыр-сырын үйренеді. 

Алдын ала болжамдарға сүйенсек, 2023 жылы құс етінің көлемі өңірдің ішкі нарық қажеттілігінің 31%-ын, 2024 жылы 64%-ын жабады, ал 2025 жылы көрсеткіш 100%-ға дейін ұлғаяды. Осылайша облыс импортты толығымен жергілікті тауарларға алмастырады. 

Біз импортты қысқарту және ішкі нарықты өз өндірісінің тауарларымен толтыру, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін «Ауыл аманаты» жобасын пайдаланатын боламыз. Ең бастысы бұл жоба бағаны тұрақтандыруға мүмкіндік береді. Жобаға қатысушыларды өсімдік, мал, құс, балық, дәстүрлі емес шаруашылықтар және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бойынша мамандар оқытады, - деп атап өтті Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов.

Өзгелердің жаңалығы